Кілең шебер жиналып, істері қызған күн

Тамыры тереңде жатқан қазақ халқының қолөнері енді-енді қолға алынып жанданып келе жатыр, жанданып жатыр деп айтамыз-ау, дейтұрғанмен осы қолөнер саласының қарқынды күш алып, дамуына қаншалықты көңіл бөліп мән беріп отырмыз?

Щучинск қаласындағы «Арман» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы ғимаратында «Менің Отаным-менің Қазақстаным»-деген тақырыптың аясында халық бірлігі мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына арналған сәндік-қолданбалы өнер байқауы өтті.

Ат төбеліндей шаһарымыздан және ауданымыздан келген ылғи он саусағынан өнер тамған ісмер шеберлердің көп екендігіне өз басым қызықтап, таңырқап, таң қалып қарадым. Қазақша ою-өрнекке басымдылық беріп жасаған үстелдер, ағаш  аяқтар, кеселер, құмыра, сәукеле, бөрік, құрақ көрпелер, бәрі көздің жауын алып, баяғы алты қырдың ар жағында қалған дешті қыпшақтың кең даласында бабамыз қолданған ұлттық танымдық керемет дүниелер. Таза моншақтан істелген сәукелеге көпшіліктің көзі түсті. Кәдімгі кезінде ханым, ханшайымдар киген сәукеле, Атамекен ауылынан келген ісмер Алтынай Зикирина есімді мұғалім әңгімеге тартқанымызда: «осы сәукелені жасауға үш ай уақытым кетті» дейді. Былай қарасаңыз кәдімгі сәукеле бас киім, назар салып үңілдік, олақ қолдан шықпағандығын сыртқы пошымы айтып тұр, ғажап үлгіде тігілген тана-моншақтары ақпанның ақ қарындай жылт-жылт етіп көзді жаулайды. Шебердің қолынан шыққан құнды дүниенің бағалы екендігін бір көргеннен-ақ бәрі байқады.

Аталмыш байқауды ұйымдастырған Бурабай ауданының әкімдігі екендігі көпшіліктің есіне сала кеткеніміз абзал болар, аудан әкімінің орынбасары Анар Күзембаева облыстан келген меймандарды қарсы алып, байқауға қатысып жатқандарды таныстырып, байқаудың мақсатымен бөлісті. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» басшысы Ермек Нұғыманов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақмола филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Күләш Рахымжановалар қатысып, пайымды пікірлерімен бөлісті.

Байқауды қорытындылай келе облыстан келген меймандар сөз алып, өңір бойынша қолға алынып жатқан байқаудың маңыздылығына тоқталып, алғышарттарымен таныстырып өтті, тәуелсіздігіміздің отыз жылдығымен жиналғандарды құттықтай келе, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сәндік қолтаңбалы өнер шеберлерінің «Менің Отаным-менің Қазақстаным» облыстық байқауының жүлдегерлері белгіленді. ІІІ-орынды Николай Макаров алса, дәл осындай марапатпен ІІ-орынды Константин Горлукович қанағат тұтты, І-орынды Жанар Құдабаева жеңіп алса, бас жүлде Алтынай Зикиринаның қанжығасына байланды.

Достық пен келісімді насихаттауға, халықтар арасындағы тұтастықты одан сайын нығыздай түсуге қосқан зор үлесі үшін Бурабай ауданы білім бөлімінің әдіскері Гүлсара Бекболатова, №7 мектеп-лицейінің директоры Дамир Сұрағанов, «Арман» БЖШО директоры Айгүл Тұрғожиналар марапатталды. Бурабай ауданының мәслихат хатшысы Малика Нұрпанова сөз алып, байқаудың ауданымызда ерекше реңде өткендігін айтып, қатысушылардың өнеріне тәнті болғанын жеткізіп, облыстан келген меймандардың жұмысына сәттілік тіледі.

 

Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *