Қаңтарда өткен қарбалас

Біздің ортақ миссиямыз — Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жанжақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатынымыз анық.

 Қ. Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті

 Елдің дамуы оның әрі қарай бәсекелестікке қабілетті болып атқарушы күштік құрылымның дұрыстап жасақталғаны абзал. Әрине, отыз жылда экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілеттілікті арттырып, уақыт талабына сай жаһандық жандануға күш салып, ішкі және сыртқы саясатты тұрақты ұстап, мақсаты халықтың әлеуметтік әл-қуатын арттыру жолында еңбек етіп жатқан қазіргі біздің елдің болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Қаңтардың басы қарбаласпен басталды. Енді-енді жаңа жылды аяқтап, демалыстан кейін басталған сайлау оң нәтиже берді. Әлгі сарыжағал, бүлкіл бүлік бастағыштардың дегені орындалмады. Халық білді. Көз тарасы, көңіл қазы. Көрдік. Сайлау әділ өтті. Ешқандай бұрмалаушылық пәленше партияға жасырын дауыс беру деген былшыл әңгіменің бұл жерде болмағанына көзім жеткен соң айтып отырмын.

Қазақ, қазақ болып қалыптасқалы ықылым уақыттан бастап талай құқайды көрді. Анасы бір, мынасы бір жағамызға жармасып, төбемізден қиқулап, желкемізден төніп дігірледі ғой. Осыдан 35 жыл бұрын төбемізден төніп Мәскеу тұрды. Айтқаны заң, талабы зор. Жасаған ие жар болып, талай жылдан бері арғы-бергі ғасырдан бергі тұста егемендікті аңсап, елім деп еңіреген мыңдаған, миллиондаған қазақтың көз жасы көл болып аһілеп таңы атып, уһілеп күні батты. Әйтеуір батыл, батыр, көсем, шешендігінің арқасында жұмыр жер бетінен жойылып кетпей, ұрпағын сабақтастырып осы күнге жетті. Тәубә! Еркіндік дегеніміз — бұл бүгінгі сіз бен бізге құдайдың берген айрықша сыйы! Еңбегін сауып, ер атанып, ел болып отырған қазақтың басына алағай мен бұлағай заман тудыруды мансұқ етіп, ойлаған арманы тәж бен тақтан басқасы жоқ, кейбір сырттан отырып, көсеуі ұзынның қолы күймейдіге басып отырғандар халықтың қамын қайтсын? Күйресе де, құрдымға кетсе де бәрібір. Шетте жүріп ұлтандық қылып, өз еліне деген өшпенділігін арттырып, жұртты көшеге шақырып, бүйректен сирақ шығарып жатқандардың дегені әріде жатыр. Есті халықпыз ғой. Аталы сөзге тоқтап, баталы сөзбен көсегесін көгерткен. Сол күні һәм 10 қаңтар күні әншейінде қаңтардың қақаған аязы бетті шімшіп, ұйқы-тұйқы бораны соғып тұрған ауа-райы бірден кілт өзгерді. Ауа температурасы 10 градус. Сол күні таңғы бесте тұрып тысқа көз салдым. Дүние аппақ. Жаратқан иенің жарлығы аз ғана қазақтың бағы таймасын, тілегі дұрыс, қадамы оң болсын дегендей табиғат ана елжіреп, ерекше бір күйде тұр екен. Ыңылдаған жел, ыңырсыған дауыл жоқ. Кәрі Көкшенің құз басы аппақ қар жамылып, бұйығы күйде жатыр. Қарағайы басым тұстары бұлдырап, бұлыңғыр күйде тұр екен. Тамсана қарадым. Ауа тынық. Дүние бейрақат күйде. Таңғы сағат бес. Көшеде әрі-бері жүрген машиналар, сайлаудың қарбаласы ғой. Тіпті кейбір үйлердің жарығы жарқырап тұр.

Бап пен бақ сынға түсіп, додаға таласатын кезең. Әрине, көпұлтты елміз. Саяси партияларды бөліп-жару жоқ. Қазақстандық әрбір азамат сайлауға түсіп, тең құқылы халық қалаулысы бола алады. Осы жолы бес бірдей партияның өкілдері бақтарын ортаға салды. Халық көбіне өзі таңдаған партияға дауыс бергендігі де жасырын емес. Белсенділік басым болды. Көненің көзі ғой, жасы тоқсанға жақындап қалған әжені көрдім. Осы қаланың тұрғыны екен. Сайлау дегеніміз бұрын кәдімгідей той болатын. Халықтың барлығы қатысып, белсенділік танытатын. Осы сайлауда да лек-легімен халық келіп жатыр. Бастысы заман тыныш, ел бай-қуатты. Соғыс жоқ. Одан басқа қандай бақыт керек? Немере-шөберенің бақытын тілеп, осылай жүргеннің өзі ғажап, ғанибет емес пе дейді әжеміз.

Сайлау санитарлық талапқа сай өтті. Арнайы медбике тағайындалып, әр сайлаушының температурасын тексеріп, мұқият қарап қадағалап отырса, сайлау комиссиясының мүшелері әрбір сайлаушының аты-жөнін толық тексеріп, қолдарына бюллетень табыстады. Сайлау комиссиясы да санитарлық талапты қатаң сақтағанын еске салғымыз келеді. Саяси партиялар арасында болған сайлауда сайлауалды бағдарламалары халыққа толыққанды таныстырылып, көпшіліктің талқысынан өткендігі баршаңызға жақсы мәлім. Бұл партиялардың ішінде нақты қадам мен өзінің бағытын тек халықтың әл-ауқатын көтеруге бағыттап отырған Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, «Адал» саяси партиясы қатысып, бақтарын ортаға салды.

Еліміздің экономикалық тұрғыдан реттеуші партияның бірі ол-«Nur Otan» партиясы екендігі бәрімізге жақсы мәлім. Тәуелсіздігімізді алып, еңсемізді жазып, өшкенді жандырып, тұғырлы ел, байрақты мемлекет қылып, жер-жаһанға танымал қылуға бір адамдай еңбек еткен Елбасы Н.Ә. Назарбаев төрағалық ететін «Nur Otan» партиясы аталмыш сайлауда бағы жанып, халықтың қолдауымен жеңіске жетті. Иә, бір айта кетерлігі осы жолғы үміткерлердің барлығының денге жуығы жастар. Айтары бар, оқыған-тоқыған, тәжірибе жинаған, өз жұмыстарын білетін азамат пен азаматшалар. Ал енді басқа партияларға келетін болсақ, демократиялық тұрғыдан бұлардың арасында халыққа танымал бірқатар жастар үміткер ретінде праймеризге қатысып, осы жолғы сайлауда бағын сынады. Алты алаштың арғы атасы, түпкі сөздің иесі жарықтық Мөңке бидің мына бір сөзі осындайда ойға оралады «үгітті ұққанға айт, ақылды жұққанға айт» дейді. Тәуелсіздіктің таңы атып, егеменді ел болып, еңсемізді түзеп, жан-жағымызды барлап, көңіл дүрбісін салып отырған елміз. Елдігіміздің бұдан әрі қарай дамуы, жетілуі, жетістікке жету болашақтың қалыпты азамат болып өркендеуі бәрімізге байланысты.

Тарих дейтін үлкен ақ парақтың бетінде алтын әріппен жазылып, тағы да бір ерекше күн өтті, аудандық, облыстық мәслихаттар және Парламент мәжілісіне депутаттарды сайлау күні. Көпшілік өзі таңдаған партияға дауыс беріп, бірауыздан қолдады. Демек, сайлау біреулер айтып жырғап, жырлап, бөтен сөз бен бүлкіл мінез танытатындай болып өткен жоқ. Мәнімен, мағынасымен, сәнімен өтті. Оған біз куәміз. Бастысы берекелі ел болып, бетегеден биік болып табылып, әр қазақтың жұлдызы жоғары болып, еліміз дами берсін. Бұның барлығы болашақ үшін. Қаңтардағы қарбалас күндерден түйгеніміз осы, ағайын!

Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.