Біз әлі көктейміз!

Бұтағы қырқылған ағашты көз алдыңызға елестетіңізші.

Қандай сән бар? Сұрқы да, тұрқы да сүреңсіз болмай ма?

Түбінен қырқылған томар ағаш ше? Бірі шолақ, бір молақ ағаш орман бола ма?

Қазақтың маңдайына жазылған жазмыш кілең тақсірет пен қасірет: отыз екінің аштығы халқымызды қынадай қырып салды; отыз жетінің орағы ойлы оғландарды баудай түсірді; сұм соғыстың сүңгісі ер-азаматтың кеудесін үңгіп кетті…

Оталған ормандай, сормаңдай хал кештік. Зобалаңды да, небір зұлматты та біздің ұлттың басынан  өткерді.

Құдайдың құдіретіне қараңыз: қанды қасаптардан қазақтың тігерге тұяғы, жігерге қияғы қалды. Құладық, сұладық, жыладық…

Сүрінгеннен — жығылған жаман. Жығылғаннан — құлаған жаман. Құлағаннан — тұрмаған жаман. Біз қайта тұрдық.

Бұтағынан айрылған бәйтерек қайта көктеді. Сиреген сексеуіл қайта сәусілдеді. Жұтаған жыңғылға жан бітті.

Біз көктеп келеміз. Қайтадан.

Ойлы жұрт болу үшін не істеу керек? Ең әуелі жақсы ойды серік ету керек. Сосын жағымсыз ойлардан мүлде арылу  керек.

«Мың өліп, мың тірілген» елміз дегенді әр қазақ жатқа біледі. Кешегі күнде елдің рухын оятуға керек болды. Қызмет етті. Енді ше? Бүгінгі таңда бұл біздің жедел дамуымызға кедергі сөз. Сол тәрізді «бодан болдық», «отар болдық», «еркімізден айрылдық» деген сөздер біздің санамызды тұмшалайды. Басымызды еркін көтертпейді. Еңсемізді езеді. Өзімізді құл ретінде дәрменсіз етеді.

Қазір біз Тәуелсіз елміз. Демек, ой да тәуелсіз болу керек. Ойымызды дұрыстап алмай, ісімізді дұрыстай алмаймыз.

Жеңілген, жығылған, құрыған, біткен, тынған деген сөздер ұлтты өсірмейді.

Жеңілмейміз, жығылмаймыз, құрымаймыз, бітпейміз, тынбаймыз деген сөз рухты күшейтеді.

Біз өз еліміз, өз жеріміз, өз тіліміз, өз Мемлекетіміз барда ешқашан құрымаймыз!

«Бодан болдық» деген желеу ғана. Біз қазір өзіміздің сәтсіздігімізді біреуден көруге әбден жаман үйреніп алдық. Жол жөнделмесе әкім кінәлі, бала сабақ оқымаса мектеп пен мұғалім кінәлі, халықтық қалпымызды сақтай алмасақ — өзгелер кінәлі, тілімізді жүргізе алмасақ – отарлаушы ел кінәлі, дәстүрімізден айнысақ – заман кінәлі, жемқорлық жайласа – қоғам кінәлі… Осылай кете береді. Кінәні біреуге аудару – ұлтты жауапкершіліктен айырады. Жауапкершілік болмаған жерде жөнді жұмыс болмайды. Жауапсыз жұрттың көңілі ештеңеге толмайды…

Ең бастысы сана азат болуы тиіс. Тордағы жолбарысты босатып жіберсе, үйренген жерінен ұзай алмайды. Тордың аты – тор. Торда тұру – қор. Ендігі таңда қазақ қорлықпен өмір сүрмеуге тиіс. Мақтаныш сезімі кеудесін кермеген ұлт ұзаққа бара алмайды. Біздің ойымыздағы бодандық, бойымыздағы бостандықты байлайды.

Адамның ойы азат болмайынша, бойы азат болмайды.

Елбасы бұл ел – Қазақ Мемлекеті, Қазақ Елі болады деген мәртебелі межені белгілеп берді. Ендігі жердегі елдің міндеті сол межеге тезірек қол жеткізу болуы тиіс. Ол үшін әр қазақ өз ісіне, өз сөзіне, өз шаруасына жауапты болуы қажет. Қазаққа қазақтың қарасқаны керек. Сәулелі сөзге санасқаны керек.

Ел мен егемендік тағдыры – қазақтың өз қолында. Бұл іске бел кетсе де, белбеу кетсе де садаға!

Біз бұтағы қырқылған бәйтерек едік. Енді көктедік. Көкке қарай көктеп келеміз. Тәуелсіздікке қорған болар халқымыз бар. Өршіл мақсаттарға жігерленген қалпымыз бар. Ешкімнен кем емес салтымыз бар.

Біз ХХ ғасырдың орасан отасынан аман қалдық. Жұтасақ та жұтылмадық. Ұрылсақ та ұтылмадық.

Біз ХХІ ғасырға еркін ел, егемен мемлекет, еңселі жұрт болып есік аштық.

Өткенге де, өлгенге де салауат! Өшкен жоқпыз, өстік. Біз әлі қаулаймыз, қайта көктейміз! Жанған оттай лаулаймыз, ешкімді сөкпейміз.

Енді біздің қазақты ешкім де қолынан қаға алмайды, жолынан шаба алмайды.

Іргелі елге іріткі түсірмесек, ішкі бірлікке ілкімді істі серік етсек, жоталы жұртпен жарыссақ, жақсы өмір үшін алыссақ, бар қайратты салыссақ – қазақтың алмас қамалы жоқ! Көре алмас елдің амалы жоқ!

Ей, уақыт! Ей, заман! Көзіңді ашып қазақққа қара:ескен желдей, көшкен сеңдей, қиындықты еңсеріп, қайратты жиып белсеніп, біз келеміз!

Нұртөре ЖҮСІП

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *