Қазақ билері туралы не білеміз?

 

Асан Қайғы Сәбитұлы 1361-1470 жылдар аралығында туып ғұмыр кешкен, қазақтың данышпан ақылғөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі, Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша, қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған «дала философы», осындай ойшыл, ел қамын жеп, қайғы-қасірет кешкен Асан атына кейін «қайғы» сөзі қосылып аңыздалып кеткен.

Шежіре-аңыздардың айтуынша Асанның әкесі Сәбит ұзақ жасаған, он сегіз мың ғаламның, құстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел, әулие, атақты саятшы болса керек. Ол баласы Асанды ес білгеннен осындай қасиеттерге баулып өсіреді. Сондай өнегелі, ұлағатты тәрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған халқының қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болу жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, оларға ақыл қосысады, ой-пікір жарастырып, тайталасып ержетеді.

Бозбала кезінен-ақ ол ақындық-жыраулық, шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгереді. Ел дауын, жер дауын, әдет-ғұрып мәселесін шешерде оның ақылдылығы, алғырлығы, кесімді, шешімді билік сөздері өзге би, шешендерден үстем боп шыға береді. Осындай ерен зор талантын байқаған Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхамед оны өзіне ақылғөй бас би етіп, сарайында ұстайды.

Ұлұг Мұхамед бұкіл ноғайлы елін билеген, Алтын Орда ханы, кейін қазақ хандығын құрушы, Қырымға дейін билік жүргізуші, атақты Тоқтамыс ханның немересі еді. Асан жырау сол Ұлұг Мұхамедпен бірге талай-талай мәселелерді басқаруға, шешуге араласады. Ұлұг Мұхамед өлген соң Асан би Дешті Қыпшаққа қайта оралады. 1450 жылдан бастап Әбілхайыр хан қарауында билік құрады. Бұл кезде де Асан би көптеген хандық, билік тартыстардың қайнаған ортасында жүріп, өзінің шешендік, пәлсафалық жыр толғауларымен ел құрметіне бөленеді. Сол тұстағы Жәнібек, Керей хандармен пікірлес, саясат ісіне араласып, олардың ақылгөйі болады. 1456-60 жылдары Шу бойында қазақ ордасы құрылғанда Асан жырау жаңа орданың ұраншы, абызы болады. Жәнібек, Керей хандарды оңтүстік жаққа емес, батысқа – Жайық, Жем бойына қоныстануға үгіттейді.

Алайда ордадан бөлінген рулар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң, ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуы жолында күреседі. Асанқайғы ең алдымен хандық үкіметті күшейту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажет деп санайды.

«Жәнібек ханды уақытша табысқа мастанып кеттің, қазақ халқының болашағын жете ойламайсың деп сөгеді».

Бір кезде Сарайшықта отырған Жәнібек хан Еділ, Жайықты, Жем, Ойылды тастап Түркістанға қарай үдере көшіп, қоныс аударады. Сонда Жәнібектің бұл әрекетін Асан би жақтырмай, Түркістанға қарай қаптап келе жатқан көш алдынан шығып, ондағы игі жақсы жасы үлкен қарияларға би, болыс, байларға бұрылып мынадай ақыл-нақыл айтыпты:

Еділ бол да, Жайық бол,

Ешкімменен ұрыспа.

Жолдасыңа жау тисе,

Жаныңды аяп тұрыспа.

Ердің құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа.

Ақың болса біреуде,

Айыбын тап та ала бер.

Ерегісіп ұрыспа!

Сенікі жөн болса да,

Алтын шықпас дұрысқа.

Өзіңе біреу тимесе,

Кейін қарай жылыста.

Мінезі жаман адамға,

Енді қайтып жуыспа,

Тәуір көрген кісіңмен,

Жалған айтып суыспа.

Өлетұған тай үшін,

Көшетұғын сай үшін,

Желке терің құрысып,

Әркімменен ұрыспа.

Жөнге баспай тырысып,

Орынсыз жерде жем болма.

Ашу-дұшпан, артынан,

Түсіп кетсең қайтесің,

Түбі терең қуысқа!

Асанқайғы жырау халқының болашақ қамы үшін қазақтың кең дала, қаласын шарлап, «Жерұйықты» іздеп оралған екен. Оны көптен бері көрмей, аталық ақыл, өсиетін тыңдай алмай, сағынып аңсап жүрген ел-жұрты сөз иіні келген кезде өздерінің сұрақ, өтініштерін тұс-тұсынан жаудырыпты. Біреулер: «Қалай еткенде елге әділдік орнайды?» дегенде ол:

Әділдіктің белгісі,

Біле тұра бұрмаса.

Ақылдының белгісі,

Өткен істі қумаса.

Жамандардың белгісі,

Жауға қарсы тұрмаса;

Залымдардың белгісі,

Бейбіттің малын ұрласа.

Надандардың белгісі,

Білгеннің тілін алмаса.

Шамаңша шалқып көре бер,

Қабірге әзір қоймаса.

Артында қалар атақ жоқ,

Тіріде даңқың болмаса, — деп термелепті.

 

Енді бірі «Не жетіспейді, не ғаріп?» деп сұрапты. Сонда қарт абыз:

Бұ заманда не ғаріп?

Ақ қалалы боз ғаріп.

Жақсыларға айтпаған,

Асыл шырын сөз ғаріп.

Замандасы болмаса,

Қария болар шын ғаріп.

Қадірін жеңге білмесе,

Бойға жеткен қыз ғаріп.

Ел жағалай қонбаса;

Бетегелі бел ғаріп.

Қаз, үйрегі болмаса,

Айдын шалқар көл ғаріп.

Мүритін тауып алмаса,

Азғын болса пір ғаріп.

Ата жұрты бұқара

Өз қолында болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп.

Ғалымды хатим еткендер,

Мақсатына жеткендер,

Жас кәрілер отырып,

Алдынан сабақ алмаса,

Қарамаса жүзіне,

Ғалым да болса ол ғаріп, —

деп толғаныпты. Асанқайғы жырау осы ойын тағы да әрмен жалғастыра түсіп, айнала төңіректеп отырған бай, болыс, би, төрелерге қарата мына сөзді айтыпты:

Ердің құны сөз емес,

Есебін тапқан сабазға.

Төрден орын тимейді,

Патша болсын малы азға.

Мойнын бұрып сөз айтпас,

Көңілі қалған аразға.

Атадан жауып айтпаңыз.

Алғаным асыл ару деп,

Күн шығарып жатпаңыз.

Атамның малы көп-ті деп,

Атты басқа тартпаңыз.

Есенінде, тіріде

Бір болыңыз бәріңіз.

Ақыретке барғанда,

Хақ қасында тұрғанда,

Қыдырдың өзі болғай жарыңыз.

Асан абыз кідіріп, сәл тыныстай бергенде, Әбілқайыр хан сөз бастап кетеді. Ол өзімен тұстас кейбір хандарды, бектерді, би-батырларды мінеп, өзін олардан зор санағандай сынай танытады. Өз қол астындағы бірқатар бай, шонжарларға, ауыл ақсақалдарына риза еместігін білдіреді. Өзіне де, өз қолы жеткен табыстарында місе тұтпағандай пиғыл танытады. Ханның осындай көзқарас, пікір, ойларын манадан бері көзін жұмып, міз бақпай тыңдап отырған Асан ата, енді басын көтеріп, ханға тіке қарайды да былай деп толғай жөнеледі:

Есті көрсең кем деме,

Бәрі тұйғын табылмас.

Қарындасың жамандап,

Өзіңе туған табылмас.

Адам әзіз айтар деп,

Көңіліңді салмағын.

Нәпсі алдаушы дұшпаның,

Насихатын алмағын.

Бақыты оянған ерлердің,

Әрбір ісі оң болар.

Дәулеті күнге артылып,

Не қылса да мол болар.

Тазылары түлкі алып.

Қаршығасы қаз іліп.

Сөз сөйлесе жөн болар.

Не десе де жарасар.

«Бай», «байсың» деп ат қойып,

Ел аузына қарасар.

Арғымаққа міндім деп,

Артқы топтан адаспа!

Күнінде өзім болдым деп,

Кең пейілге таласпа!

Артық үшін айтысып,

Достарыңмен санаспа!

Ғылымым жұрттан асты деп,

Кеңессіз сөз бастама!

Жеңемін деп біреуді,

Өтірік сөзбен қостама!

Сара жолдан жаңылған.

Ханға зират қазылмас,

Сөгілгелі тұр қабырғаң,

Кеселің бар жазылмас,

Тарқат ханым шеріңді,

Намазыңа асықпа.

Құрыштан берік елімді,

Алауыздықпен жасытпа!

Біреу өсірген қауынды,

Тұрсын босқа жарғалы.

Досыңнан іздеп жауыңды,

Тұрсың жалғыз қалғалы.

Ұмыттың қазақ даласын,

Ұлғайттың жанды жарасын,

Бір атаның баласын,

Екіге бөліп барасың!

Жолын ханым таппасаң,

Бүлінеді барлық жұрт.

Таң боп қайта атпасаң,

Басқалы тұр қара бұлт…

Бұл сөз Асанқайғы бидің көптен бері ханға айтуға реті келмей жүрген іш құса ыза толғауы еді.

Осы бір ащы, уытты сөз өңменіне қадалған оқтай болған Әбілқайыр хан «намаз уақтысы өтіп бара жатыр екен ғой» деп сылтауратып отырған орнынан тұрып, далаға шығып кетеді. Асан ата да, өзге отырған ел басшы игі жақсылар да ханның «намазды» сылтау қылып, сыртқа шыққанын іштерінен сезеді, сезсе де сыр білдірмегенсиді. Ал, көмейіне лықсып келген ойын бүкпесіз, бетке тіке айтатын Асан би сөзін былайша жалғастыра түсіпті дейді:

Көлде жүрген қоңыр қаз,

Қыр қадірін не білсін?

Қырда жүрген дуадақ,

Су қадірін не білсін?

Көшіп-қонып жүрмеген,

Жер қадірін не білсін?

Көшсе қона білмеген,

Қонса көше білмеген,

Ақылына көнбеген,

Жұрт қадірін не білсін?

«…Халқының болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін ұжмақ бар, оның аты – «Жерұйық». Бұл елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел аласы, ру таласы жоқ. Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген, Асанқайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп,төңіректің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады».

Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен», — депті.

Түндікті өзенін көргенде: «Он екі қазылық Ой Түндік, маңырап жатқан қой Түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен», — деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан «Үш қара» атанған екен таудың аты. Қызылтауға келгенде: «Тау-тасы кеш болғанда қой болып ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен», — депті.

Баянауыл тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар, ол тұзы ауыр екен; бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен», — депті.

Сарысуды кешіп өтерде: «Мына шіркіннің екі жағы борбас екен. Баланың іші қуырылмайтын, пышағы қыннан суырылмайтын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын жер екен», — депті.

Қаратауды көргенде: «Көкектен басқа құсы жоқ, көкпектен басқа шөбі жоқ, жер азғыны мұнда екен», — депті.

Ащы бойына келгенде, артына қарап: «А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, Ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен», — депті.

Шідерті өзенін көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Жылқы шідерлеп қойғанда тоқтайтын, жылқының қонысы екен», — депті.

Өлекті өзенін көргенде: «Тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. Аз тұрып: «Өлеңтінің суы – май, Шідертінің шөбі – май», — деп жүре беріпті.

Сілентіден өтіп Жалаңаштың тұсына барғанда: «Аттың төбеліндей Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, онан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің», — депті.

Есіл өзенін көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен», — депті.

Торғай өзенін көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен», — депті.

Терісаққан өзенін көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен», — депті.

Сулы Келес, Құрлы Келес өзендерін көргенде: «Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін қара! Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен».

Екі Келес, бір Талас,

Бал татыған жерін-ай,

Ағайының аралас,

Тату екен елің-ай.

Желмаяға өңгертіп,

Алып кетер едім-ай,

Сыймаған соң алдыма,

Әттең, дүние, дедім-ай! – депті.

Асанқайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: «Ай, Жиделібайсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тып-тыныш мамыражай ел екенсің», — депті.

— Ерейментауына қарап тұрып: «Қыс болса жылқы тұрмас, жылқы тұрса ішінде құлын тұрмас… панасы жоқ сары дала сықылды тау екен» — дейді.

— Қарақойын – Қашырлы деген жерге келгенде «Бауырында бір жұтқын айдаһар бар екен, әйтпесе жылқы үзілмейтін жер екен» — деп ескертеді. Бұл жерде бір үлкен көл бар екен, көлге жазда ыстықтап, қыста ықтап келіп түскен жылқы батып кететін түбі батпақ – құян болса керек».

— Батыста Асанқайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты. Екі баласы: «Маңғыстау малға жайлы қоныс бола алар ма?» — деп сұраған екен. Сонда Асан бабамыз: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас» — деген екен.

— Шыңғырлауды көргенде: «Ай Шыңғырлау жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау сен өсірдің» -деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап қунап кетейік», — депті.

— Жуалының қара топырақты, қыртысы құнарлы жерін көргенде: «жерің семіз, қарың мол, қадіріңді егін салған ел білер» — дейді.

— Шу өзенін көргенде: «Ей, Шу, атынды теріс қойыпты… мынау ну қамысың еліңді жұтқа бермес» — депті.

— Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен», — депті.

Ақмешіт тұсындағы (Қызылорда) жерді көргенде: «Ей, Ақмешіт, жерің шаң екен, суың жар екен. Елің жұтамас, малыңнын көзіне сақ бол» — деп ескертіпті.

Осы күнгі Мерке жеріндегі Аспараны көргенде «Ей Аспара көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер» — деп жүріп кетіпті.

Түркістанның қасында ескі қорған Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен. Сарқырап жатқан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ – түбі тұрақты қала бола қоймас» — деген екен.

Сайрам, Шымкент маңын аралағанда Асан әулие айтыпты:

— Екі бассаң – бір базар

Саудасы қызған жер екен.

Екі бассаң – бір мазар

Молдасы азған ел екен – депті.

Сөйтіп, Асан туралы аңыз «шұрайлы қоныс, нұрлы өлке – Жерұйықты таба алмапты» — дейді. Ол туған жерін аттап кетпейді. Жиделібайсынды бөтен елден іздемейді, қазақ топырағынан іздейді.

«Даланың дара ділмарлары» Нысанбек Төреқұл

 

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *