Пәтердегі жөндеу жұмыстары мен құлаққа жасалатын операциялардың арасында қандай ұқсастық бар?

Пәтерінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп көрген адамның, қабырғаға жасырылған сымдарды абайсызда зақымдап алған кездері болған шығар.

Елестетіп көріңізші, сөрені қабырғаға ілуіңіз керек. Әрине, сөрені бекіту үшін қабырға шеге ілетін тесік жасайсыз. Сіз бұрғылап жатқан кезде, кенеттен жарық сөніп қалды: демек сіз сымды үзіп алдыңыз!

Кез-келген операция кезінде де дәл осындай жағдайлар орын алуы мүмкін, өйткені барлық жерде жасырын нервтер орналасады, олар оңай зақымдалады. Алайда, құлаққа жасалатын операциялар кезінде бұл аса қауіпті, өйткені беттегі нервтердің зақымдануы – операциядан кейінгі жиі кездесетін асқынулардың бірі: әр адамның нервтері әртүрлі жерлерде орналасады, сондықтан нервті алдын-ала болжау және табу қиын.

Өкінішке орай, егер үзілген сымды жалғауға немесе ауыстыруға болатын болса, нервтер зақымдалған кезде, жағдай қиынырақ болады.

«Ортаңғы құлақта тез зақымданатын бет нервтері орналасады. Есту қабілетін жақсартуға арналған операциялар және созылмалы отит кезіндегі операциялар дәл осы ортаңғы құлақта жасалады. Бет нервісінің зақымдануы, сал ауруына әкелуі мүмкін. Бұл дегеніміз, пациенттің бет-әлпеті қисайып кетеді: ол күлуден, көзін жыпылықтатудан және дәм сезуден қалады. Беттің жартысы паралич болып қалады. Бұл өмір сапасына қатты әсер етеді, психологиялық тұрғыдан да қиын», – дейді Президенттік клиниканың дәрігер-оториноларингологы Айнұр Несіпбаева.

Біреулер ойлайтын шығар: «Неге сол нервті тауып алып, операция кезінде оны «айналып» өтпеске?»

Бақытымызға орай, бүгінгі таңда мұндай әдіс табылған және оны «интраоперациялық нейрофизиологиялық бақылау» немесе қысқаша нейромониторинг деп атайды.

Президенттік клиниканың нейрофизиологы Ольга Агееваның айтуынша, қазір нейромониторингсіз ешқандай операция өтпейді, себебі бұл әдіс операция кезінде қауіпті «ауытқуларды» көрсетіп отырады: «Қарапайым сөзбен айтқанда, операция кезінде нейрофизиолог нерв пен бұлшықеттің белсенділігін есептеп, хирургтарға ерекше белгілер пайда болған кезде сигнал беріп тұрады. Сигналдар хирургтардың нервке жақын екенін білдіреді: олар ол тұсты айналып өтіп, басқа, айтарлықтай қауіпсіз тәсілді табуға тырысады».

«Әрине, операция кезінде егер нервті көріп тұрсақ, оны айналып өтеміз. Ал егер өздігімізден таба алмасақ, онда нейромониторингті қолданамыз. Бұл әдіс – детектор сияқты. Ол бізге құдды бір «мина алаңынан өтуге» және нервті зақымдап алмауға мүмкіндік береді», – дейді Айнур Ахметқалиқызы.

Бет нервтерінің параличінен қорқу — қалыпты жағдай екенін есте сақтаған жөн. Алайда, бұл қорқыныш науқасты қажетті ем алудан бас тартқызбауы керек. Құлақпен байланысты аурулар өте қауіпті: олар есту қабілетінің жоғалуына, менингитке, мидың абсцесіне және өлімге әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ, нейромониторинг ЛОР операцияларынан басқа да операцияларда қолданылады: «Мониторингтің бұл әдісі нейрохирургия, жұлын хирургиясы, травматология, жақ-бет және эндокриндік хирургияда қолданылады», – деп толықтырды Ольга Владимировна.

 

Президенттік клиниканың (ҚР ПІБ Медициналық

орталығының ауруханасы) баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *