Бақұл бол, әріптес!..

Көп сөзі жоқ, біртоға адам еді. Аудандық қоғамдық-саяси «Луч» газетінде қызмет атқарды. Осы жерден құрмет демалысына кетті. Көшеде кездесіп қалғанда жылы жүзінен нұры тамған Раушан Асылханқызы күлімсіреп, жылы жымиып, қал-жайымызды сұрайтын. Құдай берген жібектей езілген мінезге бай болатын. Ешкімге «әй!» деген күні жоқ, сол бәз қалпынан айнымай, қашан көрсеңіз  жұмысында шұқшиып газеттің макетіне үңіліп отыратын-ды.

Жауапты хатшының жауапкершілігіне келетін болсақ грамматикалық қатеден бұрын, тасада мүйісте қалып қоятын ұры қатені тауып алып түзету жасау, оны әрі қарай дем салып, жандандырып жіберу деген ұзын-ырғағы бітпейтін шаруаға икемі келген епті кісі болатын.

Иә, ол кезде қазіргідей технологияның қарқын алып, иығы шығып, бөрігі қоқырайып тұрған уақыт емес, түрлі қолжазбалар, хаттар жиі келетін, редакцияның «хат қоржынынан» хат босамайды, біреудің жазып берген дүниесін толықтырып әдемілеп, әсерлеп, дөңгелетіп әкеліп оқырманына жеткізіп отыру жауапты хатшының құзыретінде, бәрі қолмен жазу, өңдеу, түзеу, күзеу, қиямет шаруа. Ашулану деген болмысында болған жоқ, бірдеңеге оқыс мінез көрсету дегенді білмейтін, үлкенге де, кішіге де сіз деген сабырлы қалпынан айнымаған жан еді.

Ұлылардың мекені атанған, қазақтың алыбы Абай, ұлы Абайдың әкесі Құнанбай, Шәкәрім, М. Әуезовтар туған киелі топырақтың қызы болған Раушан Сүлейменова дүниеден өтіп кетті деген қаралы хабарды естігенде, төбемізден найзағай ойнағандай, санамыз сілкініп, мұң жамылып бүгіліп қалдық. Иә, аяулы әріптесіміз орыс тілінде жарық көрген «Луч» газетінің белді қызметкері болған Раушан Асылханқызы Сүлейменова дүниеден өтті. Кіндігінің қаны тамған, ұлысқа, ұлтқа үлгі болатындай ұл мен қыз өсірген киелі Семейде жерленді. Осы Семей қаласында 1957 жылдың 6 маусымда дүниеге келіп, ұлылардың табаны тиген қасиетті көне қалада туып-өсіп, жоғары оқу орнына түсіп орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып білім алып шығады, Көкшетау облысына қоныс аударып ұстаздық мамандығын Щучье ауданы білім бөлімінің әдіскері болып бастайды,  сонан соң мектептерде сабақ беріп, кейін Зеренді ауданындағы мектепте мұғалім болып ұстаздық жолын жалғастырып, директор қызметіне дейін көтеріледі. «Луч» газетінде жиырма жылдан артық елеулі еңбек етіп зейнеткерлікке осы жерден шығады.

Өтіп бара жатқан өмір-ай! Апыр-ай ә, Раушан Асылханқызы дүниеден өтті дегенге әлі сене алмай отырмыз. Ұзақ жылдық сан тараулы тарихы бар «Луч» газетінде сіздің қолтаңбаңыз қалды. Демек «жақсының аты, әлімнің хаты өлмеуі керек». Рухыңыз шат болсын, жарқын бейнеңіз мәңгілік жүрегімізде қалды, иман байлығын тілейміз, еске алып аят оқимыз. Жаныңыз жаннаттық болсын, ардақты әріптес Раушан Асылханқызы!..

 «Бурабай» газетінің ұжымы

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *