Аңсағанымыз азаттық болды

Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура 5 жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары — Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Президенттің үндеуіне орай кешегі Колбиннің жүйесіз саясатына қарсы шыққан аға буынның ерлігін, көзбен көргенін наситтау барысында жаңадан «Желтоқсан желі» атты айдар ашып отырмыз. Сіз егер 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқан, я болмаса көзбен көрген азаматтар жайлы білетін болсаңыз бізбен хабарласып, ел ішінде жүрген беймәлім батырлар жайлы мақалаңызды ұсынуға болады. «Желтоқсан желі» үзбей оқып отырыңыздар.

 Редакция

Мен Сарсенбаева Нұргүл Бектұрсынқызы 1966 жылы 20 қарашада туылғанмын, Щучинск қаласының №7 мектеп-лицейінде бейнелеу өнері мен сызу пәнінің мұғалімі болып жұмыс істегеніме 25 жыл болды. Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңіріп, жастарды егеменді еліміздің әр тасын, белесін, қыратын қадірлеуді бойларына сіңіріп келе жатырмын.

Бұл қалаға 1990 жылы жолдамамен «Боровое агропроект» жобалау институтына жолдамамен келдім. Биылғы жалпы қазақстандықтарға арнаған үндеуінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Алматыда өткен қанды қасап, алаңдағы тәуелсіздік жолына ұмтылған жастардың ерлігін елге насихаттау керек деген бір ауыз сөзін естіп өткенімді жазайын дедім. Әрине, мен батырлық төсбелгі, басқа мансап, атақ, мадаққа ұмтылғым келмейді. Көзбен көргенімді, көңілге түйгенімді жазып жұртпен бөліссем, соның өзі ғанибет емес пе? Тәуелсіздікті аңсаған қазақтың соңғы ханы Кенесарыдан кейін, қазақ жастарының бойына ыза мен кек тудырған Колбиннің елімізге келуі еді. Аллаға шүкір, сол бір елең-алаң, әңгі-тәңкі тұста тірі қалдық. Естілік ретінде өз ойымды ортаға салып, көпшілікпен бөліскенім абзал ма дедім.

1986 жылы мен 20 жаста едім. Желтоқсанның 16-18 күндері Алматыда болған шеруге қатыстым. Мен сол жылы екі ай бұрын ғана «Алматы құрылыс текникумын» тәмамдап, «Алматы Гипрогор» жобалау институтына техник-архитектор мамандығында жұмыс жолымды енді бастаған жас маман едім. Алматы үлкен қала, қарбалас тіршілігі бар. Қым-қуат өмірі қайнаған.

Әрине, жұмыс істеп жүрген орында бірден 16-сы күні осындай жағдай болып жатыр, Қонаевты орнынан алыпты, орнына Колбин деген біреу келіпті деген ақпарат жетті. Сол күні кеште 17-сі күні алаңға шықтық. Ал 17-18-і күні тіпті ол жерде қырғын болғанын тек бізге жұмыстағы қазақ ағайларымыз айтты, қыз балалар бармайсыздар, қырғын болып жатыр. Аямай соққыға жығып, қырып жатыр деп ескертті. Олар біздің жатақханаларымызға келіп жасырын жиналыс жасап, кетерлерінде тағы да арандап қалмаңыздар деп ескерту жасады. Сол кезде біздің қазақтың әр ер азаматы қиын кезеңде ел басқара алатынына сенуге болатын еді. Себебі бойларында ұлтына деген махаббат, сүйіспеншілікті көрдім. Күрсінулері басым. Әбден тотығып жүдеген.

Мен сондағы алаңға жиналған қара құрым жұртты көріп шошып кеттім. Бірінші рет осыншама қазақтың Алматы қаласында бар екендігіне сендім. Қазіргі әнұрамыз шырқалып, ашулы жастар Колбиннің кетуін талап етіп жатты. Бұл дегенім ауылдан келген мен үшін, Алматының көшелерінде қазақтың соншалықты көп екендігін аңғармағаным болды.

Бірақ сонда да 20-25 жастағы жас қазақтарды намысын қолдан бермейтінін мен сол алаңда тұрып сездім. Сол алаңдағы митингке келген қазақ интеллигенциясын алдымызға қойып сөйлеткенін де куәсі болдым. Трибунада тұрып Роза апайдың «Балаларым, құлындарым, үйлеріңе қайтыңдар, бұл сендер шешетін мәселе емес» деген сөздері әлі күнге дейін менің құлағымда. Біз түннің бір уағына дейін болдық, бір қызбаланған жігіттер бізге «сендер кетіңдер» деп айтты. Автобустар мен көптеген қызыл «повязкасы» бар адамдарды түсіріп жатты. Бірақ таңға жуық мен інімнен сол алаңға әскерилерді әкелгенін, барлық жігіттерді қоршап алып соққыға жыққанын естіп шошыдым. Інім де арқасына тиген соққының ізін көрсетіп ауырсынып тұрғынын айтты. Ал ертесінде біздің жұмыстағы қазақ жастарын жиып алып, ешқандай «самодеятельность болмасын»,- деп ескертті. Содан кейінгі үш жылдай өкшелеп қудалау, фотосуреттермен іздестіру жұмыстары жүріп жатты. Бірақ біз сонда да бірнеше рет жиналып, көптеген саясат туралы жиналыстарға жасырын барып жүрдік. Осы желтоқсан күндерінен кейін өмірге деген көзқарасым мүлдем өзгерді деуге болады. Саясатты әр азамат жүргізе алатынына сендік, тек қана Мәскеу неге шешеді деген сұрақтар санамызда пайда болды. Сол кездегі бүкіл республикаға тараған лақап сөздерге «ардагерлерді ұрып — соғыпты», «ішіп алған жастар дүкендерді тонапты» деген сөздерге таң қалдым. Мен сол жерде болып тұрып, өз басым ондай өрескел қылықтарды көрген жоқпын. Қайта елім деген ер азаматтардың бойларындағы асқақ рух, жеріне деген сүйіспеншілікті ғана байқадым.

Желтоқсан оқиғасы — ата-бабамыздың елін, жерін қорғаған көтелістерінің жалғасы және қазіргі замандағы Қазақстанның мәртебесін әлем деңгейіне көтерген жеңісі екендігін айтқым келеді. Менің көзбен көргенім осы. Тарихтың бетінде өзіндік ізімен, қанды жолымен қалған бұл күнді біз естен шығармаймыз. Өйткені, қазақ халқы — кеңқолтық, досқа адал, адалынан ас ішіп, анық жүріп, жол таба білетін халық. Аллаға шүкір, аз жылдың ішінде әлем таныған жетістікке жетіп отырмыз. Егеменді еліміздің таңы нұрлы, батар күні шуақты болсын. Алла пәле-жаладан ұлан-байтақ жерімізді сақтап, ел басшыларына нығмет берсін! Қысқасы ата-бабамыз аңсаған азаттыққа осылай қол жеткіздік.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.