Ақмолада карантин талаптарын бұзғандарға 444 мың теңге айыппұл салынды

Ақмола облысы бір айға жуық «қызыл» аймақта тұр. Өңір коронавируске оң тест бойынша республикада екінші орында. Бұл туралы ағымдағы эпидемиологиялық жағдайға қатысты өткен брифингте өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің айтуынша, соңғы аптада аурудың өсуі айтарлықтай төмендеген. «Биылғы жыл басынан бері облыста коронавирус инфекциясын жұқтырудың 18 мыңнан астам жағдайы расталып отыр. Осы аралықта 35 ақмолалық көз жұмды. Тек соңғы тәулікте COVID-19 зертханалық расталған 75 жағдай анықталды, оның 11- і балаларда», -деді А.Мусина. Өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері атап өткендей, жыл басынан бері облыста 251 рейдтік іс-шара өткізілген, сондай-ақ, мониторинг барысында карантиндік талаптарды бұзған төрт нысан анықталып, оның үшеуіне 444 мың теңге айыппұл салынған. «Бұдан бөлек, жыл басынан бері 688 адамның үйде оқшаулауды сақтамағаны белгілі болды. Олар «Ashyq» жобасы арқылы анықталды. 28 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар 1,3 миллион теңге көлемінде айыппұл алды. Ал, қалғандары бойынша жұмыстар жүргізілуде», — деп түйіндеді А.Мусина.