Жазушының бәрі пенделер, періште тек қоғам ғана

Тойласын соңғы жеңісін,

Солардың жері кеңісін.

Өлтірмей құдай жөнімен,

Ойнап жүр енді менімен.

Жұматай Жақыпбаев

Солай еді ғой. Бұрыннан солай. Жалпы қиялына құрық бойлатпас ақындарды әпендіге теңеп жатамыз. Жоқ, оқырманым, бұл қате пайым, кері түсінік. Кезінде Рудаки ақынның көзін ойып күйдіріп, соқыр еткен бұл адамзаттың қаскөйлігіне қарсы келетін ешкімде дәрмен жоқ, адамзаттың баласы, адам болып жаратылғаннан бері, бойындағы адами қасиетімен жауыздығы бірге жасасып келе жатыр. Ақын Есенинді маскүнем, зинақор деп деп совет үкіметі өліміне себепші болды. Сөз түсінетін ақжағалы болса, бәлкім сол кезде Есенинге мейлінше мейірімі түсіп, қолдар ма еді. Әр ғасырдың ақыны мен жазушысы, һәм суретшісінің барлығы тағдырдың теперішін көріп өтті. Л. Толстойды адамтанушы деп бағалаймыз, оның да іш қыжылы болып, әйеліне деген махаббаты суып, өмірінің соңы өкінішпен аяқталды. Гоголь өлмей жатып, ұйқыда көміліп, ақыры ана дүниеге тірідей аттанды. Оқи берсеңіз, тұла бойыңыз түршігетін фактілер мейлінше көп. Ардың ісіне адалдықпен араласып, ғұламалыққа тән қасиетімен өлмес мұра қалдырған ұлылардың қатарында қазақ жазушыларының да бар екендігі жасырын емес. Керемет ой иесі Мағжан ақын, өз ажалымен өлді деп жатыр. Батыр Б. Момышұлы көріпті. Күнделігіне жазыпты. Бәлкім, расында да әміршіл империяның сол кездегі басшысы болған Сталин мысыққа ойын, тышқанға өлім деген түсінікте саяси ойын ойнап орыс жазушысы М. Булгаковқа істеген тәжірибесін, Мағжан ақынға да істеп, тірідей тіршіліктің тамұғына шырылдатып салды ма екен, әйтеуір шешуі табылмаған жұмбағы көп дүние болды бұл тұс. Мүмкін ұлы Мағжанның жырларына ғашық болып, сөз құдыретін тереңнен сезінетін жендеттердің біреуі атуға қимады ма, әйтеуір өз ажалынан өлгені осы күнге дейін мені таң қалдырады, егер аймаңдай ақиқат болса.

Иә, одан кейінгі қазақ жазушыларының басына бақыт таңы атып, жақсы өмір сүрді деуіміз, қисынға келмес, сөз бостандығы шектеліп, сөз полициясы соңына түсіп, бір шеңбердің ішінде ғана өмір сүрген, қазақ жазушыларының өмірі мен тағдыры, жұмбақ өлімдері бүгінгі күні әлі де мардымды болып айтылмай, сол қалпында қалып жатыр. Көпшілігі көрген шығар, көрмесе көріп тамашалауға болатын кино шықты, бірақ көңілім осы туындыға толмады. «Қаламгер»деген атаумен шыққан кинотуындыны, бір күн бойы қарап шығып, кинодағы кейіпкерлердің пенделігіне күйіндім. Ащы сусынның сонына түскен ақын-жазушылардың образын сомдап, актерлар ойнап жатыр. Иісі мұсылман баласында сөз бар «періштенің де, бес міні бар» деген. Мұқағали ақынның образын ойнаған актер, образды кәсібилікпен аша түсті, ойнауы ғаламат, ақынға тән, буырқанған асау мінез бар, гүрілдеп, ақынның асау мінезіне салып, характерлік сипатпен өлең оқиды. Бірақ, алдарында үстелде «жындысу».

Құдай-ау, басқа бір қырын неге көрсетпеген, «өлім мені әлдиле» деп қырықтың ішінде дүние салған «ақын өлтіру» ойыны бізде, әлі ойналып жатыр ма!? Қазіргі жастар, ақын Мұқағалидің өлеңіне ғашық екендігін білеміз, өз заманында ойып тұрып, орын алған, музаны шыңына жеткізіп жырлай білген ақын уақыт үндестігімен, келешекте де есімі ел аузынан кетпейді. Бірақ, нарықтық жүйенің тұсында рухани құндылықты қысқа адыммен өлшеп тұрған мезетте, көпшілік кітап оқымайтындығы жасырын емес, әдебиет ардың ісі деп жоғарғы баға алған, ұлы көштін соңы сұйылып барады. Қазіргі жас жазушылардың есімін көпшілік біле бермейді. Сөз арзандап, құны кетті, рухани байлығымыз жұтаңшылыққа ұшырап, тоқырау кезеңі дейтін өліара тұста өмір сүріп жатыр. Егер, келешек ұрпақ, кітап оқымай, «Қаламгерді» тамашалап қазақтан шыққан ұлыларды көріп, ойларын қалай қортындылайтындығын айтпасақ та, өзі қорқынышты. Иә, әңгімеміз ауысып арнасынан шығып барады. Советтік цензураның тұсында жарық көрген мыңдаған қаламгерлердің есімдері шығармасының сапалы, сапасыздығына қарамай жарық көріп жатты. Классиктерде мыңдап шықты. Әсіресе, қазіргі күні көпшіліктің сұранысы ие болып отырған «Көшпенділер» І. Есенберлин. М. Мағауин, Д. Досжан, С. Бақбергенов, Қ. Жұмаділов, М. Әуезов, Ә. Кекілбаев т.т осылардың арасында көкшетаулық Саттар Сейітқазиннің есімі жоқтың қасы. Әрине, классик деп бағалауымызға болмайтын шығар, бірақ ардың ісіне араласып, Әбіш ағамен Мұқтар Мағауиннің жолын ашып, батасын беріп, әдебиет сахнасына жол ашқан адам екендігін М.Мағауин «Әбіш Кекілбаев» жайлы жазған эссе естелігінде айтып, жазыпты. Бірақ, бертін әдебиет порталдары, ұзын-ырғағы таусылмайтын газет-журналдардан қаламгердің есімі тұрғанымен туындылары жоқтың қасы.

Саттар Сейтқазиннің жазған туындылары һәм өлеңдері мен әңгімелері өткен ғасырдың тұтас шындығын шымқамай, ақиқатын жеткізіп жазған, біздегі ескі атаудан арылғысы келмейтін, қысқа қайырымды тарихшылардың аузынан жиі шығатын «Ұлы Отан соғысы» жылдары, яғни ІІ дүниежүзілік соғыспен балалық кезеңі тұспа-тұс келген жазушы, қилы кезеңдегі ауыл өмірінің образын суреттеп, айқайшыл, әпербақан, басқарманың характерлік сипатын кеңінен ашып, суреттеген «Жылқышы баласы» деген кітабы бар. Бар болатын, бертін бұл кітап советтік цензураның күшімен емес, өздігінен ел ішінен жоғалып тынды. Облыстық кітапханада, аудандық кітапханалардың көзі жойылып кеткендігіне таң қаламын. Әлде бір біз білмейтін жұмбақ құбылыс, жоқ әлде сырттан емес, іштен шалу арқылы, аталмыш кітаптың жоғалып кетуіне кім ықпал болды, бұл жағы тағы да, бізге беймәлім. Ауылдан да сұрастырып едім. Пәленшенің үйінде бір данасы болған, қолдан-қолға өтіп, ақыры көзі жойылды деген ақпарат алдым. Эссе, естелік жазғыш алдыңғы буын ағалардың кітаптарына сүзіліп, С. Сейтқазин туралы ізденіп көрдім. Әлқисасын қысқа қайырып, характерлік сипатын бергенде қарын ашыратындай күйде селсоқ жаза салған бәлду бірдемелер. Ащы да болса да, ашығын айтқанда «ішкіштер» қатарына жатқыза салғандығы жанымызды аяздай қариды. Шығыстың ұлы ақыны атанып, көзі тірісінде шарап жайлы жырлап өткен О. Һәйәм жайлы шығыс әдебиетінің сыншылары жұмған аузын ашпайды, ашқылары да жоқ, дуэлге қарсыласың шақырып, өз ажалына асыққан Пушкин жайлы орыстың әдебиет сыншылары да тіс жармайды, тіпті советтік қырғын системаны мейлінше жетер жеріне жеткізіп, жырлаған Маяковскийдің жағымпаз, жәдігөйлігі жайлы бірде-бір материал таппайсыз, бар шығар, бірақ, характерлік ситуациясына келгенде, көзді жұмып аттап өтеді. Біз, көргенімізге «көзақы» алып, айна-қатесіз адамды қаралау арқылы неғұрлым оқырманды тарту үшін, осындай мінездеме беріп, табалап, қаралап, масқаралап жататындығымыз ұят! Неғұрлым осындай бір қайнауда жазылған дүниелер арқылы, көпшіліктің ойынан шығамын деген, кейбір пысықайлардың жүйесіздігіне баға беретін, оқырман екендігін жазғыштар жақсы біліп алған. Қазіргі күні жасыратындығы жоқ, өсек сөзге жанымыз құмар. Біреуді даттаған дүние шықты десе, өзімізді құдайдың кенже ұлындай пәк сезініп, сол шыққан материалды шам алып, соңынан іздеп жүріп оқимыз. Неге? Қасиетті сөздің құны пәс тартып, көңіл кесесіне тек қана жамандық атаулысын жинауды мансұқ етіп алғанбыз. Байыбына бармаймыз, неғұрлым жамандау, қаралау, тезіне жетіп жамандау арқылы атымызды шығарғымыз келеді. Ардың ісі аталатын ұлы ұғымды дүниенің сахнасындағы әпенділер, пенделікке салынып, дүние жазып, пендешілікпен кино түсіріп жатса өтімді деп ойлаймыз. Жоқ, оқырманым, әрбір адам ашылмаған құпия галактика. Оның өз есебі, өзінің ойы мен алға қойған жоспары бар, тәңірдің — маңдайына жазған, тағдыр деген толғақты түйіні бар. Әсіресе, қолына қалам алып, сөз қаузап, ойдан мүсін орнатушылардың басына құдай тағала бақ пен бақытты қатар сыйласа соны да көре алмаймыз. Неге, өйткені пендеміз.

Жалғыз біздің халықта емес, жұмыр жер бетіндегі зиялы қауымға деген жаптым жаланың құрбаны болғандар көптеп кездесетінін біреу білер, біреу білмес. Әлем әдебиетінің классигі атанып, Нобель сыйлығын алған жапон жазушыларының біразы, тіршіліктегі көрген мехнаттары аз болмаған. Өмірдің ащы тұстарының уың ішіп, ақыры кейбіреулері өз-өзіне қол салуға мәжбүр болғандығы жайлы да аз айтылып жүрген жоқ. Ойламаңыздар «зиялы қауымның» өкілі бақытты ғұмыр кешеді деп. «Сөзден сөз туады, ой болмаса сөз қайдан туады», неғұрлым ащы шындықты айтып, көпшілікке ой салып, адамзатты өркениетке қарай сүйреймін деген жазушы мен ақынның көрген күнін дұшпаныма тілемес едім. Келеке мен келемеж болып, қоғамның кемшіл тұсына кірпіш қалаймын деп жүрген зиялы қауымның өкілдерінің басынан тірісінде де, өлгеннен кейін де сөз кетпейді. Өйткені, көңілі соқыр қоғамның көңіліне шырақ сәулесін жағамын деп үміттенген қалам иелері осыншамалықты таяқты көтеріп жүріп, гөй-гөймен өмірден өтеді. Мәңгілік мекенінен орын тауып, байыз таптым десе де, артынан ерген сөз, ғасырдан-ғасырға ауыса береді. Кей-кейде, жазушы мен ақын ғана пенде рөлінде, қоғамның қалған тұрғындары періште сияқты болып көрінетіні жасырын емес. Себебі жақсыға сөз жуық.

Алдағы уақытта қазақ зиялыларының оның ішінде көкшетаулық зиялы қауымның дүниеден өткендерінің ғұмыр –дерегі жайлы там-тұмдап дүние жинап жатырмын. Ой таразысына салып, оқырманға ақ пен қараны айырып, жетер жеріне жеткізе алсам ба деймін.

Мен әдебиет сыншысы емеспін, әдебиетші де емеспін, кәдімгі қарайым қатардағы журналист ретінде, өз ойымды қортындыласам соның өзі мен үшін, үлкен мәртебе. Қысқасы ақты-ақ, қараны-қара деп, ой таразысына тұлғаларды ғұмыр дерегін салып, отырсақ, көзі қарақты оқырман пендешілікті түйсігімен түйсініп, түсінуі мүмкін бе деймін.

Жеңіс Оспанов

Суретте: Саттар Сейтқазин

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *