Ұлттық құндылықтар-білім мен тәрбие негізі

«Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы»
 Әл-Фараби
 
Құндылық ұмтылыстар мен мақсаттардың болмыстың мәні болып табылады. Ал жоғары рухани құндылықтар: махаббат, жақсылық, өмір мәні, ақиқат, еркіндік, сұлулық, адамның өзіндік құндылығы, лайықты өмір сүру, жалпы адамгершілік және т.б. Ұлттық құндылықтар: ұлттың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, тарихы, мәдениеті, өнері, әдебиеті, музыкасы, ата мұрасы және т.б. Осы құндылықтардың мәніне, маңыздылығына, мақсатына келетін болсақ, құндылықтардың әрқайсысы адам баласының өмірлік ұстанымына тікелей әсер-ықпал етіп, жеке тұлғаның бағыттылығын, оның сенімдерін, дүниеге көзқарасын, идеалдарын, ұмтылыстарын, өмір сүру түрін еркін таңдай алуын өз бетінше іске асырып, жеке тұлға болуға барынша ашуға мүмкіндік береді.
Құндылық — туған жеріме деген сүйіспеншілігім, тіліме деген тағзым, ұлтыма деген құрметім қай жерде жүрсем де, үлкен жігер береді. Осы сезіммен әр қыз баласы өсіп, мұратына жете берсін деген үмітпенен. Қазіргі таңда сүйікті маман иесін атқарып келемін. Осы мамандыққа мені үйреткен Сүйікті ұстаздарым еді, біздерге Қазақ қыздарына білім мен тәрбиені қоса үйреткен Қазақ Қыздар педагогика институтына және Ұстаздарыма Алғысым шексіз. Оқуда жүргенімізде Еліміздің парасатты және мейірімді Сара Алпысқызы Назарбаеваның қолдауымен, адам тұлға болып қалыптасуына ең бірінші, «Өзін танып», «өзімен көп жұмыс жасау»- керек екендігін айтып отыратын. Сондықтан қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі,-деп бекер айтпаған дана халқымыз.
Еліміздің білім беру жүйесінде жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде руханилық пен адамгершілікке бағдарлап білім-тәрбие беру ісі өткір мәселе саналады. Осы тұрғыдан алып қарағанда ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, оны білім мазмұнына енгізу арқылы ұлттық тәрбие беруді, оны үздіксіз білім берудің көзіне айналдыруды, оның тереңдігі мен рухани шындығын балалық кезден бастап сіңіруді мұрат ету маңызды. Мысалы, бала тәрбиесі туралы Бауыржан Момышұлының керемет сөздері есіме түсіп отыр:
«Ұра берсең, Ұлың сенен жасқанады,
Жасқаншақты-басынады басқалары,
Қол көтермей-тәрбиелесең ақыл айтып,
Ақылменен, ертең елді — басқарады.
Ала білсін өмірінен бар тынысты, тіршілікті,
Үйрете түс-Сабыр, шыдам, талпынысты.
Ең бастысы-иманына көңіл бөл,
Өссін десең, өз ұрпағың жарқын, күшті т.б.
Еңбегімен, жүрсін ұлың баға алып,
Ақыл-оймен, өзгелерден дараланып.
Көтерілсе бағалайды өзін,
Отырмайды пара беріп, пара алып.
 
Қазіргі таңда біздің қазақ халқымыздың ұлттық танымында көптеген түсініспеушіліктер туындап жатқаны анық. Сондықтан «Бұтаққа су, ұрпаққа рух бермесең, көгермейді»-деген Абылай хан.
Ел арасында Кеңес кезеңіндегі қалыптасып қойған әдеп-ғұрпын, салтын, дәстүрін сол заманымыздың өкілдері өзінің еңбектерін де зерттеп, өнер арқылы, Ұлттық танымда ерекше қасиеттілік бар екенін жеткізді. Сондықтан қазіргі ұлттық идеология мен ұлттық танымымыз мемлекеттік дәрежемізге жетті. Ұлттық таным Егемендігіміздің нәтижесінде, саясатқа бетбұрысымыз өзгерді. Негізінде ұлттық танымды сақтайтын, ұлттық мәселені қалыптастыратын үш қасиеттілік. Олар туған жер, ана, тәрбие. Осы үшеуі сабақтас болса, ұлттық танымымыз ғасырларға созылады және сақталады.
Адамзат тарихында ұрпаққа тәрбие берудің жалпыадамзаттық идеяларын жүзеге асырып, жаңа педагогикалық жүйенің қалыптасуында өз заманында Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған әлемге әйгілі ойшыл, ғұлама ғалым, халқымызға білімнің нәрін сепкен ұлттың ұлы кемеңгері Әбу Насыр әл-Фарабидің алатын орны ерекше. Әл-Фараби алғашқы педагогикалық ой-пікірлердің жетістіктерін жаңғыртып, жетілдіре білді. Халық даналығы туғызған данышпандық ой-пікірлерге, шығыс мәдениетінің озық үлгілеріне ден қоя отырып, өзінің төл педагогикалық тұжырымдамасын жасады. Оның педагогикалық тұжырымдамасы дидактика мен тәрбие теориясының мәселелерін бірге қамтитын іргелі жүйе болып табылады. Әл-Фарабидің тәлім-тәрбиелік идеялары теориялық дәрежесі жағынан кез келген педагогикалық ілімге бастапқы негіз бола алады, әсіресе оның күллі адамзат қауымдастығының жиынтығы ретінде ұлы қоғамды суреттейтін ізгілік тұғырнамасы қазіргі педагогиканың жетекші идеясы болып отыр.
Әл-Фараби жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген ұстанымды басты қағида ретінде ұсынды.
Әл-Фарабидің педагогика ғылымының негізін салушы екендігін оның еңбектерінде қарастырылған педагогикалық ұғымдардың анықтамалары неғұрлым нақтылай түседі. Педагогиканың негізгі ұғымы болып табылатын оқыту мен тәрбиеге ғұлама мынадай түсініктеме береді: «Оқыту адамдар мен халықтарда теориялық қайырымдылық дарыту болады, ал тәрбие — білім-білікке негізделген өнер арқылы оларға этикалық қайырымдылық дарыту тәсілі. Оқыту тек сөз арқылы жүзеге асырылады, ал тәрбие кезінде адамдар мен халыққа білімге негізделген қасиеттерден шығатын әрекеттерді жасауды дағдыға айналдыру үйретіледі…». Осы анықтамалардың астарлы мағынасы қазіргі педагогикадағы «оқыту» мен «тәрбие» ұғымдарына берілген анықтамалармен сабақтасып, өзара байланысып жатқандығын айқын аңғаруға болады. Әл-Фарабидің мұрасында педагогиканың негізгі ұғымы болып табылатын «білім беру» ұғымы да қарастырылған.
«Оқу бастамасы біздерге болмыс бастауларын білу құралы болып табылады, ал олардан шығарылатын қорытындылар — ғылыми пәндерді игерудің бастамасы мен құралы» деген ғұламаның анықтамасы қазіргі педагогикадағы «білім беру — оқыту нәтижесі, тура мағынасында ол оқып-үйренілетін пән туралы алғашқы түсініктің, ұғымның қалыптасуын білдіреді» деген анықтамамен өзара байланыс табады.
Қазіргі кезде педагогиканың негізгі ұғымдарына «тұлғаны қалыптастыру» ұғымы да жатқызылады. Себебі, бүгінде білім беру парадигмасының өзгеруіне байланысты, бірінші кезекке оқушыларда пәндік білім, білік, дағдыны емес, оның тұлғасын қалыптастыру қойылып, тұлғаға бағдарланған оқыту мен тәрбиелеуді іске асыру көзделуде.
Жеке тұлғаны қалыптастыру ұғымын ғұлама әл-Фараби былай анықтайды: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл-күші бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады. Егер осы екеуі бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және өз әрекеттерімізден абзалдық пен кемелдікті табамыз және осы екеуінің арқасында біз ізгі игілікті және қайырымды адам боламыз, біздің өмір бейнеміз қайырымды, ал мінез-құлқымыз мақтаулы болады».
Ізгілендіру әл-Фарабидің педагогикалық идеясының негізгі өзегі болған, ғұлама білім берудің ізгілендіру принципіне негізделуі қажет екендігін өз уақытында ғылыми тұжырымдалған ой-пікірлерімен айқындап кеткен. Міне, бүгінгі таңда әл-Фарабидің көрегендігі мен ғұламалығы дәлелденіп, мыңдаған жылдар өтсе де, жаңа білім беру парадигмасы ретінде ізгілендіру танылып отыр.
Педагогикалық ойлардың тарихында әл-Фараби оқыту теориясын білім жүйесі ретінде анықтауға алғаш талпыныс жасады деуге толық негіз бар. Білім беру мазмұнын игеру тәсілдері бойынша көлемді дидактикалық еңбек ретінде «Музыканың үлкен кітабын» ерекше атап өтуге болады. Қазіргі педагогика ғылымында білім беру мазмұнының әрбір түріне тән меңгерудің белгілі бір тәсілі бар екендігі анықталған. Әл-Фараби «Музыканың үлкен кітабы» еңбегінде музыкалық білім беру мазмұнын меңгерудің тәсілдері мен деңгейлерін анықтап береді. Сондықтан қазақ халқы балаларды күй арқылы тәрбелеп келген. Күй — мұрамыз. Атадан балаға жеткен, көзінің қарашығындай сақтаған, қымбат қазынаның бірі.
Әл-Фараби еңбектерінде ғылым мен философияны оқып-үйрену үшін жекелеген әрекеттерден, тәсілдерден тұратын оқыту әдістері нақты тұжырымдалып, білім беру, оқыту және адамдар арасындағы ой алмасу үдерісі кезінде танымдағы тіл мен тәжірибенің маңызды рөлін ашып көрсету арқылы оқытудың сөздік және тәжірибелік әдістерінің мәні анықталады, сонымен бірге музыка, сөз өнері, философия және басқа да ғылым салаларын оқытудың құралдарына мазмұндық сипаттама беріліп, олардың атқаратын қызметі ашып көрсетіледі.
Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымызды, байлығымызды түгендеу, игеру, жас ұрпақ бойына игі қасиеттерді сіңіру, бүгінгі ұстаздардың басты борышы. Ел болашағы-білімді ұрпақта. Сондықтан білім беру саласында жасалып жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру — ұстаздар қауымына ортақ іс. Заманымызға сәйкес көп білу үшін, көп оқу керек. Ақпараттар ағыны ағылған, түрлі хабарлар тасқыны, электронды құралдарды, компьютерді жетік меңгеруді тиімді болғаны анық. Қазіргі заманның мұғалімі зияткерлік және өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыра білетін, сүйіспеншілігі мол тұлға болу керек екеніне көз жеткіздік. Сондықтан қазіргі тұста тепе-теңдікті ұстауымыз керек, өйткені ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымызды, байлығымызды түгендеу, оны игеру. Осы қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңіру, бүгінгі ұстаздардың басты борышы.
Отанымыз жайлы, еліміздің ғұламалары, өркениеті, тарихы, тәуелсіздікке қол жеткізген бабаларымыз жайлы күнделікті сабақтарымда айтып отырамын, балаларымның патриотты болып өсуіне мен де тілектеспін.
 
Индира Абдрахманова,
Щучинск қаласының №2 жалпы орта білім беретін мектебі» қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі