Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын

 

Классик жазушы Ғабит Мүсірепов «Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметінің өзіне көрік береді»,- деген екен. Міне, қызметіне көрік берген осындай жандардың бірі- Мәдениет ауылының мешітінде қызмет етіп жүрген имам Дабар Азаматұлы Кенжебай.

2020 жылдың қыркүйегінен бастап ауыл мешітінде қызмет етіп келеді. Алдына қойған мақсаты- ата-бабаларымыздың жолын ұстана отырып, халыққа Алланың дінін жеткізу, себебі дін адамзатқа жақсылық әкеліп, имандылыққа ұйытатынын барлығымыз жақсы білеміз.

Кенжебай Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетін бітірген, мамандығы- «Исламтанушы». «Адам адал еңбегімен танылады» дегендей, аз уақыттың ішінде көптеген игі істердің ұйытқысы болды. Өнегелі шәкірттер тәрбиеледі, ауыл жастарына Құран оқуды үйретіп, дініміздегі қағида, заңдылықтармен таныстырып жақсылыққа баулып жүр.

Ислам діні тазалыққа өте үлкен мән береді. Дененің, үстіміздегі киімнің, сондай-ақ жүректің, яғни ішкі жан-дүниеміздің таза болуы шарт. Кенжебай шәкірттерін имандылыққа, адамгершілікке, баулиды. Сырт көзге көрінбейтін көзбояушылық, көреалмаушылық, тәкаппарлық пен менмендік, сараңдық, дұшпандық пен қатыгездік секілді жаман әдеттерден сақтандырады. Қанағат, тәубе, сабыр, махаббат сияқты тамаша қасиеттер қалыптастырып ортасына ұйытқы болып жүрген азаматтың бірі.

Адамгершілік қасиеттерге қоса, көркем мінез-құлық, әдептілік, рухани тазалық бойымызда болу керек,- дейді ұстаз әр сөзінде.

Балаларға арналған қайырымдылық іс-шаралар өткізді. Демалыс кезінде сауықтыру лагерін ұйымдастырды. Балалар лагерге зор ынтамен барады. Сабақ тақырыбы сан түрлі. Мысалы: егер қайырымдылық жасасаңыз, оны өзіңіз үшін жасадым деп санаңыз. Кембағалдарға, әлсіздерге қол ұшын бер. Ата-ананы ардақтап қашанда құрметтеу керегі жайлы жиі еске салады.

Кім ағаш отырғызса, не бір нәрсе ексе әрі сол еккен ағашынан адам, құс, не жануар қоректенсе, еккен адамға сауап болады.

Кішіге мейрімді болмаған, үлкенге құрмет көрсетпеген толық мұсылман емес. Кімде-кім жамандық көрме, оны қолымен түзетін. Егер оған шамасы жетпесе, тілімен түзетсін. Оған да қауқарсыз болса, жүрегімен жақтырмайтын болсын.

Бұл өсиет сөздердің тәрбиелік мәні зор. Кенжебай Азаматұлы өнегелі отбасында тәрбиеленген. Ата-анасы Көкшетау қаласында тұрады. Біз, ауыл жұртшылығы Кенжебайдың ата-анасына алғыс айтамыз.

Көркем мінезді, сабырлы Кенжебайдың еңбегіне жеміс, мықты денсаулық тілейміз. Елдің болашағы- балаларға жақсылық үйреткен ұстаз алдында басымызды иеміз.

Жақсылық жасау арқылы иеленген құрметтен артығы болмас!

Қорыта келгенде, білімді кісі — Пайғамбардың мұрагері, тек білімді мұра еткен, білімді игерген кісі үлкен бақытқа кенеледі. Кенжебай- осындай үлкен бақытқа кенелген жанның бірі емес бірегейі.

Мәдениет елінің тұрғындары

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *