Алғыс білдіремін

Құрметті оқырман қауым! Бүгінгі күні қолыма қалам алып, Бурабай аудандық ауруханасының ақ халатты абзал жандарына жүрекжарды лебізімді білдіргім келіп отыр. Осы күнге жеткізген бірінші Аллаһ, екінші осы дәрігерлер.
Көптен бері денсаулығым сыр беріп, «панкреатит» деген диагноз қойылған. 4-ақпан күні сол ауруым асқынып, «Медсервис» емханасына барып дәрігерлеріне жүгіндім. Олар маған бір аптаға ем-дом жазып, укол және система қоямыз деді. Бүгінгі күнгі емін алып, сол арада есімді білмей құлаппын. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Ол жерге сағат 10-да барған едім, емді сағат 11-де алдым. Кешкі сағат 5-тің кезінде есімді жиып жан-жағыма қарасам толған медбикелер. «Мен қайдамын?» деп сұрасам, «сіз аурухананың жансақтау бөлімшесіндесіз»,-деді осы бөлімшенің меңгерушісі Бақыт Тұрсынбайқызы Кушекова. «Апа, бәрі артта қалды, қолдан келген көмекті беріп жатырмыз»,-деп маған қолдау беріп, жұбатып жатыр. Сол мезгілде терапия бөлімшесінің меңгерушісі Әділет Елубайұлы Жолмұрзаев келіп, «апа көп уайымдамаңыз, бәрі жақсы, тәуір боласыз, 5 сағат бойы Бақыт апай сізге қолдан келген көмегін беріп, есіңізді жиғыздық. Қазір мен өз бөлімшеме апарып, әрі қарай ем жүргіземін»-деді. 8 күн жатып, ем алып, қуанып үйге келдім. Мен сияқты жасы ұлғайған жандарды мұқият тексеріп, қолдарынан келген көмектерін аямаған абзал жандарға алғысым шексіз. Терапия бөлімшесінде жылда науқастанып келіп, қуанышпен жанұяммен қайта қауышамын, жалғыз маған емес осында жатқан барлық жандарға мейірімділік көрсетіп, жанын беріп, дәрігерлік жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, халыққа адал қызмет атқарып жүрген Әділет Жолмұрзаевқа, көмекшісі Гүлнұр Ахметханқызы Арипбаеваға және де барша кішіпейіл медбикелеріне аналық ақ тілегімді білдіріп, рахметімді айтамын. Ауданымызда осындай білгір дәрігерлер көбейе берсін. Жас дәрігерлерге қолдау көрсетіп, көтермелеп, ауданнан жібермеуіміз керек.
Жер жүзінде болып жатқан індеттен аман өтейік. Еліміз аман болып, тыныштық орнасын. Өсіп келе жатқан жастарымыз аман болсын! Баршаңызға зор денсаулық, ынтымақ-бірлік тілеймін!
 
Суретте: Әділет Елубайұлы, палаталарды аралау кезі
 
 К. Шағатова,
қала тұрғыны, еңбек ардагері, қоғам белсендісі, «Құрметті ардагер» төсбелгісінің иегері