Феодализмді аңсау

 

Сонау бір студент кезімде, шамасы 1976-жыл болуы керек, «Социалистік Қазақстан» газетіне ақын Кеңшілік Мырзабековты іздеп барып, Ақселеу Сейдімбеков ағаға жолығып қалдым. Қолымды салалы саусақтарымен қысып тұрып:

— Осы күнгі кейбір жастар қол алысып, сәлемдесудің жөнін білмейді. Амандық жоқ, саулық жоқ, өлген балық ұстатқандай қолын бере салады. Ондай сүлесоқ сәлемді алғың да келмейді. Сенің сәлемің, міне, білетін адамның берген қарапайым  ілтипатты сәлемі. Осылай, кісінің көзіне тура қарап, ықыласпен қол қысыса амандасу керек. Қолың мен көзің сәлемдескен адамға деген сенің шын ниетіңді білдірмек. Дұрыс,-деп бір қойды. Сосын:

— Кеңшілік  қазір келеді, отыра тұр,-деп орын ұсынды.

Аядай кабинеттің босаға жағындағы қабырғада тарқатылған ұзын қалың қара шашы иығынан аса төгіліп, тірсегін көмген бір сымбатты бойжеткеннің үлкен суреті ілулі тұр екен. Қап-қара қолаң шашы қара дариядай болып, тасып, толқып, төгіліп жатыр. Соған менің назарым ауғанын байқап:

— Міне, қазақ қыздары осындай болуы керек. Бұл суретті Қарағанды облысында тілші болып жүргенде түсірген едім,-деді.

Сәлден кейін Ақаң бұрышта тұрған қоқыс шелегінен шеті қылтиып жатқан  әлдебір қағазды саусақ ұшымен іліп алып шықты. Екі-үш параққа ирек әріптермен толтыра жазылған мақала ма дедім. Маған соны  көрсете отырып, бір әңгіме бастады.

— Әлгінде ғана осында Сәду Машақов деген ақсақал келіп, мына жазған дүниесін газетке басуды сұрады. Байқасам, сын мақала екен. Сын болғанда да басқа емес, бір әннің сөзіне жазылған солақай сын. Қазір көп айтылып жүрген Теміржан Базарбаевтың «Кіндігімнің жас қаны тамған жерім — ауылым» деп басталатын «Ауылым» дейтін тамаша әні. Өлеңін Жабайыл Бейсенов деген ауылдық ақын жазған екен. Сәду ақсақал сол әннің сөзін тас-талқан сынапты. «Бұл деген ескілікті көксеу, феодализмді сағыну, баяғы киіз үйде тұратын қараңғы, надан, тұрпайы тұрмысты аңсау, қазіргі техникалық прогресс, советтік социалистік өрлеу заманында мұндай кертартпа әнмен қайда бармақпыз? Гүлденген дәуірде жусан мен жуаны жоқтап жүрген не қылған бейшаралық? Сондықтан бұл ән эфирден алып тасталуы керек» деп жазыпты. Содан мен ол кісінің бетіне қарап отырып, жаймен ғана:

— Ақсақал, сіз осы күнде лимонад-квас ішесіз бе, әлде қымыз-шұбатты тәуір көресіз бе?- деп сұрақ қойдым.

— Әрине, қымыз бен шұбатқа не жетсін, дәм-татусыз көк суды кім ішеді?- деді ол күлімсіреп. Шамасы, мен өзіне ұсынуға сусын таңдатып  отыр деп қалған болуы керек.  Ойында  басқа түк те жоқ сияқты..

— Ал, сосиска мен қолбаса жегенді жақтырасыз ба, әлде қазы-қарта, жал-жая жаға ма?- дедім.

— Қарағым Ақселеу, баланың сұрағын қоймасаңшы, туырылған қазы-қарта тұрғанда солбыраған сәсиске жеп жын ұрып па?-деді ол, енді ғана әлденеден күдіктенгендей болып.

— Сіздің мұныңыздың өзі  барып тұрған феодализмді аңсау, ескіні көксеу ғой! Ендеше, ақсақал, мына мақалаңызды ешкімге көрсетпестен алып кете қойыңыз. Сіз жазған жоқсыз, мен оқыған жоқпын,-деп қолына ұстата беріп едім, сілейіп, қалың көзілдірік ішінде көзі жыпылықтап біраз тұрды да, сөзімнің төркіні миына жеткен кезде мына мақаласын өз қолымен қоқыс шелегіне лақтырып кетті,-деп Ақселеу аға бар денесімен селкілдей күліп, әлгі «туындыны» шелектегі жылы орнына қайтадан атып ұрды.

Ұлықбек Есдәулет

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *