Ұстаздың өлшеусіз еңбегі  

 

Ұстаздық — қоғамдағы ең құрметтi де қадiрлi мамандықтардың бiрi. Өйткенi, адами қасиеттердi бойына сiңiрген мұғалім өз шәкiрттерiнiң бойында  бiлiмге деген құштарлықты және Отанына деген сүйiспеншiлiктi оятады. Өмірде  мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Cебебі, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді.  Әл-Фараби: «Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек»,-деген.

Мұғалімнің жұмысы — бұл көптеген жылдар бойы жүріп келе жатқан өте қиын және қажырлы еңбек. Өйткені, олар оқу барысында мектепте алдындағы шәкірттеріне   табиғат пен ғаламның заңдылықтарын түсіндіреді, төзімді және еңбекқор болуға, шынайы мейірімділік пен дос болуға үйретеді және баланың бойындағы жасырын мүмкіндіктері мен таланттарын дамытудың барлық жолдарын ойластырады. Сонымен қатар білім сапасы – мұғалімдер қызметінің басты көрсеткіші. Оқушыларға нені үйрету керек екенін мемлекеттік стандарттар, бағдарламалар белгілейді. Ал, «қалай оқыту керек?» деген сауалға жауапты тек мұғалімнің кәсіби даярлығынан, өз ісін жоспарлай білуінен, өзінің нақты мақсаттарын болжап, көре алуынан, баланың әрекетін ұйымдастыра білетін шеберлігінен іздеу керек.

Бәрімізге мәлім өткен жылдың 16-наурызынан бастап Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты білім беру саласында үлкен өзгерістер орын алды. Осыған орай, дәстүрлі білім беру жүйесінен  жаңа форматта жұмыс жасауға көшу қажеттілігі туындады. Барша ұстаздар қауымының алдына жаңа мақсат-міндеттер қойылды. Осы орайда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Ақмола облысы бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының тренерлері ең алдымен, мұғалімдердің ақпараттық құзыреттіліктерін дамыту мақсатында онлайн курстар, вебинарлар ұйымдастырып,  педагогтерге өз пәні бойынша білім контентін жасауда үнемі әдістемелік нұсқаулықтар, ұсыныстар, кері байланыс беріп отырды. Бұл сабақтар білім беру үдерісіне қатысушыларға қашықтан оқыту жағдайында білім сапасын жақсартуға және білімдерін толықтыруға ықпал етті.

Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша 2020 жылдың жазынан бастап қашықтықтан оқытудағы мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы бейне сабақтар дайындау жұмыстарын жүргізуде. Осы  жылдың күзінен бастап бұл жұмыс Қазақстанның үздік мұғалімдерінің «Виртуалды білім беру маршруты» эстафетасы аясында ұйымдастырылды. Эстафета аясында 2020-2021 оқу жылының 1, 2, 3 тоқсанына арналған орта мектептің 1-11 сыныптары бойынша цифрлық білім беру ресурстары жасалды. Эстафетаның мақсаты — жеке авторлық тәжірибені көрсету арқылы озық педагогикалық тәжірибені қорыту және тарату. Эстафета мұғалімнің мәртебесі мен аймақтағы мектептердегі мұғалімдердің кәсіби құзыреттіліктерін, соның ішінде ІТ- дағдыларын одан әрі нығайтуға және оның имиджін жақсартуға бағытталған.

Ақмола облысының 165 мектеп мұғалімдері 1-3 тоқсанға арналған бейне сабақтарын әзірлеуге қатысты. Эстафетаға қатысушылар қазақ және орыс тілдерінде 550 цифрлық ресурстар әзірледі. Уақыт көрсеткендей, «Виртуалды білім беру маршруты» эстафетасы «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдары облыстардың білім басқармаларымен бірлесіп сәтті жүзеге асырған және мұғалімдерге әдістемелік қолдау жүйесінің дамуын қамтамасыз еткен білім беру жүйесіндегі инновациялық жобаға айналды .

Бұл жоба өз жұмысын шексіз сүйетін, әрқашан сабақты жандандырудың жаңа идеялары мен әдіс-тәсілдерін іздейтін Қазақстанның жаңартушы-педагогтарының жаңа есімдерін табуға мүмкіндік берді. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жыл толуы, институтымыздың 60 жылдығы қарсаңында облыс мұғалімдері қашықтықтан оқыту стратегиясын жүзеге асырудағы практикалық тәжірибенің республикалық деңгейінде жалпыланғандығын растайтын   «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының сертификаттарын және біздің білім берудің инновациялық жобаларына белсенді қатысқаны үшін институтымыздың грамоталарымен  марапатталды.   

Ұстаздардың әрқайсысы өз ісінің қайталанбас, бірегей, кәсіби шебері бола алады. Әр мұғалім жыл өтіліміне қарамай оқушыларының өз күштері мен мүмкіндіктерін ертең емес, «бүгін және осында» мектеп қабырғасында ашуына мүміндік жасауы керек. Әр сабақта баланың ашылу қуанышын сезінуі өте маңызды, осылайша ол өз күшіне деген сенімін қалыптастырады. Шығармашылық адам өз Отанының патриоты болмауы мүмкін емес. Сондықтан да әрқашан ұстаздың өлшеусіз еңбегі бағалана берсін.

Айгүл Жұманбаева, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Ақмола облысы

бойынша ПҚ БАИ ЖжГПОӘ кафедрасының аға оқытушысы,

Айтолхын Казакенова, «Ақмола облысы білім басқармасының

Бурабай ауданы бойынша білім бөлімі Есмағамбет Ысмайылов атындағы

Мәдениет ауылының жалпы орта білім беретін мектебі» КММ химия пәнінің мұғалімі

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *