Көктемнің алғашқы мерекесі

«Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді».

 Н. Назарбаев

 Ұлы ырғақты уақыт дейтін көште дамылдау жоқ. Сырғып, сырғанап өтіп бара жатыр. Өткен күннің бәрі тарих пен тағылым. Тәлім түйетін тұсы, өкінішпен өксік басар кем-кетігі толып жатыр. ХХ ғасыр өтті. Патша тақтан құлап, одан кейін алып держава құрғандардың да дәурені арғы-бергі көштің еншісінде қалды. Сталин заманы десе тарих бетінде айғыз-айғыз қандышелек кезең мен кіндік кесіп, кір жуған  атамекенді тастап мәжбүрлі түрде жер аударылған мыңдаған түрлі ұлт өкілдері еске түседі. Ұлан-байтақ қазақ жері тағдырдың тауқыметін арқалап келген түрлі ұлт өкілдеріне барынша көмектесті. Иә, заман ауысты. Күні кеше қандыбалақ кезеңнің барлығы көрген түстей өмір соқпағында қалды. Қонақжай, мейман күткіш, кімді болсын бөтенсімей бауырына тарта білетін дарқан қазақтың осы бір мінезіне шығар, құдіреті күшті Алла тағала егеменді ел қылып, өшкенін жандырып, өткенін еске салып жатқандығы. Кезінде тағдырдың айдауымен құтты жер, үлкен ел, қазақ жерінен мәңгілік мекен тауып, шаңырақ көтеріп ұрпақ өсіріп отырған ұлттар аз емес, соның бірі Магомед Темирханов, ұлты ингуш. Бес баланың әкесі, кәсіпкер. Хабарласып сөйлестік.

  • Отызыншы жылдарды әкем жиі еске алып отыратын. Сталиндік режимнің тұсында кавказдықтарға оңай тимеді. Құйтырқы әрекетке барып біртіндеп туған жер, атамекеннен аластап, вагонға артып, Қазақстанға әкелді. Әрине, ол кезеңді енді қайталатпасын. Азап вагоны ғой, шырылдаған бала, қаусаған қарт, жанары боталаған жас ана, әйтеуір қару асынып орта Азияға қарай бет алған вагон ішінде өлгені өліп, қалғаны жетті. Қазақ халқы өте мейірімді, қонақжай, кісі сыйлағыш халық қой. Әр ауылға бөліп осы жерде күн көресіңдер деп жіберіпті. Өздері заман таршылығымен күн көріп отырса да, қолындағы жарты дәннің жартысын бөліп беріп, үйлеріне кіргізген сіздердің ұлттарыңызға алғысымыздан басқа айтарымыз жоқ. Қынабындағы қылышының өзі қан тілеп отырған сол бір сұрықсыз өлі кезеңді біздің ұрпақ ұмытпайды. Кәсіпкер ретінде, бес баланың әкесі ретінде, көпбалалы отбасыларға көмектесіп тұрамын. Қазақтың сол кездегі көмегінің үштен бір бөлігін де әлі өтеген жоқпын. Үкімет басшыларының жарлығымен 1-наурыз «Алғыс айту» күні деп ресми күнтізбеге еніпті. Дұрыс, бұл күні ғана емес, жалпы бәріміз ұлы жүрек иесі қазақ халқының дарқандығын, қонақжайлығын қашан да құрмет тұтып, «сыйға-сый, сыраға бал» дегенді, әсте естен шығармау керек,-дейді Магомед Юсупович.

Сонау өткен ғасырдың соңында Ре­сейден, Украинадан, басқа да аймақтар­дан, Қазақстанға өздері ойлағандай бос жатқан жерлерден дәмелі көптеген қоныс аударушылардың ағылып келгені белгілі. Бұл лек ешқашан тыйылған емес, алайда ХХ ғасырдың алғашқы он жылында сталиндік реформаны іске асыру барысында шырқау шегіне жетті. Жыл сайынғы көшіп келушілер саны 140 мың адамнан асып жығылып оты­рды. Қоныс аударушылардың бестен бір бөлігі жат елде сіңісіп кете алмай кейін қайтып, қалғандары жайғасып, иеліктеріне шаруашылық алып, осында мәңгіге қоныстанып жатты. Сол кездерде Қазақстанға келгендердің ұзын-ырғасы 1 миллион 200 мың адамнан асады. Сөйтіп, ұжымдастыру кезінде Қазақстанға 250 мың мал-мүлкі алынған бай-құлақ жер аударылған еді. Соғыстың алдыңғы жылдары түрлі республикалардан өнеркәсіп құрылысын жүргізу сылтауымен тағы да 1 миллион 200 мың адам қоныстандырылды.

Нақ сол жылдары республиканың күллі аумағы көбінесе жүйеге қас деген жалған желеумен жіберілетін адамдарды, сондай-ақ қылмыскерлерді айдайтын орынға айналды. Мұнда түрмелердің, лагерьлердің және күштеп қоныстандыруға арналған орындардың тарам-тарам жүйесі жасалды. Қазақстанда қанша қамалғандардың, айдалумен әкеліп қоныстандырылғандардың болға­нында қисап жоқ. Олардың сан мыңы өмір сүрудің қиыншылығына шыдамай дүниеден өтті немесе көпшілігінің көзін жазалау-қудалау аппараты құртты.

Сол кезде Қазақстанға 100 мыңға жуық Қиыр Шығыс кәрістері, 800 мыңдай Еділ бойының немістері, КСРО-ның Ба­тыс аймақтарынан 100 мыңнан аса по­ляк, Кавказдың 500 мыңнан ас­там тұрғыны күштеп қоныстандырылды. Қазақстанға күштеп көшірудің қара да­уылын Қырым татарларының, гректер­дің, қалмақтардың ондаған мың отбасылары, басқа да Кеңес халықтарының өкілдері бастан кешті. Аза бойыңды қаза қылатын сұмдық факты. Осы ұлттың барлығы кеңпейіл, үлкенді сыйлап, жақсыны үлгі қылатын қазақ халқымен қазіргі күні бауырлас, тамырлас ұлт болып ұрпақ өсіріп отыр. 1 наурыз еліміз бойынша «Алғыс күні» һәм бір-біріне деген ризашылықпен пейілмен тату-тәтті, достық қалыбын бұзбай, жарасымды ұлт пен ұлыс болып мәңгілік елдің туы желбіреп, толеранттылықты берік сақтап, мұратымызға бірге жетейік, ағайын!

                                                          Жеңіс Оспанов

 

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.