Қуғын

Таңды-таңғы ұрып жортуылда келе жатқанына үшінші күн. Әйтеуір артымнан қарулы қуғыншы шықпады ма деп, қарайғанның бәрінен жүрек басы ұшынып, кертөбел атқа қамшы басады. Тай кезінен татардың көпесімен бәстесіп, ұтып алған кертөбел ат есті жануар, бұның қыр-сырына әбден кәнігіп үйреніп алған-ды. Тізгінді бос қоя беріп, солтүстікті бет алып шыққан бұның қайда баратыны бір құдайға аян! Ат иесінің тізгін қағысына қарап тайпалаған аяңына салып жортып келеді. Әлгінде Талдыбұлақтың суына қандырып, ауыздығын алып оттатып, қайтадан шап айылын мықтап тартып, қамшы басты. Қуғыншы дейтіндей қуғыншы жоқ… Ана желауыз Құрман көріп қалды. Шиқ еткізіп басын жұлып алсам ба екен деп, біраз отырды да тағы да жүрегі дауаламады. Құрманның да өлікті көріп тілі-жағына жабысып, кекештеніп тұрып жанары шарасынан шығып, оллаһи деді қыл мойыны сорайып, көрдім деген көп сөз деп ант-су ішті. Әйтпесе, Төлеп -Төлеп болғалы кісі өлтіріп осылай қашқын боламын деп ойлады ма екен. Енді ер азығы мен бөрі азығы жолда деп жүргенде қайран бастың қайда қалатындығы бір құдайға аян.

Аңызақ жел. Алтыатарын алып, бауыры көк пүлішке малынған Көрпетаудың тұсында жол тосқалы үшінші күн. Бүгін өтуі мүмкін, орыс қаласына соғып, солтүстікке қарай бағыт алады. Иә, амалдың жоқтығынан осындай қарекетке барғалы отыр. Құдай өзі кешірер! Ана дүниеде ақыңды алып береді,-дегенге Төлеп онша-мұнша илана қоймайды. Әлде дінге деген көзқарасының жоқтығы, сенімінің-соқырлығы ма, қанды кекті қанмен ғана жуып, тіршілігіңде есеп айырысып үлгер. Ертең тәнің қара жердің қуысына кіріп, рухың құдайдың алдына барғанда машқар таңында кімнің кім болатыны бір аллаға ғана аян ғой.

Күннің мейірімі мұншалықты керемет болар ма, көзі ілініп, кірпігі айқасып ұйықтап кетіпті. Сауда жасап, тиынын теңге қылып қазақ арасында талтаңдап жүретін татармен шатысы бар «Сарысаудагер» атанып кеткен Миколайдың қолынан қаза тапқан ағасы кірді. Дұға дәметіп жүр ме, алыстан ақыреті желбіреп, құбыла жақтан шығып, батысқа мөлие қарап отыр екен дейді. Шошып оянды. Анадай жерде жайылып жүрген күреңтөбел оқыранып барып, қайтадан отқа бас қойды.

Шіркін, Бурабайдың ауасын-ай! Шатқалдарының барлығы біз сияқты жол торыған ұры мен қарыға, қарақшыға таптырмайтын қорған ғой. Алтыатарын алып ішіне үңілді. Қорғасын оқ, қазір сәті түссе орыс қаласынан шығып, қазақтың арасына барып саудасын жасап, ұрты майға, мұрты тәттіге шыланып, көзі шеңденіп жүрген Миколайдың кеудесіне қадалады. Сөйтіп жаны жаһанамға кетеді, кегі қайтады. Бұны ойлағанда санасында жанды сұрақ туындап, денесі дір ете түсті: Тоқта-а, кісі өлтіру әрине анау-мынаудың қолынан келе қоймас, атар нысанаға алып, көкірегіне я басына, мына бір оқты қадар я болмаса екіншісін… сосын ше? Былтырдан бері қанды басын бері тарт!-деп кегі ішінде от болып жанып кектеніп, тістеніп жүрген Төлеп өз ойынан өзі іріп, үркіді.

Шәуілдеп ит үрді. Сірә, Жұмағазы байдың қойын бағып жүрген қойшылардың иті-ау! Аңызақ жел қайта есті, әлгінде аспан бұлттанып тұр еді, сілкініп жел тұрып, бұлт жөңкіле көшіп, жаумай өтті. Көрпетаудың шыңына қараса қарағай, қайыңмен өрнектелген шағын таудың ұшар басы ұмсынып, көк аспанға телміріп сұғына түскен.

Қазір Миколайды атады… Атты дейік, өлікті сосын қайда апарып, қай жерге тапсырады, жиып-тергенін алар, кәдесіне жаратар, анау ауылдағы Бағила кемпірдің жетімдеріне апарып берсе, сол шығар сауабы! Әлде масқара қылып ол бейбақты мүсіркеймін деп жүріп, одан сайын желдің өтіне тастап, басына қара бұлт үйіріп бере ме? Қарқ етіп қалбаңдап қарға ұшты. Мылтығының ұңғысына қарап үрлеп қойды, ажал сепкіш қолындағы мылтығына мұқият қарап, есінеп тағы да көзі жасаурап, кірпігі айқасты. Әзірге әу деген дыбыс жоқ. Сыңғырлап ағып жатқан тасбұлақтың суына рақаттана шомылды.

Бәрі осыдан екі жыл бұрын басталған. Шіркін қазақтай қонақжай, қазақтай кісі көңілін сыйлайтын халық жоқ шығар. Осы Сары саудагердің ит тірлігі мен өктемдігі болмағанда ағасы Төленде жер басып жүрмес пе еді? Қазақтың иі жақсы екенін аңдып, бағып, ішіне кіріп су жыландай сумаңдаған сары орыс (түбі татар дейді) Кереку мен Қызылжардың арасынан өткенде, қабақ қарыны шұрқыраса «киргизда баран много…» деп таңдаған қойын алып ұрып, арбасына салып алып, тыңқиып тойғанша жеп, сүйек-саяғын далаға тастап кете беретін ғадет тапты.

Ғұмыры жалшылықпен өтіп келе жатқан ағайынды екеудің тірлігі-Жұманғазы байдың босағасына байланған, көз ашқалы қозы соңында, одан кейін мыңғырған қойы… Жас кезінен жетімдіктің талқысына көп түсіп, көз ашқалы тұщы етіне ащы таяқ тиіп, көрбейнетті басынан кешірген Төленге қарағанда, Төлеп шақар болып өсті. Ауыл балаларымен асыққа таласып қалса, жетіммін демей шамасы келсе алып ұрып, тізесін батырып жіберіп, талай рет үлкендер тарапынан жұдырық жеп, әйелдерден қарғыс естіді. Е, сүйретпесін сүйреткен қарғыбаулы ит ғұмыр-ай, сөйткен ағасы Төлен сары саудагердің жасаған ит тірлігінің кесірінен ажал құшты.

Қоңыраулатып көшін бастап, көр-жерді қазақтың арасына сатып, оны ұсақ малдан ірі қараға дейін айырбастап кіре тартып жүрген Миколай, Жұмағазы байдың қойының ішінен өзімсініп бір нән қойын алып ұрып, қасындағы қыли көз, тырна мойын малайы Жігітбайға сойдырып, асып отырған үстіне түскен Төлен үндей алмайды. Зорлықшыл тізесі батқыш, оның үстіне қалтасында сыңғырлаған теңгесі бар, қазақ көрсе, қызыл тілімен шағып, болмай жатса жуан жұдырығына жүгінетін Миколайдың сыры өзіне мәлім. Осыдан екі жыл бұрын, мына Қызылжар жақта түс әлетінде тезек теріп жүрген жылқышының келіншегіне арам пиғылын жасап кетсе де, ауылдың шынжыр балақтары тіс жарып «ищай» демеді. Ауылдың мінезді жігіттері көтеріліп, сыбағасын берейік деп қол жинаған екен, ауылдың басбілгісі «тәйт әрі!..» деп жылқышы сорлының арғы атасында құба қалмақ заманында кеткен қырық жылғы кегін балалатып, маздап жанып келе жатқан шоққа су бүркіп тиып тастаған. Қыр қазағының осынысы жаман, пәленбай жылғы кекті балалатып қабірінің басына шөп шыққанша ұмытпайды-ау. Сөйтіп бұл тексіз жусаннан аласа халыққа келе салып, тізесін батырып, ақыл елесін жоғалтып жүр.

Е, ағасы Төлен ауылға келгенде Жұмағазының бәйбішесі алдынан «қу жетімекке» басып ашумен қарсы алады. Көп сөзге жоқ, ашуланып, аптығуды білмейтін Төлен күңк ете түсіп, «сары орысқа кеткен менің пәлен жылғы еңбегім болар!»-дейді ғой ойында ештеңе жоқ. Содан жанжал ушығып, ақыры Төленнің ажалы, Жұмағазының үлкен ұлы-Сартайдың сілтеп қалған сойылының жуан жағы қарақұсына тиіп мерт еткен. Бұл уақытта Жұмағазы байдың жылқысын бағып жүрген Төлеп ертеңіне бір-ақ естиді. Ашу үстінде, ақыл жоғалтып, кегін қайтарып алар деп үрейленді ме, әйтеуір Төленнің ажалын бертін анықтап, есті адамның аузынан естігелі Жұмағазының жылқысын тастап, кертөбел атты таң асырып ашумен атқа қонған. Үйелмелі-сүйелмелі болып, бір-біріне көлеңке болып ер жеткен екі жетімнің біреуінің тағдыры осындай болды.

Алыстан қоңыраудың үні естілді. Анық көрді Миколай, қасындағы биткөз, жалшысы сірә, саудаға алынған малды түгендеп ақырын айдап келе бермек қой. Осы төңіректегі қазақ ауылдарының үйіне түстеніп, құдайы қонақ болып, қалтасынан соқыр тиын шығармай әдістеніп алған сары саудагердің қазір айы оңынан туып, қолы жүріп тұр. Әлі келетін жалшы-жақыбайға өктем сөйлеп, сәті түссе айызы қанғанша жұдырық жұмсап алатын одыраң мінезінен тайсалып, осы төңіректің жалшы-жақыбайы бұны көрсе үрейі ұшады. Көз алдына ұзыннан түсіп қансырап жатқан Төленнің бейнесі елестеп кетті. Мылтығын оқтап ыңғайлап барып көздеді. Жуанбел күрең ат бөрі бүлкілінен ажырамай, ақырын келе жатыр. Миколайдың көңілі көтеріңкі, ыңылдап ән айтып қояды. Сірә саудасы еркін жүріп, қалтасындағы пұлы қалыңдай түскен білем. Анықтап нысанаға алды. Алды да ойланды. Әй тоқтай тұр, бұл қара күшке салып елдің ішіне бүлік салып жүрсе, демек күшіне сенгендігі. Жиырма бестен жаңа асқан Төлеп бозкілемде талай белдесіп, жас кезінде «бала палуан» атанып еді ғой. Аузы арақтан құрғамайтын, сақалынан темекінің ащы иісі аңқыған бір түкті ауызға келетін әлі бар шығар деп мылтығын тастады да, қарсы жүрді. Талтүсте алдынан шыққан орта бойлы, жанары оттай жанған, тақырбас қазақты көргенде, місе тұтпады ма, әлде ұзақ жолдан маужырап келе жатқанда біраз мытып, мысыққа ойын-тышқанға өлімнің тірлігін жасап алайын деді ме, өкіріп арбасынан түсіп тік жүрді. Екеуі де тілге келген жоқ. Тек Миколайдың аузынан ызғарлы шыққан «киргиз…» деген сөзді естіді. Миколай қара күштің иесі екен. Алыса кетті. Күресіп бір-біріне жұдырық сілтеген сайын Төлептің жүрегі айнып лоқсып жүр, қолтығын көтерген мезетте қолқаны ататын ащы иіс, ызаланып боқтаған сайын жынымен бірге сыртқа мүңкіген ащы арақтың иісінен тыжырынып барып, ызаланып жұдырық сілтейді. Кенет сәті түсіп, бір мезетте алып ұрды. Дүңк етіп құлады. Өзі де аюдай қобыраңдаған бірдеңе екен. Қатты құлағандықтан іш-құрылысы езіліп кетті ме, езуінен қызыл қан жылымшылап ағып уһ деп күрсініп жан тапсырды. Алғашқы рет, қолын қанға малып, адамның қанын мойнына жүктеп тұр. Сылқ етіп отыра кетті. Әудем жерде жуанбел күрең ат жайылып оттап тұр, месқарын әрі кетсе бір қыстық азық болатын шабан жылқы екендігі тұрпатынан белгілі. Көз алды мұнартып, оң жағына қарап лақылдатып құса жөнелді, лоқсып-лоқсып құсқан сайын ащы запыран сыртқа ытқып, көзінің алды қарауытып іші бүріп, жүрегі тулап барады.

Есін жиды. Шапшаң орнынан тұрып, тәлтіректеп барып жайылып жүрген кертөбелді әкеліп, жуанбел күрең атты доғарып, арбасының ішіне үңілді. Сорлы қазағым-ай, айна, тарақ, иіс сабын, кір сабын, бірер құты иіссу, қайран қазақтың есіл еңбегін кім жемей жатыр? Мал соңында салпақтап күні бойы жуан мойын байдың босағасында жүре бермей осыны өндіріп шығарып, өзі жасаса. Өзіне абырой бермеген харамнан жинаған дүниені жылан көргендей жиырылып арбаға тастай салды да, Миколайдың өлігін күрең атқа артып шаңдып байлап, жетегіне алды. Бөрі бүлкілден әрі аспайтын нағыз кержалқаудың өзі екен мына ат, қанша тақымына басып жетегіне алса да, бір жүрістен, жаңылыспайтын жылқы үстіне теңкиіп жатқан өлікпен борт-борт желіген болып, қайта аяңға басады да, оттай жүреді.

Ауылдың бәрі жайлауға көшіп кеткен. Қаңыраған ауыл. Ауыл ортасында Жұмағазының тастан қаланып салынған биік үйі. Одан кейінгі аласа тамдар, жеркепелер, шым бастырған шатырлар. Шырылдаған қасқабас шегіртке, шығыстан соққан қоңыр самал. Күрең аттың үстінде жатқан жансыз Миколайды әрең түсіріп, үйіліп тұрған қиды қопара бастады. Маңдайынан шып-шып ащы тері шығып, арқасы мұздап барады. Кенет ту сыртынан пысылдаған адамның дыбысынан үрейленіп барып артына мойын бұрды. Тапал торының үстінде состиып отырған Құрман. Екі көзі ит көрген мысық құсап алайып, тілі жағына байланып, сілейіп тұр. Әй, не қылып тұрсың, көмектес маған!-деді. Бала кезінен кірме атанған рудың баласы, әке-шешесінен ерте қол үзіп, осы ауылдан әрі аттамаған нәті жуас, қой мінезді жасқаншақ жігіт. Сірә, Төлептің дауысы зілді шықса керек, Миколайдың жансыз денесін көтерісіп, ортасы ойылған қиға әкеліп жатқызды. Бетін жапты да, уһ деді. Сілейіп қасында жағы сопиып, иегі кемсеңдеп, бақа көзі одан сайын бақырайып, мұрнының үсті шып-шып терлеп мөлие қарап үрейлі жанары үлкейіп кеткен Құрман тұр.

— Әй Құрман!? Мына иттің баласында ағам Төленнің кегі кетті. Бұдан өшімді алдым «ит төлеуі-бір күшік» деген. Жұмағазының өріс толы қойы болса да, қырық жылғы еңбегімізді еселеп берудің орнына ағекемнің түбіне жетіп, мен жоқта екі кештің арасына жер қойнына беріп, мені үйірлесінен айырған көкжал құсатып ұлытып қойды. Сыртым — сау, ішім-от, жаным-шоқ, басы таз қотыр Сартайдың сілтеген сойылы Төленнің ажалы болды. Ендігі кегімді өкшелеп қуып Жұмағазының шаңырағын ортасына ойып түсіріп, таздың басын мойнынан жұлып алсам деп атқа қондым,-деп ызалана сөйлеген сайын Құрманның тілі жағына байланып, үнсіз солбырайып, тұнжырап төмен қарап, көзі боталап мөлиіп отыр.  Жарайды, көрдім деген не сөз?-деп үрейленіп отырған Құрманға суық қабағын түйіп, сауал тастады.

— Көп сөз…-деп тұтықты.

— Ендеше, көп сөзді қобыратып елге жайып жүрме, әгәрәки сенің аузыңнан сөз шығып, отыз рулы елге тарайтын болса, сені қосағыма бірге ала кетемін. Ібір-Сібірдің ащы дәмін, қараңғы қапастағы ащы ішектей ит тірлікті басымыздан бірге кешіреміз деп күреңтөбелге мініп жатып, сұстанып тесіле қарады, пақыр байғұсқа.

— Жақсы-ы, қайда жүрсең де аман бол,-деп танауының астынан міңгірледі Құрман.

Сары төбе белінен асып, Бөрікталды артқа тастап, атына қамшы басты. Көптен бері ащы тері шықпай жүрген күреңтөбел сары желісіне салып жүйткіп келеді. Ойы сан-сақта, бағана аузынан демі шыққан Миколайдың көзі бақшиып күрсінгенде көзге көрінер-көрінбес бу білінді. Апырым-ай, адамның рухы ма екен, мейілі білсін «иттің қиянаты тұмсығына асса, асып өлтір я болмаса атып өлтір»,-деп сөйлеуші еді Сәлімгерей қария. Екі аяқты итке «ит өлім». Шатқалы қалың, қарағаймен өрнектеліп түктелген биік жартастың қуысына келіп дамыл тапты.

Кешеден бері нәр татпай осы бүгін өтеді-ау деп ызасы қайнап, жол тосқан бұның шындап шаршағаны білінді. Ұйықтап кетіпті. Түсі екен, Төлен кірді, «қаш, жау келді, әні дөңнен асты!»-дейді. Шошып оянды. Ана жерде күреңтөбел кісінеді. Шапайылын нығыздап тартып қайта атқа қонды. Жүрегінің басындағы үрей ұшқын атып, көңілі алабұртып қаша жөнелді. Қуғыншы шықты. Әне салт атты. Міне қуғыншы. Осылай екі жарым жыл бойы Қызылжар мен Омбының құла даласын кезді. Әйтеуір құдайы қонақпын деген қазақ, руын сұрағаны болмаса, тәптіштеп жай-күйін сұрамайды. «Жоқ іздеп жүрген адам едім» деп, сұрай қалса қысқа қайырады. Иә, Миколайды қиға көміп кеткен күні апта бойы даладан құс — аң атып алып әйтеуір жан бақты. Сол күні нөсер жауып, күземнің күзі келген соң, ақырындап ат басын шеттеу тұрған қараша үйге тіреген болатын, сол үйде түнеп шықты. Жас шамасы жетпістен асқан отағасы қарт кісі екен, шүйкедей кемпірі бар, қолдағы бала-шаға жайын сұрап қазбаламады, қарияның қабағы түксиіп, қалың сақалы беліне түсіп, таңғы шайды ұзағынан сораптайтын нағыз шайқұмар біреу екен. Екі самауыр қатарынан қойып, сүт қатқан қою шайды сораптаған сайын әжім басқан қыртысты жалпақ маңдайы шып-шып терлеп, кіршіксіз орамалымен сүртініп қойып, малта құрттан бір тістеп, қайта кіріседі. Сірә кемпіріне шалының шайқорлығы мәлім ғой, тіл қатпайды. Бабымен сораптап ішіп, екінші самауырдағы суды тауысып, уһ деп аллаһу акбарын айтты да, қолына қара домбырасын алып, дың еткізіп құлақ күйін келтіріп алып, күй тартты. Күй құдіреті екі шектің үні шыққан сәтте ойы сан-сақта отырған Төлеп селк ете түсті. Күй — құдірет. Апыр-ай мына бір жері. Әлде мына шал менің ойымды айтпай-ақ ұғып отыр ма? Не құдірет мынау!? Жүгірген аң, ұшқан құс… гөй-гөйлеген ащы сарын, сынық қанат сұңқардың сұңқылы жоқ, жоқ өлім тілеп жер бетіндегі адамзаттың баласына лағнет айтатын байғыздың үні, жалғыз жортып жүрген жалғыз бөрінің тірлігі ұлуы. Күй аяқталды. Домбырасын баппен жүкке сүйеп қойған қария күмбір ете түсті.

— Түнде қатты шошынып ұйқысырап шықтың, һімм…

Төлепте үн жоқ.

— Иә… ұшқан құсты, жорғалаған жәндікті Алла тағала барлығына жан беріп, рух беріп жаратқан. Алладан асқан құдірет жоқ. Әлдіні әлсіз жеңуі, тақым батыру сонау адамзаттың арғы атасынан бермен қарай жалғасып сабақтасып келе жатқан үрдіс. Өтірік жалғандық салтанат құрған жерде ақиқаттың аты-арам өледі. Һімм… деп жалпақ маңдайын сүртіп алды да, әрі қарай ойын жалғастырды. Мен кісі танысам сен бала кісі өлтіріп қашып, бойтасалап жүрген жансың!-деп соңғы сөзін зілді аяқтады.

Әрі қарай шыдамады, ішіне қаншама айдан бері жиналған ащы шер, қалың қатпар мұңды қарияға ақтарып салды. Күйші қарт шаңырағына қарап ұзақ ойланды.

— Ойпырым-ай! Сол сары саудагердің қылығын естіп ыза болып отыр едім. Арғы аталарымыз ат үстінен табылып, мына Дешті Қыпшақтың даласын ат тұяғымен қорғап, қалың қазақтың еншісіне жер қалдырды. Құдай сол қазаққа бірлік бермей отыр, бірлігі жоқ, тірлігі пәс, алты бақан алауыз болып, бір-бірін шаптан түртіп, мазасыз болып барамыз. Кезінде ақ патшаға бағынбай тұрып құлжаның асығындай қазақ едік, патша келгелі бәтуәлі сөзіміз жерге көміліп, тоқтының тобығындай шала мүжіліп жүрміз. Бірлігі бекем елдің қотанына қотыр ешкі кіріп, қорасын былғай алмайды. Әлжуәз, әлсіз халық болып, қараңғылықпен күн кешіп, мал соңында таңымызды атырып, күнімізді батырып отырғанымыз аздай, құдайдан кейінгі оның ұзын көлеңкесі ақ патша деп құзіретіне бас ұрдық. Ендігі қазақтың басына ұлы мұрат — тәуелсіздік деген еркіндік қашан келетіні бір көктегіге аян! Бір ғасыр я екі ғасырдан соң қазақ азаттыққа ұмтылса, басына бақ қонса, қона қалғанның өзінде қарашекпендінің салтына түсіп, санасына кіріп, кір қолтығынан тәрбие алып, тілінен безіп, дінінен адасып, мәңгүрттеніп кете ме деген менде үрей бар! Үр-ей! Мына даланың желін тыңдашы үп еткен самалының өзінде бір гөй-гөйлік бар, өгейлік танытып өксиді. Қазақ халқы көшпенді халық. Көшіп-қона білетін жауынгер, рухты халық! Е несін айтасың мыңжылдықты болжайтын көріпкел, әулие, палшы емеспін. Бірақ, менің түсім қателеспесе қазақ, алдағы қазақ-ол күнге де қол жеткізер, тәуелсіздік деген ұлы күнге жетіп жығылар, еркін ел, жеке мемлекет болар. Әй бірақ талай боздақтың қаны мен рухы осы жолда судай ағады ғой әлі де.

Иә, бірді айтып, бірге кеттім. Сары саудагердің үнін өшіретін орта жүзде бір ұл тумаған ба деуші едім. Жарады, бірақ «сары орыстың- бәрі орыс» дейміз ғой, бұлардың ішінде де торысы, төбелісі болады. Тамыр орыстарым жетерлік. Мына қалың болмаса да ат төбеліндей шағын ауыл болып отырған елміз. Қызылжар жақта қызыл судағы балықты кәсіп етіп отырған ауыл бар. Сол ауылдың жирен бастары келіп, аралас-құралас болып отырамыз. Әй менің қорқатыным ұлымыз осыдан келін түсіріп, қызым өрістерін сол жаққа жаймаса екен деймін. Бір қойдың басын мүжіп аттан. Әлгі сары саудагерді қияметке аттандырғанда күре тамырын кесіп жіберіп, ыстық қанынан ұртамаған екенсің, сонда жүрегіңнің басындағы үрей байланбас еді, түнде түсіңнен шошымас едің,-деді қария. Ақыл-есінен айырылып естанды күйде отырған Төлепке салқын қабақпен қарап күрсінді. Әйтеуір есті қарияның сөзі жанына медеу болды ма, аздап үрейден сейіліп, кертөбел атқа қамшы басты. Дала кезді, ел кезді, жолаушылады. Басы ауған жаққа кезіп-кезіп, біраз жерді аралады, кеңқолтық қазақтың қонақ келсе, жалғыз тоқтысын алып ұратын мәрттігі сақтады. Жүрек басындағы үрейден бірақ арыла алмады.

Қызылдар келіп, ақтар қашып, дүниенің дидары бұзылған тұста ел жағалап, Талдысайдың етегіне ат басын тіреді. Баяғы Жұманғазы байдың таз баласы Сартайдың да жаны жаһанамға кетіпті. Уақиғасы былай өрбісе керек. Екі кештің арасына іңір шайына отыра бергенде шағын ауылдың иттері абалап үріп, екі кештің арасында бұрқ етіп, аспанға мылтық атылады. Бейқам отырған ауылдың кемпір-шалы, бала-шағасы, бөрік киген азаматтары аяқтарына кебістерін сұға салып сыртқа шықса, мұздай қаруланып, қабақтарының астына мұз сірескен қаптаған сары орыс… Алдымен бай Жұмағазы жалпақтап бар білетін орысшасын айтып, үйге шақырып еді, басшысы болар, жиренмұрт ызаланып айқалайлап, басынан қамшымен салып өтті. Әй-шәй жоқ, жолдан еріндері кезеріп, суішкілікке зар болып кірген басқыншылар бай ауылының үйіне кіріп ойларына келгенін жасаған. Бір апта бұрын үлбіретіп әкелген Сартайдың келіншегі үрпиіп көзі мөлдіреп босағада тұрғанын көрген, әлгі қарулылардың біреуі алып ұрып арам ниетін жасай бастағанда, Сартай бақанды ала салып бақыра ұмтылады. Қайқы қылыш сарт етіп, мойына тиеді, апыр-ай мына дінсіздердің сұмдық тірлігін-ай дегеннен басқа басу айтатын, басалқы қылатын біреуінің де үні шықпай көздеріне ерік беріп, мөлие қалады. Мойнына тиген өткір қылыштан тіл тартпай кеткен бақырауық Сартайдың көзі бақшиып, он екі қанат байдың ақ ордасының іші қызыл қанға малынып жатқанда өлі денеден бар өштерін алғысы келді ме, күнқағарларың миығына дейін киіп алғандар бақылдап, кіжініп мәйітті мыжғылап тепкілесін. Бұрын-соңды қазақтың даласында мұндай сұмдықты көрмегендер үрейлері жүрек басына жиналып, тау-тасты бетке алып қашса, қолға түскендері тізерлеп, дәрменсіз күй кешіп, қарулы топтың алдында тілсіз тұншығады.

Құрманның қараша үйіне кіріпті сол жолы мойны сорайған үкі көз орыс. Әй киргиз нең бар алатын?-дейді аралас тілде. Биыл заман реңінің өзгеріп, құбылып бара жатқанын көрді ме, Құрманға байдың бәйбішесі қаратізеге келетін саптама етік сыйлап еді. Байғұс кедейдің жаз киерін қыс киіп қайдан күні оңсын. Саптаманы қолына ұстататып тұрып «тегін келген дүние ғой, тек тезек баса көрмеңіз»,-десе керек. Әңгі-тәңкісін шығарып, алатынын алып кете барған қатігездерден кейін бай ауылы үрпиіп отырып, Сартайдың өлі денесін жерлеп, жараланып қалғандардың жарасын таңып бола бергенде Жұмағазының бәйбішесі де дүние салады. Күні кеше ғана дүркіреп осы атырапқа аты шығып, дүниенің кілегейін қалқып ішіп отырған байдың гөй-гөйіне құлақ салсаңыз, тұла бойыңыз мұздап, сүйегіңіз сырқырап қасына отыра алмайсыз.

Араға апта салмай тағы да атты әскер. Ит үріп, балалар үрпиісіп, үлкендер жағы «а құдайлап!» көрікті көрім қыз-келіншектер тоғайға қарай безе қашып, ауылдың шат-шәлекейі шықты. Келген жаңа үкімет екен. Тәштиіп, ат үстінде тік отырған баяғы арғы тегі Абылай заманында қолға түскен күңнің ұрпағы деп, арғы мен бергісін бетіне салық қылатын Салықбайдың Сыздығы. От ала келгендей зіркілдеп, қарашаның басына қалың бұлт үйірді, Колчак әскерінің алдына мал салып, астау-астау ас беріп, көктегі беймәлім құдайларына жалбарынып аттандырыпсыңдар! Қайда әлгі құдайшыл, қанаушы, сақалды иттерің деп үйінде төсек тартып ақыл-есінен айырылып отырған Жұмағазы байды сақалынан сүйреп алып шығып, зікірді салсын келіп. Оу, дейді көп сөйлемейтін Құрман. Жаңа үкіметтің сиқы осы болса… кедейді жарылқайды деген, е, түбіне болайын! -дейді күйініп. Сірә күні батып бара жатқан Жұмағазы байды мүсіркеді ме, әлде жаңа үкіметтің ат шабарларының сықпытынан қорықты ма, сүйдепті. Сол күні Жұмағазы байдың ажалы қаһарын төгіп келген қызылдардан келді. Артынан дүние дидары бұзылды…

Елуінші жылдары алпыстан асып кеткен Төлептің жүрісі ширақ, тың, ауылда жылқы бақты. Қуғын мен сүргінді бастан кешірген қария кешке қарай қара қостың ішінде отырып басынан кешкенін баяндайды екен. Әңгімесі тартымды болғандықтан жылқышылар үнсіз тыңдайтын көрінеді. «Қанша кісі өлтірдіңіз?»-дейді ғой баяғы Құрманның ұлы мұртынан күліп. «Бәлшебекті де меншебекті де, сәті түскенде, енді…» әрі қарай жұмбақтап сөзін түбіне жеткізбейді екен. Әйтеуір түн баласы ұйқысырап жатып «ал келді, қаш!..» деп айқайлап бастырылып шығатын еді,- дейді көзі көргендер.

Бірде… баяғы күйші қарт аңсап еді, айтып еді мен қашқын болып жүргенде қазақ түбі тәуелсіз ел болады, бодандықтан құтылады деп Төлеп қария айтыпты. Әй бірақ мен көрмеймін ғой, көре алмаймын, сендерді білмеймін, сендердің балаларың бәлкім,-дегенде саясаттан хабары жоқ жылқышылар мырс етіп күліп, теріс қарайды екен. Не болса да иен далада отырып тәуелсіздікті аңсаған бабалардың рухы аз қазаққа тілеулес болды. Шіркін шыр көбелек айналған дүние-ай!

Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *