Сотта қандай заңды фактілерді анықтауға болады

 

Фактілер олардың заңды маңызын көрсетпес бұрын тиісті түрде бекітілуі керек. Заңды фактілерді анықтау және дәлілдеу- заң ғылымының дәстүрлі мәселелерінің бірі.

Сот мынадай фактілерді:

1) адамдардың туыстық қатынастарын;

2) адамның біреудің асырауында болуын;

3) тууды, бала асырап алуды, некеге тұруды, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеуді;

4) әке болуды тануды;

5) құқық белгілейтін құжаттардың (әскери құжаттарды, паспортты, жеке куәлікті және азаматтық хал актілерін жазу органдары беретін куәліктерді қоспағанда) құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспорты немесе жеке куәлігі немесе туу туралы куәлігі бойынша атына, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамға тиесілі екендігін;

6) егер арыз берушіде мүліктің тиесілігі туралы құқық белгілейтін құжат бар болып, бірақ ол жоғалған болса және көрсетілген факт соттан тыс тәртіппен анықтала алмайтын болса, жылжымайтын мүлік объектілерін иеленуді, пайдалануды және (немесе) оларға билік етуді растайтын құжаттардың болуын;

7) егер жазатайым жағдайды өзгеше тәртіппен растау мүмкін болмаса, жазатайым жағдайды;

8) азаматтық хал актілерін жазу органдары қайтыс болуды тіркеуден бас тартқан жағдайда, адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болуын;

9) егер нотариаттық әрекет жасайтын тұлға мұрагерлік мүлікті иелену үшін күшіне ену фактісін растауға қажетті тиісті құжаттардың болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты мұраға құқық туралы куәлікті арыз берушіге бере алмаса, мұрагерлікті қабылдау және мұрагерліктің ашылу орнын анықтау туралы істерді қарайды.

Азаматтар мен ұйымдардың АПК-нің 305-бабында келтірілген жеке не мүліктік құқықтарының пайда болуына, өзгеруіне немесе тоқтауына байланысты фактілер тізбесі түпкілікті болып табылмайды. Соттар заңдық маңызы бар басқа да фактілерді анықтауға құқылы.

Соттар заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы арыздарды егер:

мұндай фактілер заңға сәйкес заңдық маңызы бар жағдайларды тудырса (азаматтар мен ұйымдардың жеке немесе мүліктік құқықтарының пайда болуы, өзгеруі немесе тоқтатылуы);

фактіні куәландыратын тиісті құжаттарды алуға немесе оларды қалпына келтіретін арызданушының басқа мүмкіндігі болмаса;

қолданыстағы заңнамамен оларды анықтаудың өзге (соттан тыс) мүмкіндігі көзделмесе;

фактіні анықтау соттың ведомстволығына жататын құқық туралы дауды кейін шешуге байланысты болмаса, қабылдап, ондай істерді ерекше өндіріс тәртібімен қарай алады.

Арызда арыз берушінің осы фактіні қандай мақсатпен анықтауы қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ арыз берушінің тиісті құжаттарды алуы мүмкін еместігін не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін еместігін растайтын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.

Заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы соттың шешімі тиісті құқықты мемлекеттік тіркеуге және тиісті құжаттарды беруге негіз болып табылады.

Г. Шайкенова, судья

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.