Кеңтармақты жұмыс – тиімділік кепілі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс», деген міндеттер қойды. Бұл бағыттағы жұмыс тиімділігін көрсетіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі жаңғырту жолдарын белгіледі.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жүйелі жүргізілгенде және жемқорлықтың болу себептерін анықтауға ерекше көңіл бөлінгенде ғана жемісті болатындығын өзге де бағдарламалық еңбектерінде үнемі айтып келеді. Бұл орайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі бағыты қоғам мен азаматтарды жұмылдыра отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және онымен күресуге бағытталатыны белгілі. Осыған байланысты біздің аумақтық Департамент сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жасап, жүйелі түрде мониторинг жүргізіп келеді. Былтырғы 2020 жылы өңіріміздегі он ұйымда жан-жақты талдау жұмыстары атқарылып, нормативтік-құқықтық актілер мен ұйымның ұйымдастыру-басқару жұмыстары бойынша 30 ұсыныс енгізілді. Бұдан бөлек, өткен жылы анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 29 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, біздің Департамент 15 сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді және тақырыптық мониторинг жүргізді.

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен Департамент «Сервистік әкімдік» жобасын ойдағыдай іске асыруда. Жоба мемлекеттік қызмет алуға келген азаматтарды кедергісіз және жедел қабылдап, оларға қажетті кеңес беруді көздейді. Бүгінгі күні «Сервистік әкімдік» облыстың 17 ауданы мен 2 қаласында, сондай-ақ облыс орталығына іргелес Краснояр селосында жұмыс істеп тұр. Өңірдің мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарында «Open space» және «фронт-кеңсе» форматында жұмыс істейтін 97 кабинет ашылды. Атап айтсақ, мұндай форматқа Туризм басқармасы, Волонтерлік орталық, сот жүйесі, құқық қорғау органдары көшті. Өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында Қорғаныс істері департаментінде Сервис орталығы, Қылмыстық-атқару жүйесі және Төтенше жағдайлар департаменттерінде фронт-кеңсе ашылды. Олардың жұмысы ашықтық пен айқындық қағидаттарына негізделген. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 700-ден астам басшыларының жұмыс кабинеттері бірінші қабатқа көшірілді. Барлық қалалар мен аудандардың әкімдіктерінде азаматтарды қабылдау үшін әйнек қабырғалы кабинеттер жабдықталған.

Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және оларға заң аясында көмек көрсету мақсатында өткен жылдан бастап «Адал көмек» жобасы іске асырылуда. Осы жоба шеңберінде Департамент әлеуметтік желілерде 1400-ге жуық онлайн кеңес берді. Облыстың аудандары мен қалаларының «Сервистік әкімдік» алаңдарында тікелей эфирлер ұйымдастырылып, аудан, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдердің басшылары түсінік жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдауда. Пандемия жағдайында қоғам өкілдері және азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларына кеңінен тарту мақсатында Департамент «Antikor.live» жобасын қолға алды. Бұл жоба бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы контент онлайн түрде үнемі жарияланып отырады. Осы уақытқа дейін 400-ден астам тікелей эфир шаралары өткізілді.

Департамент автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп баптау сапасын бақылауды қарастыратын «Сапалы жол – Адалдық алаңы» және жолаушылар мен теміржол көлігімен жүк тасымалдау саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған «Адал жол» жобаларын іске асырып келеді. Аталған жобалар аясында бұқарамен байланыс қорытындыларына тұрақты мониторингтер жүргізіліп, анықталған заң бұзушылықтарға қатысты тиісті ұсыныстар енгізіледі. Мәселен, жұмыс тобы өткен жылы Көкшетау, Степногорск қалаларында және аудандарда 29 кездесу өткізіп, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына сараптама жасады. Осының нәтижесінде 75-тен астам заң бұзушылық анықталып, келеңсіздіктердің жойылуын жұмыс тобы өз бақылауына алды.

COVID-19 пандемиясына байланысты туындаған экономикалық мәселелерді шешуде кәсіпкерлікті қолдауға зор мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы мемлекеттік құрылымының қандай да бір кәсіпкерлікке заңсыз араласуы мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде қабылдануы тиіс деп айтты. Осы орайда, облыста «Protecting Business and Investments» бизнес пен инвестицияны қорғау жобасы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Департамент жалпы құны 690 миллиард теңгеден асатын инвестициялық 67 бизнес жоба бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Осы жобалардың 11 процентіне шетел инвесторлары қатысуда. «PBI» жобасы іске асырылғалы бері 19 кәсіпкер мен инвестордың құқықтары қорғалып, қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі шағын және орта бизнеске заңсыз араласудың бірқатар деректерінің алдын алып, қылмыстық-құқықтық шаралар қолданылды.

Мемлекеттік бюджеттің мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылау үшін Департамент сатып алудың бірыңғай терезесі арқылы мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізеді. Соның арқасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезеңінде анықталып, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Мәселен, енгізілген ұсыныстардан кейін мемлекеттік органдар сатып алуды жоспарлаған тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге қойылған жоғары бағаны төмендету жолымен 550-ден астам миллион теңге үнемделді.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша, қоғам белсенділерінің ықпалын арттыру мақсатында, бөлінетін бюджет қаражатын көрсетуге және бақылауға, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын жинауды және өңдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасының әлеуеттік қуатын арттыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні түрлі саладағы ұйымдардың 2800-ден астам бюджеттері құрылымы жарияланды.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы хабарлау да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің аса маңызды шараларының бірі екенін айтқым келеді. Өткен жылы өңірде сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабар берген 9 адам 1,5 миллион теңге көлемінде сыйақы алды.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру мақсатында Департаменттің бастамасымен және облыс пен республикаға танымал тұлғалардың қатысуымен әлеуметтік бейнероликтер ұйымдастырылды. Әр дүйсенбі сайын сағат 17.00-де «Kokshe» телеарнасының эфирінде «Antikor.news» жаңалықтары топтамасы, аптаның жұма күндері мемлекеттік және орыс тілдерінде «Адалдық алаңы» арнайы бағдарламасы көрсетіледі.

Осы ретте, облысымыздағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстар жайлы айта келе, «Ақмола – адалдық алаңы» жобасы жайлы да тоқталып өтсем деймін. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызы зор екенін ескере отырып, жоба жұмысы айрықша бақылауда ұсталуда. Жобаның кестелік қызметінің іске асырылуы облыс әкімінің аппарат кеңестерінде, актив жиналыстарында және сыбайлас жемқорлық мәселелері жөніндегі комиссияларда қаралады.

Департамент жанында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын бағалау және сыртқы талдау бойынша Арнайы мониторингтік топ жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеу жұмыстарының мәдениетін қалыптастыру және адалдық қағидаттарына тәрбиелеу мақсатында 2019 жылы құрылған аумақтық Ақпараттық-ағарту штабы да нәтижелі қызмет атқарғанын атап өткім келеді.

Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділікті қалыптастыру мемлекеттік сектордың ғана емес, барша халқымыздың басты міндеті болып табылады. Сондықтан, іске асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат әрқайсымыз үшін басты қағидатқа айналуы тиіс.

Мұрат ТӨЛЕУБАЕВ, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.