А. Цой тамыз-қыркүйек айларындағы эпиджағдайға болжам жасады

 

Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, еліміз 26 маусымнан бастап қызыл аймақта. Тек Түркістан облысынан басқа барлық өңір қызыл аймаққа өткен.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың дерегінше, 3 тамыздағы дерек бойынша республикадағы инфекциялық аурулар төсек-орынның 56%–да, реанимациялық төсек-орынның 44%-да науқастар емделуде.

Өңірлердегі эпиджағдай

«Жұқпалы ауруханалардағы ең көп науқас Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, жансақтау бөліміндегі науқастар Ақмола, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында көп тіркелген », — деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігі өз қызметкерлері мен медициналық ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамымен бірге 10 аймаққа сапарлап барған және КВИ науқастарын күту бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсеткен.

Министрдің айтуынша, өңірлердегі ахуалға егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, жағдайды тұрақтандыру үшін нақты ұсыныстар берілген.

Сондай-ақ, стационарлардағы жүктемені бағалау матрицасына сәйкес, «қою қызыл» аймақта, яғни қауіп жоғары аймақта төрт өңір бар екенін еске салып өтті.

«Олар — Алматы, Шымкент қалалары, Атырау және Қарағанды облыстары. Ондағы төсек-орынның апталық қамтылу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден асады, кей жерлерде одан да жоғары», — деді Алексей Цой.

Сонымен қатар, министр 2 тамыздан бастап өңірлерде іскерлік белсенділікті арттыру және эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын ескере отырып шектеу шаралары қабылданғанын айтып өтті.

5,5 млн-ға жуық азамат толықтай вакцина алды

Сондай-ақ, министр халықты КВИ-ға қарсы вакциналау жалғасып жатырғанын жеткізді.

Министрдің дерегінше, қазіргі таңда шамамен 9,4 млн доза вакцина пайдаланылған. Оның ішінде 1-компоненті бойынша 5 480 094 адам егілген, бұл тиісті халықтың 55,4% — ын құрайды. Ал, екінші компонентпен 3 941 941 адам немесе тиісті халықтың 39,8% қамтылған.

«Ashyq» жобасының қатысушылары 3 есеге артты

Министр «Ashyq» жобасына қосылу талаптарын жеңілдету қатысушылар санының 3 есе артуына ықпал еткенін жеткізді. Осылайша, 27 шілдеден 3 тамызға дейін 21 900 қатысушыдан 67 782 қатысушыға дейін өсім байқалған.

«Ashyq жобасы аясында мониторинг топтары 50 мыңнан астам нысанды тексерді және 642 нысаннан заңбұзушылық анықтады», — деді Алексей Цой.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің деректеріне сәйкес, 10 шілдеден бері 16 663 ереже бұзушы анықталды, оның ішінде 10 305 келуші «қызыл» мәртебемен, 6 358 адам – «сары» мәртебемен көпшілік жиналатын орындарға кіргісі келген. Осылайша, 16 мыңнан астам нысанда халықтың КВИ жұқтыруына жол берілмеген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, соңғы төрт аптада ДДСҰ-ның алты аймағының бесеуінде инфекция 80%-ға немесе екі есе артқан. Бұл өсудің басым бөлігі қазіргі уақытта 132 елде табылған аса жұқпалы «дельта» нұсқасынан туындайды.

Сонымен қатар, «дельта» штамының алғаш рет елордада анықталғанын және сырқаттанудың күрт өсуіне әкелгенін ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласындағы сырқаттану динамикасына зерттеу жүргізілілгенде соңғы екі аптада ауру көрсеткіші бір деңгейден аспағаны байқалған.

«Соңғы аптада жедел жәрдем шақыру көлемі 11%-ға азайған. Тамыз-қыркүйек айларындағы эпидемиологиялық жағдайға болжам негізінде біз оптимистік сценарий бойынша жүреміз, онда 2021 жылдың тамыз-қыркүйек айларында тіркелетін жағдайлардың болжамды саны — шамамен 250 мың адам, орта есеппен тәулігіне 7 мыңға жуық жағдай», — деді Алексей Цой.

Оның айтуынша, оптимистік сценарийді одан әрі ұзарту карантин шараларын сақтап, тиісті тұрғындарды вакцинамен қамтуды арттыру кезінде ғана мүмкін болады.

Венера Жоламанқызы

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *