«Көкше әуендері» фольклорлық ансамблінің құрылғанына отыз бір жыл

(Әңгіме-сұхбат)

 1990 жылы наурыз айында алғаш құрылған «Көкше әуендері»

фольклорлық ансамбльге 31 жыл толып отыр.

Аталмыш ансамбльдің көркемдік жетекшісі Нұрлыбек аға

Байшұңғұловпен жүздесіп сырласып қайттық.

Редакция

 — Аға, Нұрлыбек аға дейін, енді өнер саласында жүргендіктен Сізді осы өңірдің біразы жақсы таниды. Қанша жылдан бері ауданымыздағы «Көкше әуендері» ансамблінің көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарып, қолыңыздан қазақтың қасиетті қара домбырасы түспей келе жатыр. Өнермен қатар, ағартушылық саласына да аянбай еңбек етіп жүрген жанның бірісіз. Әңгімені әріден бастайық, негізі біз жас болғандықтан біле бермейміз, өнер саласында бұның ішінде «Көкше әуендері» десе, кейбір ағаларымыз оның ашылуына, халыққа таныстыруға, сахнаға алып шығуға мен себепкер болғанмын дейді. Әрине, ешкіммен дауласуға қақым жоқ, дейтұрғанмен шын сөздің маңдайы қасқа келер демекші, әңгімемізді осы жерден бастасақ?..

— Иә, «өнерлінің әні де ортақ» деп қазақ айтады. Бұл ансамбльдің ашылу тарихы қызық. Басынан бастайын. Тоқсаныншы жылдары алып одақтың ықпалында отырған елдер біртіндеп жеке мемлекет, тәуелсіз ел бола бастады. Жылымықты сезіне бастаған тұста мені аудандық Мәдениет бөліміне шақырды. Осы сен домбыра шертесің, күй тартасың, ән шығарасың осы қаладан ансамбль ашсақ дейді. Құптайын десем, домбырадан басқа аспап жоқ. Ашайық,-дедім. Сөйтсем, аудандық атқару комитетінің бірінші хатшысы Болат Әуелбеков бір жолы жергілікті басшыларды жинап алып, жиын соңында «осылай да, осылай ауданымыздан қазақы үлгіде ән айтатын, ансамбль ашу керек»,-деп айтыпты. Содан Өтелбай Бейсенов, мен, Абай Сердалин үшеуіміз сол кездегі астанамыз-Алматыға жолға шықтық. Атақты әнші Жәнібек Кәрменов марқұмды Өтекең жақсы таниды екен, сол кісіні іздеп бардық. Қазір, тележүргізуші болып жүрген Шаһкерім дүниеге келіп Жәкеңнің жүзі бал-бұл жанып отыр екен… Қысқасы, Өтелбай Төлеуұлы әншіге келген жағдайымызды, жұмысымызды айтты.

Сонымен не керек, Жәнібек Кәрменов бір жерге қоңырау шалып, ұлттық аспаптарды істейтін шеберхана тауып берді. Шіркін ғұмыры қысқа болды ғой, атақты әншінің иманы шат болсын! Шеберханаға бардық. Барсақ ұлттық аспабымыз домбыраның неше түрі бар екен. Аралап шеберхананы көрдік, шебер жігітпен таныстық, өзі де әнші екен, ой-хой арқаның әндерін шырқап, мен бір ән айтып арқа-жарқа болып бір жасап қалдық.

— Аспаптарды бірден сатып алдыңыздар ма?

— Жоқ, бірден емес, қазіргі домбыраларды қарашы тиек тұратын жері шығыңқы болып тұрады, икемсіз домбыра деп негізін айтады, ал енді ән мен күйге келгенде төрт аяғын тең баспай жаңылысып жатады. Өйткені, шеберлер көпшілікке арнап жасай салған, эскизі дұрыс жасалмаған дүние. Бұл домбыраларды домбыра ұстайтындар бірден аңғарады. Жарайды, сонымен сол күні ансамбльге арнап тапсырыс бердік. Үрлемелі аспап, дауылпаз, домбыра, жетіген. Жәнібек Кәрменов марқұм, домбыра жасайтын шеберхана иесіне «бауырым, домбыраны неғұрлым ұрғашы қарағайдан жаса, бұлар келген жақ рухтары басқа арнаға түсіп кете жаздап, бәрінен аман қалған аз қазағы бар ел ғой»,-деп нықтап тапсырды.

— Демек ансамбльдің ашылуына мұрындық болған өздерін кеңінен насихаттап жүрген адамдардың бұл жерде ешқандай қатысы жоқ болып тұр ғой.

— Кім білсін, мен білетінімді сол кезде ашылуға мұрындық болған басшыларды айтып отырмын. Сосын араға жарты жыл салып барлық аспаптар дайын алып кетсін деп хабар келді. Тағы да мен, Өтелбай мен Абай үшеуміз «Алла сәтін сала көр!» деп жолға шықтық. Шеберханаға барсақ, домбыра, тайтұяқ, сазсырнай, шертер, тоқылдақ жасап қойыпты. Бір вагон қылып артып алып кері қайттық.

— Әңгімені осы жерден үзе тұрып сіздің арнаға қарай бет бұрсақ. Өнерде өлшем жоқ. Сізді алыптардың алыбы туған киелі Семей өңірінен шыққан жан екендігіңізді біреу біледі, біреу білмейді. Жас кезіңізден өнерге бейім болдыңыз ба?

— Иә, жас кезімізден әнге жақын болдым. Абайдың әндерін айтып, өнер саласына толыққанды мойын бұрып жүрген жанның бірімін. Білім алып, жұмыс барысымен осы жерге келіп, еңбек етіп, орталығы Мәскеу болып тұрған қаланың іші мен сырты да барлығы амалдың жоқтығынан рухсызданып кеткен. Жылымықты сезініп жергілікті басшы ағаларымыздың қолдауымен сахнаға шығып отыр ғой.

— Әңгімеге қайта оралсақ, сонымен ансамбль алғашқы рет сахнаға қашан шықты?

23 адамнан құралған ансамбль жергілікті газетке хабарландыру беріп, алғашқы адамдарды жинап алдық, өнерді түсінетін қыз-жігіттер келіп осылайша бастадық. 1990 жылы ансамбльдің тұсауын Абылай-хан мұражайының директоры, қадірлі апамыз, ақын Әмина Дәулетқызы ашып қыркүйек айында тұсауын кесті.

— Әңгіме барысында есіме түсіп отыр. Бала кезімізде ауыл-ауылдың клубтары, мәдениет ошақтары жұмыс істеп тұрды. Ол кезде қырдағы қазақ ауылдарының барлығы ұлттық әнге, оның ішінде домбыраның үнін сағынып, ерекше күйде отырғандығын білеміз. Бүгінгідей айшылық алыс жерден, жылдам хабар тарататын я болмаса таңдаған әншінді іздеп тауып алып сүйсініп тыңдайтындай кезең емес. Ауылға әнші келді десе күнқағарын милығына дейін баса киіп алып, жастар, маңдайларына уақыт әжім салған даланың төл перзенттері аталарымыз бен әжелеріміз барып ән тыңдаушы еді. Сол кезде халықтың сіздерге деген құрметі мен қошеметі қалай болды?

«Тең тартқан-таразы алтын» деген. Жетпіс жыл бойы қазақтың ұлттық аспабының үні шықпай ән мен күйге сусындап отырған көпшіліктің бізге деген махаббаты риясыз еді. Қай ауылға барсақ та, аудан орталығы болса да, бәрінің бойларындағы бізде деген шынайы сүйіспеншілігі молынан болып жататын еді. Ол кезде сабантой, т.б тойлар көп болатын. Қырдың сәруәрімен ескен біздің әндеріміз кең даланы ерекше күйге, сезімге бөлейтін еді. Ансамбльді насихаттау мақсатында әр ауылдарда концерт бердік, өнер көрсеттік.

1996 жылы республикалық, облыстық байқауларға қатысып, «Халық ансамблі» деген құрметті атақ берілді. Ұзын-ырғақты санап отырсақ 1991 жылы Республика бойынша атап өткен Абылайханның мерейтойына қатысып, көпшіліктің көңілінен шығып құрметіне бөлендік.

1992 жылы Кенесары ханның мерейтойына қатысып, сахнаны әнге бөледік. 1993 жылы Ақан серінің 150 жылдық республикалық мерейтойына қатысып, өнер көрсеттік, Көкшетау қаласында өткен Ақан серінің әндерін орындаушылардың байқауына қатысып, жүлдегер атандық, аталмыш гала-концертті ансамбль Ақан серінің «Қараторғай» деген әнімен ашты.

1994 жылы Біржан салдың 160 жылдық мерейтойына қатысып, облыстық Біржан әндерін орындаушылардың байқауында ансамбль жүлдегер атанды. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына байланысты Көкшетау қаласында өткізілген ән байқауында Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін орындап, ансамбль жүлделі болды. Қысқасы сайдың тасындай іріктеліп жиналған қыз-жігіттер өздеріне жүктелген қандай қиындық болса да адалынан жүріп, анық басты, жауапкершілікті молынан сезініп арқалады.

— Нұреке, соңғы жылдары сіздің ансамбль сахна төрінен көрінбей кетті, осы жөнінде ашығын айтып әңгімеге көшсек.

— Өзіңіз білесіз әзірге аудандық Мәдениет үйі апаттық жағдайда тұрғандықтан барлық мәдени шаралар Оқжетпес ауылында өтіп жатыр. Бұрынғыдай емес пандемия, ел ішінде үрей бар, оның үстіне көп кісі шоғырлануға болмайды деген санитарлық талаптар бар.

— Мен бұдан бұрынғы мәселені айтып отырмын. «Көкше әуендерінің» қатарындағы баяғы аға буын жігіттер көрінбейді. Кейде сіз де көрінбейсіз дегенім ғой.

«Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» демекші, өнерлі жастар өсіп келе жатыр. Әр уақыт өзінің орнын ауыстырады. Өнерлі елдің оты сөнбес деп жастарға орын бере бастадық. Себебі, өзің білесің, бұлардың біразы менің шәкірттерім. Өнер саласында жүріп аудан, облыс, республикамызға кеңінен өнерді насихаттап, ауданымыздың атын шығарып жүрген жандар.

 — Репертуарларыңызда қанша ән бар?

Ән көп қой. Жергілікті ақын-сазгерлердің әндері, халық әндері, Арқаның дүлдүлдері Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, т.б. бертін өмір сүрген ақындарымыздың сөздеріне жазылған әндер, өзім де ән жазамын. Аллаға шүкір «Көкше әуендері» фольклорлық ансамблінің есімі күллі қазақ еліне танымал болды. Жалғыз қазақ елі емес, туристік аймақ болып табылатын Бурабайға талай меймандар келді. Өнерімізді көрсеттік. Ақсақал-абыздардың батасын алдық, алғысына бөлендік. Алла нығмет берсін, бұның барлығы әу баста елең-алаң тұста құрылған ансамбльдің жеткен жетістігі, шыққан шыңы, ел алдында арқалаған өзінің зор жауапкершілігі.

— Нұреке, Төле бидің ғажап бір «бүлінген елде ән бөлек» деген сөзі бар екен, дейтұрғанмен іргеміз бүтін, ел тыныш. Бірақ, сахнадан сән, әннен мән кетті, бұны мен айтпай-ақ өзіңіз де білесіз, эстетикалық құндылығы жоғалған әннің қадірі мен мәні болмайды, тыңдаушысы жоқ ән — жетім ән. Қазіргі әншілерге көңіліңіз тола ма?

— Қожаберген жыраудың «Ерте жанған шырақпын, Оңайлықпен сөнбейтін»-деген сөзі бар. Сонау ерте заманнан қазақ — қазақ болғалы басынан сан түрлі қиындықты өткеріп келе жатыр. Елім-айлап Қаратаудың басынан көш келеді деп еңіреп, етегі жасқа толған, қиындық пен жортуылды бастан кешірген қазақтың әні ызғары қатты совет үкіметінің тұсында да сахнадан өшкен жоқ. Ер бұзылса да, ел бұзылмасын. Эстрада көбік ән, мәтіні кем, мазмұны таяз әндердің өріс алып тұрғаны және жасырын емес, елдің бәрі тойдың әніне құмар, бірақ күн өткен сайын ол әндерден халық шаршап, қазіргі күні домбыраға кезек беріп жатыр. Жалпы ұлттық өнерді оның ішінде ән өнерінің падишасы домбырамен ән айтатын әншілерді — дәстүрлі әншілер деп бөліп-жару өнер дейтін ұлы ұғымның бүлкілдеген тамырына балта шауып, күретамырын үзу деп ұғамын.

— Нұреке, сонымен биыл «Көкше әуендері» фольклорлық ансамбліне 31 жыл толып отыр ма, әлде отыз жыл ма? Менің есептеуімше сіздің әңгімеңізге қарасам -31 жыл!

— Ақтамберді жыраудың «Өнер алды-бірлік, қылған жақсы тірлік» деген сөзі бар. Жаңа, сөз басында шын сөздің маңдайы қасқа келеді дедің бе? Басқаны білмеймін, көркемдік жетекшісі болып бастаған мен білетін шығармын 1990 жылы ашылып тұсауы кесілсе -31 жыл толып отырған жоқ па?

— Жақсы, отыз бір жыл. Былтыр, пандемияға байланысты халықты жинауға т.б. жиындарға шектеу қойылды. Енді алдағы уақытта ел алдына шығып есептік концерт бересіздер ме? Мұндай жоспарыңыз жоқ па? Ансамбльдің алғашқы күні қатысқан өнердегі жігіттерді бұл кісілердің алды алпыстан асқан жігіттер мен қыздар барлығын шақырып тағы да бір атап өтпек ойыңыз жоқ па?

— «Шын тұлпар дүбір шықса шыдамайды» демекші жоспарда бар, қолдаушысы табылып жатса атасы тегін жел сөзді аяймын ба дегендей әнді аямаймыз ғой. Бұрынғы аға буын бар, қазіргі жас буын бар барлығын жинап есептік концерт берсек нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.

— Нұрлыбек аға, менің бір жеті сұрағым бар еді, рұқсат берсеңіз сол сұрағымды қойсам деп отырмын?..

— Әрине, қиын сұрақ болмаса. Жолдап көр.

— Кімге өкпелісіз?

— Ешкімге өкпем жоқ, Аллаға шүкір. Менде бауырмалдық сезім мол, тұла бойымның барлығы бауыр. Барлық өзімнің жүрген ортамды жақсы көремін.

— Ардың ісі дегенді қалай түсінесіз?

— Ардың ісін арқалап жауаптымыз деп жүргендер өнерге қиянат жасамаса екен. Өнер адамының жаны нәзік үлбіреп тұрады.

— Қазіргі заманға көңіліңіз тола ма?

— Әр заманның бір міні болады, әрине кем-кетіксіз заман болмаған. Шүкірлік қыламын.

— Әншілерді жұлдыз дейді, сіз қалай ойлайсыз жұлдыз деген дұрыс па?

— Жұлдыз аспанда Алланың жаратқаны ғой. Әркімнің өз жұлдызы бар. Жұлдызымыз жоғары болсын. Бірақ өз басыма келетін болсам пендені жұлдызға теңеу ерсілеу сияқты.

— Арманыңыз бар ма?

— Армансыз адам-қанатсыз құс. Әу баста ансамбльді ашқан кезде қиялға беріліп, күндіз күлкіден-түнде ұйқыдан қалып, көпшіліктің көңілінен шыға аламын ба деп қыруар жұмыс атқардым. Аллаға шүкір сол армандаған арманыма жетіп отырмын. Отбасым — жарым, бала-шағам, немерелерім бар. Бастысы ел сыйлайды. Халқым қадірлейді. Бұл арманымның орындалғаны деп білемін.

— Ойлы адамға бұл дүниеде не жоқ, аға?

— «Ойлы адамға қызық жоқ, бұл жалғанда» деп айтқан Абай.

— Қандай әншілерді тыңдайсыз?

— Домбырамен ән айтқан барлық әншілерді сүйсініп тыңдаймын. Өйткені, домбыра менің жаным да, жүрегім.

— Аға, Нұрлыбек аға… Сұхбатыңызға рахмет! Жасай беріңіз, сіздің әсерлі әңгімеңіз көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын. Ат төбеліндей ғана оқырманымыз бар. Қазақтың дәстүрі мен әні, салты мен санасы бүтін болып, жұлдызымыз жоғарылай берсін. Өнеріңіз шарықтай берсін. Жылдан есен, айдан аман болыңыз, аға!

— Оқырмандарыңыз көп болсын! Саған да рахмет!

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *