Қазақстанда әрбір 20-шы адам вакцина алды

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина тапшылығы болмауы тиіс. Бұл туралы бүгін тікелей эфирде QazCOVID-in вакцинасын алған ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Өздеріңіз де білетіндей, вакцина қай уақытта жеткізілетіндігіне қатысты Қазақстанның әрбір өңірі бойынша нақты кесте бар. Күні кеше ғана Батыс Қазақстанға вакцина жеткізілді және күн сайын, екі күнде бір рет жаңа партиясы жеткізіліп отырады. Сондықтан айтарлықтай тапшылық орын ала қоймауы керек. Ең бастысы, азаматтарымыз вакцинаның қауіпсіз, тиімді екендігіне көз жеткізді. Ол антидене титрін көтеретіндігін көрді және туған-туыстарына өзін, жақындарын қорғау үшін вакцинациядан өтуге кеңес беруде», — деді Алексей Цой вакцинадан кейін «Хабар 24» телеарнасы тілшісіне берген сұхбатында. Оның дерегінше, бүгінде әрбір 20-шы қазақстандық вакцина алды. Яғни, вакцинация қарқыны жақсы өтіп жатыр. «Біздің міндетіміз — мүмкіндік беру. Ал одан кейін азаматтар вакцина алуды өздері таңдап, оқшауланудан шығудың жалғыз жолы сол екендігін түсініп отыр», — деді Денсаулық сақтау министрі. Еске салайық, бүгін, 26 сәуірде халықты коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасымен егу басталды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқылардың бірі болып отандық вакцинамен екпе алды.

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *