Бурабай ауданы әкімінің Ұлы Жеңіс күніне арналған құттықтауы!

Құрметті соғыс ардагерлері және тыл ардагерлері!

Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

9-мамыр — біздің тарихымызда мәңгілік есте қалатын айрықша мереке. Бұл күндер алыстаған сайын, екінші дүниежүзілік соғыстың тұсында ерлікпен Отанын қорғап, қас жауына қарсы төтеп берген рухты азаматтардың туған жеріне деген ыстық ықыластарын, сүйіспеншіліктерін көреміз, аталмыш соғыста барлық әскер бір жерге тоғытылып, батыстан мұздай болып қаруланып келген жаудың бетін қайтаруға, тойтарыс беруге жұмылдырылып, бір адамдай күш салысты. Бұл жылдары біздің ауданымыздан 12 000 адам қатысып, 5650 адам туған жеріне оралмады. Ер есімі — ел есінде.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, біздің мемлекетіміз соғыс ардагерлеріне деген құрметті жыл сайын арттырып келе жатыр, бұл кісілер болашағы үшін қолдарына қару алып, от пен оқтың ортасында қан кешті, бүгінгі нұрлы, шуақты заманда өмір сүріп жатқан жас буынның мәңгілік мақтанышы. Қазіргі күні Бурабай ауданында үш Ұлы Отан соғысы ардагері, 437 тыл ардагерлері өмір сүріп жатыр. Тылда еңбек еткен ардагерлеріміз сол бір қорқынышты кезеңнің куәгерлері, бұл кісілер түрлі салада жұмыс істеп, ауыл, қаланы көркейтіп, экономикалық тұрғыдан қарқынды күш салысты, Жеңіске жетуге септіктерін тигізді.

Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлерінің ерен еңбегі мәңгілік жүрегімізден орын алып, олардың ерлік жолындағы ерліктері  өскелең ұрпақтың бойына Отанға деген махаббатын арттыра түседі. Ардагерлерімізді құрметтеу, қадірлеу  әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Құрметті жерлестер! Қасиетті Жеңіс күні баршаңызға амандық, мықты денсаулық, таусылмас бақыт тілеймін, әлемде тек қана бейбітшілік болсын!

Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын!

Әсет Мұздыбаев, Бурабай ауданының әкімі

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *