ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ — БАТЫРЫ

Кенесары Хан десе елең етпейтін қазақ жоқ! Өйткені, Қазақтың соңғы ханы — өшпес өршілдігімен, қайтпас қайсарлығымен, елге деген риясыз көңілімен қазақ тарихының әр белесінде аңыз  тұлға болып қала бермек. Ұлы Дала елінде есімін ел құрметтеген, жерлес батырымыздың биыл туғанына 220 жыл толып отыр. Осыған орай, орталық аудандық кітапханасының қызметкерлері жоғарғы техникалық колледжінің студенттерінің қатысуымен «КЕНЕСАРЫ ХАН — ЕРЛІК ДӘУІРІНІҢ ТҰЛҒАСЫ» атты тарихи-танымдық кешін өткізді. Ел тағдырын бәрінен биік қойған, ұлттың тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырымызды әрқашан жадымызда сақтаймыз. Тәуелсіздіктің бағасын таразылағанда Кенесары ханымыздың жасаған ерлігін терең қадірлеуіміз қажет.
Тағылымы мол тарихи кешімізде ата-баба рухын еске түсіріп, аңыз тұлғамыз жайлы бейнеролик көріп, викториналық сұрақтар мен ашық пікірталас жүргізілді. Зейіні зерек оқырмандарымызға кітапханамыздың қызметкері Марал Нұриденқызы кітап-көрмеге шолу жасады. Іс-шара барысында студенттер өзара бірлесе топ құрып, ынталарын ортаға салып, білімге және тарихқа деген қызығушылықтарын көрсетіп, әрі мәдени мекеніміздің белсенді оқырман екендерін дәлелдеді. Сондай-ақ батырымыздың бойындағы жақсы қаситеттерін өздеріне үлгі тұтып, еліміздің патриот азаматтары болуға  ант етіп, ата-баба рухына тағзым етті.        
 
Гүлдана Қайратқызы,
Орталық аудандық
 кітапханасының бөлім меңгерушісі