Жастарға сенім артуымыз керек…

(екеудің әңгімесі)

Ж. Оспанов: — Өтелбай Төлеуұлы, Күлтегін жазуында мынадай бір ғажап сөз бар екен: «Бек ұлдарың құл болмағай, пәк қыздарың күң болмағай!». Уақыт қана өзгерді, ал ұрпақ баяғыша сабақтасып келе жатыр, дүние орнында ғой, ал адамзат баласының сана-сезімі, бойындағы күш-қайраты барлығы өзгеше бір реңге еніп, саналы түрде өзгеріске ұшырап жатыр. Мәңгүрттік, еліктеушіліктен қоғам өзгеріп бара жатыр. Абай 23-ші қара сөзінде «Пендеде бір іс бар — жалығу» деген екен. Әлде біз мына кең дүниеден жалықтық па, жаһандану деген үлкен құбылыс болып жатыр. Менің айтпағым, баяғы қазақтың қазақ болып қалуы, байқап жүрген шығарсыз, қазіргі жастар төбесіне шаш қойып, оны әр түрлі түске бояп, қызтекеге айналып бара жатқанын енді аңғарып жатырмыз. Бұдан үш мың ғасыр бұрын бабаларымыз «жастар бұзылып барады…»-деп айтып кеткен. Одан бері адамзаттың даму процесі тоқтаған жоқ, сел көшті, ел көштімен тарих толқыны сан мәрте олай да, былай толқыды. Әлде жастар құлақ сарсытқан көп сөзден жалығып, тәрбие жағынан кемдік көріп отыр ма?

Ө. Бейсенов: — Тоқсарының (көне грек жазбаларында Тоқсарының аты тарихшысы Страбонның тіл ерекшелігіне байланысты Токсарид болып жазылған) рух өлмейді, рух көшеді деген сөзі бар. Арғы-бергі тарихтан алайық,  қай заманда болса да жастардың ойлау қабілеті өзінің өмір сүріп жатқан қоғамына байланысты. Алдыңғы толқынның айтары жоқ болса, бәтуәлі сөз айта алмаса, тәрбие бере алмаса, жастар басқаға қарап, солардың стиліне түсіп кетеді. Бұл әкеліп ертеңгі болашақтың тамырына балта шабады. Білген қаған «түркіні бұзар-тәтті сөз» деп айтқан. Жастар тәтті сөзге, жақсы өмірге бейім, қандай жас болса да сондай. Себебі бар, есің барда мал тап деген теориялық тұрғыда ғана баламызға ақыл береміз, ақыл-кеніш. Бұралқы-бүлікке бастайды. Санасына кір түскен қоғамның жастарының бет-бетімен ауа жайылғаны жанға батады. Рас, дұрыс аңғарып, жөнімен байқағансың, қазіргі жасөспірімдер шаш үлгісіне қарап отырып күлкім келмейді, жаным жүдейді. Көкіректе байлауы жоқ, мұндай жастардың бойында — Отанға деген сезім нөл. Олар ертеңгі күні (жамандықтың беті аулақ) Отан-ананы қорғап та, тым құрыса жақсы сөзбен қолдап та көмек қыла алмайды. Қазіргі жастардың, бозбалалардың шашы әйел үлгісінде, тіпті киетін туфлиінің өзі сол үлгіде болып кеткендігі таза масқара, жанға батады!

— Сөзіңіз аузыңызда болсын. Дұрыс айтасыз таза масқараның ең сорақысы. Қазақта таным деген бар. Танымдық дүние, танымдық көзқарас дейміз, бұның ережесін түсініп, шарттарын негізге алатын кезең келді.  Тәуелсіздік алдық. Дейтұрғанмен, әу бастағы біздің халыққа берген кем тұсымыз ол батыстық менталитеттің негізі. Біз олардың жақсы дүниесін көргеміз жоқ, кемдік жағын ғана өзімізге жинап, шимайбектерінің көбік дүниелеріне құмартып қалыптаса бастадық. «Ұят!» деген ұлы ұғымның алыстап, тәубәнің төресі-тірі жүргенің деген сарында өмір кештік. Аталарымыздың салып берген соқпағы, жолынан адасып барамыз. Егемендігімізді алған тұста елең-алаң, әрі-сәрі беймаза шақ болды. Көгілдір экраннан көретініміз тек эротикалық фильмдер, солардың айқай-шуы, мазмұнсыз, мазасыз көбік кинолары. Оның үстіне егемендігімізді алған соң жастарымыз шетелге барып білім алып, я болмаса туристік мақсатпен қыдырып барып жүрді. Киім киісі, шаш үлгісі т.б. толып жатқан қағидаларын елге әкелді, соның жемісі-ақыры әкеліп ұлттық стильден ажыратып тынды.

— «Әр халық өз табиғатымен жарасымды салт түзей білу керек. Сыйластық осы жолдағы әділетте ғана» депті Ж. Әбдіхалық. Қазір бізге Отаншылдық рухы ауадай қажет болып тұр. Жастардың біразы Отан алдындағы борышын ұмытып, әскерге баруға қашқақтайды екен. Неге? Сұрақ көп. Жауабы мардымсыз. Бүгінгі күні біз балаларды кішкентай кезінен бастап қалайда ақша табудың жолын ізде, үлкен қызмет істе деген әңгіменің төңірегінде ғана идея айтамыз. Бұрын үлкендер «әкім бол!» дейтін. Әкім болып қызмет атқару-нағыз қиын жұмыс екендігін  біреу білер, біреу білмес. Әңгіме мұнда емес — бастысы «адам бол» деген ұғымды көбірек айтсақ. Абай аңсаған адамгершілік, жастың бойындағы имандылық бұның барлығы қандай жас болса да, өзінің ертеңге деген сенімін нығайтып, толыққанды қалыптастырады. Ал қазір шашын түзей алмай, қара басына ие бола алмай жүрген адам ертеңгі күні ұлтын сүйер мықты азамат болады дегенге өз басым сеніп, илана бермеймін.

— Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты деп, болашақ жастарға сенген Мағжан ақынның жастарына демек көңіліңіз толмай ма сонда?

— Жоқ, бес саусақ бірдей емес, алуан-алуан жүйрік бар. Әліне қарай шабатын жастардың ішінде де жетістікке жетіп, ғылымды бағындырып, шыңдардан көрініп жатқан күш-қайраты өзінде мыңдаған жастарымыз бар.  Біз осы жастарды басқаның қалыбына түсіп кетпейтіндей қылып өсіріп-өндіру керек. Қызға қырық жерден қарауыл қойып, қызын төрге отырғызып, балиғатқа толғанша көзінің қарашығындай қылып сақтаған ел едік қой. Осыны ұғындырсақ, ұлдарымыз боркемік болмаса екен деймін.

— Сөзіңізді мына аңызбен әрі қарай сабақтастырсам деймін. Баяғыда жаугершілік заманда ер-азаматтар соғысқа кетіп, тағы да елді жау шапқанда, ауылда қалған бірен-саран ер азаматтар шағын қол болып, келе жатқан жаудың бетін қайтарамыз деп топталыпты. Шағын қол атқа мінгенде, бір анамыздың аурушаң баласы да атқа қонып жатыр дейді. Сауыт-сайманын сайлап, бес қаруын асынып, сонда қол бастап бара жатқан басшысы тұрып: «- Жеңгей мына балаңыз қалсын, жағдайы бәрімізге белгілі ғой дегенде, жігіттің анасы тұрып: — жоқ бірге барсын, жаудың атын үркітсе де олжа ғой. Туған жерін қорғап, ерлерше алыссын» деген екен. Міне тектілік, қазіргі жастардың арасында да елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі басым. Өнерде, басқа салада да қызмет атқарып, ортақ отанымыздың кем жеріне кірпіш болып қаланып жатқан жастар бар. Уақыт өтер, кезегі келер, бүгінгі жас аға буынның өкілі болар, ақыл айтар, кемел ұрпақ тәрбиелер, келешекке жарқын ашар. Бұның барлығы біз бен сіздің ортақ ісіміз. Сіз аға буын болып ақыл айтсаңыз, мен орта буынның өкілі ретінде жеткізіп отырсақ, қазақтың елі — мәңгілік болып жасай беретініне өз басым кәміл сенемін.

                                                                  (жалғасы бар)

                                                                   Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.