Еліміздің болашағын бірігіп ойлайық!..

 

Жылжып өтіп бара жатқан жыл. Егемендігімізге биыл отыз жыл. Сәтін салса тойлана жатар. Мына бір қиындық һәм пандемиядан арылып, жалпы халық болып шығатын болсақ, тойланар. Тәуелсіздік жайлы көлемді дүниелер, тартымды әңгімелер, аға буынның аузынан шыққан  ләмі дұрыс, дәмі татымды әңгімелер айтыла жатар.

Иә, алда сайлау. Өз басым сайлау еліміздің экономикалық процесінің одан әрі дамуына күш береді деген нық сенімдемін. Сөз сауғыш, айтқыш, көкейінен жақсы сөзі, жарым лепес болып шыққан атам қазақтың аузынан қалған мынадай бір аталы сөзі бар екен «туы бірдің-түбі бір, жолы бірдің-жүгі бір». Расында да ұлт пен ұлыстың баласы қосылып, бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың қай-қайсысын алып қарасақ та, мақсаты бір, бағыты бір. Болашағына нық сеніммен қараған арманы бір. Мақсат орындалар. Бағыты түзу, арманы асқақ болса, аға буын өкілі салып берген соқпақты әрі қарай сабақтастыратын жаңа буын, жаңаша сипаттағы ұрпақ өсіп-өнер. Бұның барлығы әрине,өзімізге һәм сіз бен бізге байланысты!

Алда сайлау — 10 қаңтар күні. Жан-жақтан бақылаушылар келіп, демократиялық тұрғыда дамып келе жатқан зайырлы елдің болашағын бірге қалыптастырып, заңдылықтарын ретке келтіруші аудандық мәслихат, облыстық және парламентке депутаттар сайланбақшы. Болашақ — жастардың қолында. Биылғы үміткерлердің дені — жастар! Яғни оқыған, тоқыған, шетелден білім алған, ысылған, тәжірибе жинаған, тәуелсіздіктің құрдастары және егемендіктің елең-алаң кезеңінде дүниеге келіп, сол кездің қиыншылығы мен қызығын бастан кешіріп, балалық кезеңдерін өткергендер. Жайлы үйде, жұмсақ көлікте көкесінің көлеңкесімен бойы ұзарғандар емес. Біз бен сіз сияқты қарапайым халықтың арасынан суырылып шыққан жастар кандитат болып тіркеліп жатыр. Праймеризде өз бақтарын ортаға салып, сайлауалды бағдарламалары арқылы болашақтың іргесін қалыптастыруға, одан әрі дамытуға құлшынып, білек сыбанып, іске кіріскелі отырған отыздан асқандар.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылып, жалпыхалықтық қолдауға ие болған «Nur Otan» партиясының бет-бедері басқа партияларға қарағанда нақты іс пен нақты жауапкершілікті сезініп, қандай  реформа құрса да соны алға жетелеп, көпшіліктің ойынан шығып отырған партия екендігін сіз жақсы білесіз. Ел іргесін қалауға, оны одан әрі қалыптастыруға барынша күш-қайратын жұмсаған Елбасының тәуелсіздіктің таңы атып, билік тізгінін қолға алғаннан бері атқарып жатқан жұмысы да оң нәтиже беріп жатқандығынан хабардарсыздар. Атам қазақтың «аруағы қолдап жүргеннің, төрі берік болады» дейтін тәмсілі бар. Рас, аз жылдың ішінде саяси сахнада жаһанға өзінің танымалдылығымен, саяси көзқарасының жүйріктігімен көзге түскен Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жасап берген еңбегі зор. Шекарымызды бекітті. Конституциямызды жасады. Ел ішіне татулықтың, бірліктің бастаушысы болды. Ұлт пен ұлысты ұйыта білді. Әйтпесе, көрші елдерде не болып жатқанын БАҚ таратқан мәліметтерге қарасаңыз көзіңіз атыздай болып, «Алла елімді сақта!» деуден басқа айтарымыз жоқ.

Елдің тізгінін ұстау, оны әрі қарай дамытып жетілдіру, реформа жасау, болашақтың іргесін жаңғырту үшін саналы түрде үлкен ақыл-ой мен табандылық, жігерлі күш-қайрат керек. Жуырда ескі сюжетке көзім түсті. Таулы Қарабахта болған екі мемлекеттің жер дауына егемендігін енді жариялап жатқан Қазақстанның Президенті Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевты шақырып, ортақ бітімге төреші бол деп отырған президенттерді көрдім. Жаңа-жаңа аяғын тәй-тәй басып, азаттыққа қолын жеткізіп отырған елдің басшысы екі елдің арасындағы қанды қақтығыстың тоқтауына, ортақ диалогқа келіп, бір бәтуамен татуласуына себепкер болды. Бейбіт халықтың текке қырылып, қаңғырған оқ, ұшқан снарядтан мерт болып жатқан бала-шағаны көрсетіп жатқан сюжетке қарап отырып, осы күнге мың да бір шүкір дедім. Елбасымыздың арқасы, соғыс көрмедік. Көрсетпесін де!

Елбасымыз төреші болып, екі елдің басшыларын татуластыру жолында үш күн жүрді. Міне ерлік. Табандылық. Қайрат-күш! Шын дос, сөзге берік, ерге серік деген аталы сөз, тағылымды тәмсіл осындайда еске түседі. Бас қаламыз Нұр-Сұлтанды Сарыарқаның төрінен ойып тұрып тұрғызып,  еліміздің ортасынан бас шаһарды салуға себепші болған Елбасы бұрын-соңды болмаған архетиктуралық жаңа үлгіде жаңа қала тұрғызды. Орнатты. Құрылысы қарқынды жүрді. Зауыт-фабрикасы жабылып, ауыл-аймағының тынысы тарылып жатқан кезеңде бұл шаһардың құрылысы біраз азаматтың күн көруіне себеп болды. Бұрын қазақ қыр-қырда қой жайып, одан қала берсе, ауылшаруашылық саласында еңбек етсе, құрылыстың не екенін азаматтарымыз үйреніп, жаңаша сипатта үй салуды меңгерді. Сөйтіп, жаңа қала орнады. Бастаманы бастаған Елбасы Н.Ә. Назарбаев.

«Ер айтса-ел айтқаны, елдің қамын жеп айтқаны» дейді дана халқымыз. Саясат сахнасынан ойып тұрып орын алған, тәуелсіздіктің елең-алаң, әрі-сәрі тұсында тығырыққа тіреліп тұрған он миллион қазақтың мүддесі үшін көз ілмей еңбек еткен Елбасының бастамасымен құрылған «Nur Otan» партиясының қолдауымен талай игілікті істер, сүбелі есте қаларлық халыққа тиімді бағдарламалар жүзеге асып келе жатыр. Әрине, ел болған соң ел ішінде кейде шешілмей жатқан мәселелер болса аталмыш партияға барып, әділдік пен ақиқатқа қол жеткізіп жүрген қаншама адамдар бар. Жұмыссыздықты жою. Білім саласын жақсарту. Медицинаға байланысты  елдің қалыптасуына одан әрі өрлеп, жетістік шыңына жетуіне қанша тың бағдарламалар құрылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Ауылшаруашылық саласы да қарқынды дамып, өсіп келе жатқандығы Елбасымыздың басты назарында екендігін көпшіліктің есіне салып қойғанымыз жөн болар. Түрлі бағдарламалардың қабылдануы арқылы ауылдарымыз да көркейіп, гүлденіп сапалы ауыз су, 100 мектеп, 100 аурухана жобасы арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында нақты істер жүзеге асып, халық игілігін көріп отыр.

Өзім «Nur Otan» партиясының өкілі ретінде алда келе жатқан сайлауда дауысымды партиядан үміткер болып отырған азаматтарға беріп, еліміздің дамуына аз да болса үлес қосып, атқарушы партияға нық сенім артамын. «Ері даңқты болса, елі антты болар» демекші, елдің дамуына себепкер болып, мықты мемлекет құруға себепші болған қазақ еліне еңбегін сіңірген «Nur Otan» партиясының атынан кандитат болып тіркеліп жатқан үміткерлерге дауысымды беремін.

Еркін таңдау өзіңізде. Дейтұрғанмен әрқайсымыз өткенді саралап, болашақты бағалап, жеткен жетістігімізді жіпке тізіп, ой сарабынан өткізіп, егемендігімізді одан әрі дамытуға аға буын бастап, орта буын қостап, келер ұрпақтың қамын бірге ойлайық. «Ерді ел мүддесі өсіреді» -деген. Еліміздің өсіп-өркендеуіне бірігіп күш салысайық. Ат үстінен ұйқы көрмей ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен азаттық аңсап өткен бабаларымыздың рухы риза болсын десек: Тұрақтылықты, Татулықты, Бірлікті сақтауға себепкер болып отырған партияның алдағы уақытта мақсаты айқын, қадамы нық.

Таңдау сізде, ағайын! Еліміздің болашағын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге ойлайық, ағайын!

Жеңіс ОСПАНОВ

 Ақмола облысы, Бурабай ауданының «Nur Otan» партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *