МЕНІҢ АТАМ ТЫЛ АРДАГЕРІ!

 

Менің туған ауылым Көрнекті ауылы. Мен өз ауылымды мақтан етемін. Мен Көрнекті бастауыш мектебінде 4-сыныпта оқимын. 9 мамыр Жеңіс күні! Бұл Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Ұлы Отан соғысына ауылдан талай ата-ағаларымыз аттанып, осынау сұрапыл соғыста ел мен жер үшін, бейбітшілік үшін жан берісіп, жан алысқаны белгілі. Қазақстанның халқы да, тылда аянбай еңбек етті. Жеңіске жетуде тыл ардагерлерінің қосқан үлесі өте зор. Соның бірі менің ардақты атам — Қаппасов Ерғосай Каппасұлы.

Мен атамнан күнде кешке балалық шағын, қандай қиыншылықтар көргенін және сұрапыл соғыс кезінде қалай еңбек еткені жайлы сұраймын. Себебі ол маған қызық және мен атамның өмірін, тарихын зерттеп білгім келеді. Сонда атам ұзақ ойға еніп, әңгімесін былай бастайды.

— Мен, 1928 жылы Ұрымқай ауылына қарасты Қызылкордон ауылының жанында диірменде (пармельницада) дүниеге келгенмін. Қазір ол жерде конный зовод салынып, менің тұрған жерім қайта өркендеп келеді. Сол уақытта біздің ауыл кішігірім бір колхоз болатын. Сол колхозда балалық шағымызды өткіздік. Қолға алған істі бір колхоз болып бірге жұмыс жасадық, дөңгелетіп жұмыс жасап жүргенімізде кенеттен 1941 жылы 22 маусымда соғыс басталды. Майданға ауылдың ер азаматтарын алып кетті. Ауылда бас көтеретін ешкім қалмаған, ылғи іске жарамсыз кемпір-шалдар және қыз-келіншектер қалған. Кішкентай болсақ та өгізге, атқа арба жегіп, алқапқа дәнді дақылдарды егуге жәрдем бердік. Күздің кезінде шыққан өнімді теріп, майданға жөнелтіп отырдық. Онымен қоса әжелер балаларына жүннен киім тоқып, үйіндегі азық-түліктерін майданға жөнелтетін. Қаншама қиын күндерді артқа тастап, Ұлы Отан соғысы да аяқталды 1945 жылы 9 мамыр айында. Мен сол кезде небәрі он жеті жаста едім.

Әрине, бұл деректер мен үшін өте қызықты. Сондықтан да атама сұрақ қоя отырып, әңгімесін ары қарай жалғауын өтіндім. Атам тағы да біраз ойға шомып, әңгімесін жалғастырып кетті.

Атамның шын аты-жөні Қаппасов Ерғосай. Бала кезінен-ақ мінезі жайдарлы, терең ойлы, ақ көңіл, саусағынан өнері тамған жылқы малының майталман іскері болып өскен екен. 1947 жылы атам Жезқазған қаласында училищеге оқуға түсіпті де, осы Жезқазған қаласында бес-алты жылдай темір жолда слесарь болып жұмыс жасапты. 1953 жылы туған елі Көрнектіге оралып Колхозда қара жұмысшы болып және жылқышы болып жұмыс жасапты. Кешегі совет өкіметінің аумалы-төкпелі жылдарында жаңадан колхоз ұйымдастырылған тұста колхозға аянбай еңбек күшін жұмсаған басқа колхозшыларға да үлгі көрсеткен екен. 1963 жылы Золотая Нива ауылына көшіпті. Золотая Нивада біраз тұрып, шіркін өзің өсіп-аунап өскен еліңе не жетсін? — деп туған жерінің иісін сағынып еліне Көрнектіге қайта көшіп келіпті. Содан бері атам Көрнектіде тұрып, ауылдың малын, жылқысын бағыпты.

Аллаға шүкір қазір менің атам тоқсанның төріне келіп отыр. Атамның өмірі маған тұнып тұрған шежіре мен тарих. Мен атамды мақтан етемін. Атамның кеудесінде ордендер мен төсбелгілер өте көп. Олардың барлығын атамның ерең еңбегі үшін берілді. Атамның осы жасқа жеткені әжемнің арқасы, әжемнің еңбегі деп ойлаймын. Менің әжем Қаппасова Рауқан. Елге өте сыйлы адам болыпты. Бірақ өкінішке орай мен әжемді көрген жоқпын мен туған жылы әжем о дүниеден өтіпті. Өкінішті-ақ…

Атам мен апамнан өрбіген екі қыз және бес ұлы бар. Барлығы өз орындарын тапқан олардың алды зейнеткер қалғандары барлығы қызыметкер. Әрқайсысы үйлі-күйлі, балалы-шағалы болып отыр. Олардан жапырақ болып жайқалған жиырма бір немересі және он алты шөбересі бар. Немерелері де еңбекті жан-тәнімен сүйгіш азаматтар болып өсіп келеді.

Мен атамның шаңырақта отырған Анарбек деген ұлының баласымын, шешемнің есімі — Динара. Атамның бізбен тұрғанына қуанамын. Атам менің асқар тауым, тірегім, мақтанышым. Біз мектепте мақала жазуға үйренгенбіз. Осынау үлкен мереке 9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында атамды газет бетіне шығарайын құттықтайын деп ой түйдім. Жыл сайын 9 мамыр — Жеңіс күніне орай мектеп оқушылары ескерткішке барып гүл шоқтарын қоямыз.

Ер есімі — ел есінде. Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен тыл ардагерлерінің есімі, тарихтың парағына алтын әріптермен мәңгіге жазылып қалары анық. Жыл өткен сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп, азайып бара жатыр. Көзі тірісінде құрмет көрсетіп, сыйлай білу — кейінгі ұрпақ, біздің парызымыз. Ұрпақтарының бейбіт күнде өмір сүруін аңсаған ата-бабаларымыздың жасаған ерліктері мен еңбектері мәңгілік ел есінде қала береді. Қазақ еліне соғыс қаупі төнбей, еліміз мәңгі жасасын! Мен атаммен мақтанамын!

Асанали Ерғосаев, Көрнекті бастауыш мектебінің 4-сынып оқушысы

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.