Жалғыз шыбынды пәтердегі

қырық шырақты әйел

(әңгіме)

«Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген ғой ата-бабаларымыз.

Мен хан да, ханның қызы да емеспін…

Ешқандай атағы, мемлекеттік марапаты жоқ қарапайым көп қаламгердің бірі болсам да, ФБ-ке салған әдеби әңгімелерімді үнемі жібермей оқып, іле-шала пікір жазып, жылы лебіздерін айтып, көңіліме қанат бітіріп, шығармашылық шабыт сыйлап, төбелеріне хан көтеріп жүрген ФБ достарымның қалауы мен үшін бәрінен қымбат.

2003 жылы Сайын Мұратбеков ағамыз бастаған мүйізі қарағайдай қаламгерлер мен мықты сыншылар әділ қазылық еткен республикалық әдеби бәйгеде бір әңгімемнің 1-орын алғанын (ескі газет қиындысынан) оқығандардың біразы ең алғаш жүлде алған сол әңгімемді оқуға ықылас танытқан екен. Архивті ақтарып, бүгін тауып алдым. Оқып, көріңіздер.

Ұялшақ күннің алғашқы сәулесі әуелі терезеден имене сығалағанымен, бірте-бірте батылданып, баса-көктей төрге озды да, таңғы ұйқы құшағында жатқан Толқынның жұп-жұмыр, аппақ білегін аялап, аймалай бастады. Жып-жылы нұр жанына жақты ма, ол анасына еркелеген бейкүнә сәбидей бар болмысымен шуаққа ұмсынды… Бір пәтерді жалғыз өзі билеп-төстеген титімдей шыбын ғана еркін. Ұйқыдағы жанды қайтсем де оятамын деп өзіне серт бергендей, тынымсыз, үсті-үстіне ызыңдауын қояр емес. Әлде, ол бейшара да жалғыздықтан құтқарар серік іздей ме, кім білсін?!.

Керенау ойлар Толқынның кеудесінен басып, етегінен тартып, орнынан тұрғызбай жатқанын қара шыбын қайдан ұқсын!.. Күн болса, жексенбі. Құлқын сәріден қылқиып ерте тұратындай, қай баласы бағусыз, қай оты жағусыз еді?!. Кіп-кішкене тіршілік иесінің әлсіз ызыңы емес, трактордың гүжіліндей естілген беймаза дыбыс сүт бетіне тұнған кілегейдей жұп-жұқа, нәп-нәзік тыныштықты дар-дар айырса да, алты ай қыстан аман шыққан жанкешті жәндікке қол жұмсауға жүрегі дауаламады. (Бір кезде адам қанын мойнына жүктеген, адам болғанда, айдаладағы бөтен біреу емес, қойнындағы қосағын қыршынынан қиып жіберіп, одан соң өзіне қол салған қаныпезер жанның перзенті деп кім айтар бұны?!.)

Әлжуаз шыбынның әлсіз “әлдиіне” кұлақ тігіп жатьш: “Нұрлы көктемге жеткен де бар, жетпеген де бар… Бұл байғұс жалған дүниеде неше күн жүрер дейсің. Шығыс ойшылдарының айтуынша, адамның ғұмыры да үш-ақ күндік көрінеді ғой: Кеше, Бүгін, Ертең… Кешегің оралмайды. Ертеңің — белгісіз. Бүгініңді ертең өкінбейтіндей өткізу керек деп ойлады. Ашық желдеткіштен жып етіп, ішке кірген тентек самал, терезенің сусыма жеңіл пердесін әлсін-әлсін желпіп жіберіп, артынша тына қалады. Көзге көрінбейтін біреумен тығылмақ ойнағандай.

Қанаты дірілдеген қара шыбын әдемі әйелдің ояу екенін сезді ме, төсекті төңіректеуді қойып, кітап сөресіндегі фотосуреттерді айналсоқтай ұшты. Толқынның көзтаныс бейнелерге көптен көз тоқтатып, зер сала қарағаны осы шығар. Шет-шеті жырымдалып, уақыттан гөрі, сағыныш сарғайтқан жалғыз сурет — талайлар келіп, талайлар кеткен осынау кең дүния — керуенсарайға аяулы анасының да аз уақыт аялдап өткенінің айғағы.

…Ешкім ерекше басынан сипап, елжірей бауырына тарта қоймаса да, бүгін не ішем, ертең не кием деп бас қатырмаған жетімдер үйімен қоштасар кезі таяу-тын. “Адам үш күннен соң көрге де үйренетіні” рас-ау. Үмітінен үрейі басым, беймәлім әлемге қадам басар алдындағы қобалжуға толы, сұрқай күндердің бірі еді. Алаулай батып бара жатқан алтын күннің арайына ойлана қарап, сұп-сұр ұзын дәліздің абажадай терезесі алдында өзімен-өзі, оңаша тұрған. Жанына таянған тәрбиеші апайы сарытап газетке оралған жалғыз суретті қолына ұстатты. Көп сөзі жоқ, мінезі ауырлау қартаң әйел бұны сәби кезінен жақсы біледі деп кім ойлаған?!. Тұңғыш рет ғаламдағы өзіне ең жақын екі адам жайлы там-тұм деректі, көз жасына тұншыға, үнсіз тыңдады. Тыңдап тұрып, өзін сәби шағында мейірімге сараң, қатыгездеу ортаға жападан жалғыз, шырылдата қалдырып кеткен әке-шешесін перзенттік көңілі қалай кешіргенін сезбей де қалды.

Осынау сурет қолына тиісімен-ак, әкесінің түр-тұлғасын көз алдына елестете алмаса да, кескін-келбеті келісті, иман жүзді келіншектің қосағы өзіне сай болуы тиіс деген өз тұжырымына қалай иланды десеңші!.. Сол күннен бастап, санасына ұя салған жалқы ұғым: жарасымды жас жұбайларды жазатайым жардан ұшырған күншілдердің улы өсегі… Бертін келе, әкесінің кіндік қаны тамған жерде зардабы зәузаты, үрім-бұтағына жететін ядролық жойқын жарылыстар болғанын білгелі бері, бұл жалғанда бар-жоғы белгісіз біреулерді жазықсыздан-жазықсыз, ағаш атқа теріс мінгізуінің жөнсіздігін түсінді. Түсінген де бәріне Үлкен Нүкте қойған. Өзі дегенде шығарда жаны басқа Тоқтарбекпен тағдыры тоғысқан соң, енді ешқашан артта қалған бақытсыз балалығына қарайламауға бекінді…

Әне, анау шеткі сурет — оның бақыттан басы айнала, алғаш рет ақ желек жамылып, ақ босаға аттаған сәтінен сыр шерткендей. Сол суретке түскен күннің ертеңіне, қара жер хабар бермесін, енесі жарықтық жас келін үйдегі үлкендерден бұрын тұрып, шәй қоймады деп қатты ренжігені есінде. Сықырлауық ағаш еденді ойбайлатып, ерсілі-қарсылы, үйге кіріп-шығып, өз-өзінен бұрқылдап жүріп алмасы бар ма… Үйдегі темір шелек, ыдыс-аяқ атаулыны түгел қаңғырлатып, есік босағасындағы атамзаманғы көне сандығын салдыр-гүлдір ашып, сарт-сұрт жапқаны тап бүгінгідей санасында сайрап тұр…

Толқынның жұдырықтай жүрегі торға түскен торғайдай аласұрып, аузынан шығып кете жаздасын. Бес биенің сабасындай толық сары бәйбішенің, көктемде тасыған тау өзеніндей бұрқ-сарқ қайнаған ашуын бір қуырым еті жоқ, тарамыс қара шалы ғана қайтарған: “Е-е, бәйбіше-ай!.. Ғұмыр бойы қазына тәртібімен қақшиып құлқын сәріде тұрып үйренген келін бала енді өзін осы үйдің бір адамындай сезінсе, оның несі айып?! Елең-алаңнан тәтті ұйқысын бұзып неғыласың? Әзірге тағыңнан тая қойған жоқсың ғой… Ерте тұруға ерінсең, бір шәугім шәйді өзім-ақ қайнатып қояйын…” — Мейірімі меймілдей төгілген осынау сөз көңіл түкпіріндегі, өзге түгілі өзіне де түсініксіз, тоң боп қатқан сезімдерді ерітіп жіберді ме, Толқын, көрпесін тас бүркенген күйі ағыл-тегіл көз жасына ерік берсін… Бет-әлпетін терең-терең әжім шимайлаған, шүйкедей қартты туған әкесінен бетер ерекше жақсы көру сезімі сол бір сәттен басталып, шексіз сыйластыққа ұласарын ол кезде білген де жоқ.

Ғұмыр бойы бейнеттен бел жазбаған еңбекқор жан еді атасы марқұм. Есік алдындағы бау-бақшасына қарап-ақ, сырт көз кең қолтық қазақтың емес, тап-тұйнақтай немістің үй-жайы екен деп қалатын. Жылқының қылындай қап-қатты, буырыл мұртын баппен сипай отырып: “Бір үйде қанша жан болсаң да, тірлікте бәрің бір-біріңе қонақсың» дегенді үнемі аузынан тастамайтын. Баяғыда естіген сол сөздің байыбына Толқынның көзі енді жеткендей…

Туа сала бауырына басқан тұңғыш немере дегенде қос қарияның шығарда жаны бөлек еді-ау!.. Беті томпиған сүйкімді сәбидің тәп-тәтті қылығын қызықтап, жалғыз ұлы мен келіні сәл таянса: ”О несі-ай! Ет-бауырларың елжіреп бара ма, біз өлген соң өздеріңе қалады ғой…”-деп екеуі бірдей балаша бұртиятын. Алғашында Толқынның ішкі наразылығын аңғарған атасы “өз баласын өскенше, немересін өлгенше бағатын” қазақтың сондай дәстүрі барын жаймен айтып, түсіндіріп, көңілін орнықтырған…

Ішкені — алдында, ішпегені — артында, ешкім бетіне жел боп тимеген ерке қыз ерте бойжетті. Шетел асып, оқуға кетті де көп ұзамай күйеуге шықты. Өзі болған қыз төркінін танитын ба еді, елге ат ізін салмағалы көп айдың жүзі болды. Ата-әжесі Түркиядан келген түрлі-түсті суретіне қараған сайын: “Жатжұрттық бала ғой… Құдайдың көзі түзу боп, әйтеуір, жыламай, аман-сау жүрсе болар,”-дейтін жасаураған жанарларын бір-бірінен жасыруға тырысып. Қыз да болса, ұлдай көріп, өліп-өшіп, желге-күнге тигізбей, арқалап жүріп өсірген жалғыз немере екеуінің басына көк тас қоймақ түгілі, бейітіне бір уыс топырақ салуға жарамағаны Жазымыштың ісі шығар…

Кезінде жетім қыз деп, Толкынға үйленуіне үй-іші, тума-туыстары қарсы болғанда, “соны алмасам, асылып өлем, атылып өлем” деп, қыр ізінен қалмай қосылған Тоқтарбегі, жылдар өте басқаша әндетуді шығарды: “Ең болмаса, мерекелерде қыдырып келетін балдыз-бажаларым да жоқ. Бала туып та жарытпадың,”-деп, аузына ащы су тиген күндері ұзақ та терең күрсініп, қабырғасы қайыса қамығатын. Көзіне жас алатын…

Жаратқан Ие еңгезердей еркектің көз жасына иіген сыңайлы: кейінгі әйелі жылма-жыл құрсағы құрғамай, төрі төркінінен босамай, басқа да, басқаға да қарық қып тастады. Ығы-жығы адам… Ыңырсыған сәби… Ыбырсыған үй… Салпыетек салақ әйелінің таңертеңнен кешке дейін ісі бір өнсейші. Созылып жүріп түн ортасына таман пісіріп әкелетін дәмсіз быламығына беттегісі жоқ.

Бәрінен мезі боп кете ме, әлде бұрынғы тап-таза, тып-тыныш тұрмысын аңсай ма, кейде салып ұрып Толқынға жетіп келетіні бар. Онда да… ішіп алғанда. Талай жыл табан аудармастан, қылғындыра галстук тағып, қоқырайып кіріп-шығып жүрген мекемесі жабылыпты. Қайда барса да қысқартуға ілініп, әбден ит ығыры шыққаны Тоқтарбектің түрінде тұр. Шалбарының қыры қылыштай, ақ көйлегінің жаға-жеңін кір шалмайтын, бұрынғы сырбаз жігітке мүлде ұқсамайды. Арзанқол аяқ киімін шешісімен, мүңкіген күлімсі шуаш иісі жер-дүниені алып кетеді. Оған қоса, қолқа қабар тердің, арақтың, сарымсақтың өткір иісі тағы бар…

“Ырыс бір үйлі жанның ішінде тек біреуіне ғана қонады, оның көзі кеткен күні шаңырақтың құты қашады”-дейтін атасы жарықтық. Жатса да, тұрса да “Жасаған берген қу жалғыздың” тілеуін тілейтін қос жанашырдың көзі жұмылып, қыздай алған қосағынан ажырасқалы бері, әйтеуір арыстай азаматтың ілгері басқан қадамы кейін кетіп жүргені даусыз.

Үйге кіріп кеткен жыланның басына да ақ құйып шығаратын қазақтың ұрпағы емес пе, көзінің алды көлкілдей ісіп, самай шашы буырыл тартқан, қозы қарын, мүлде «бөтен еркекке» Толқын тоңазытқышта тұрған тамақтан ысытып беріп, оның бой-бойы шыға терлеп-тепшіп, ысылдап-пысылдап ас ішкеніне жағын таяна, үн-түнсіз қарап отыратын.

Жым-жырт тыныштықтан ыңғайсыздана ма, әлде ішіне ел қонғасын қайдағы-жайдағы есіне түсе ме, Тоқаң самайынан сорғалаған моншақ-моншақ терін қалтасында жүретін шала кір, мыж-мыж, көлдей орамалымен сүрткілеп қойып: “Жаңа үйленген кезімізде қолыңнан ештеңе келмейтін еді ғой. Дәл қазір әлемде сендей дәмді тамақ пісіретін әйел жоқ!”- дейді ыржиып.

Иә, оның сөзінің жаны бар. Толқынның білгенінен білмейтіні көп еді. Тойдан кейін үсті-үстіне ағып-тамып, құтты болсын айта келгендерге табақ-табақ ет асып, сағаттап сарыла шай құю, үлкен-кішіге “жайылып жастық, иіліп төсек болу” жат табалдырықты жаңа аттаған жас келіннің міндеті дегенді түсінбейтін. Айрықша қорланатын. Жетімдер үйінің асханасындағы түрлі-түсті темір шәйнектерден қырлы стакандарға керегінше шәй құйып ішіп, кезекшілер тасып әкеп алдарына қоятын дайын тамаққа үйренген Толқынға бәрі жат. Осының бәрін мұның сөзін сөйлейтін ет жақын ешкімі жоқтығын бетіне басу үшін күйеуінің туыстары әдейі істеп отырғандай көретін…

Алғашқы күндердің бірі еді. “Ауру қалса да әдет қала ма”, бала кезден қалыптасқан әдетіне басып, өзі тамақ ішкен ыдысты ғана жуып, теледидар алдына отыра беруі мұң екен, енесі келіндік міндетін есіне салғаны. Піскен қарбыздай кақ айрылып: “Мен немене үй қызметшісімін бе?” деп қанша адамның көзінше лақ еткізіп айта салғаны есіне түссе, әлі күнге дейін ұялады. (Ұялмақ түгілі, құлағына дейін қызарып кетеді.)

Кеше ғана келіп түскен жас келіннен сөз есту оңай ма, байғұс енесінің жаны ышқынып кетті: “Ойбай, не дейді-ей мынауың? Келін жұмсап, қолымды жылы суға малам ба десем… Маған ендігі жетпегені қартайғанда келінге келін болу екен ғой!..”-деді де одан әрі айтар сөз таба алмай, қыстыға жылап жібермесі бар ма… Толқынның өзі де не бүлдіргенін алғашында түсінбей қалды. Күйеуіне жәутең-жәутең қараған.

“Былай тартсаң өгіз өлетін, былай тартсаң арба сынатын” қысталаң сәтте Тоқтарбегі ақ құба өңі бір қызарып, бір бозарып, ұзын мойны доғаша иіліп, қолындағы қою күрең шәйдің нілі жұққан күміс қасықты қазір ғана көргендей, төмен қараған қалпы тұқшиып отыр екен. “Бе-еу, бәйбіше, не болды-ей, сонша азарланып!?. Көш жүре келе түзелмей ме екен?! Жамандық шақырма, болды енді!”-деп қара шалы дауысын қатайтпаса, қапелімде өздігінен қояр түрі жоқ еді.

Толқын келе-келе түсінді ғой: етжеңді сары кемпірдің де бір кезде сәмбі талдай солқылдаған жап-жас келіншек болғанын, шымылдыққа енер-енбестен соғысқа кеткен ер-азаматтардың орнын басқанын, түзде еркек, үйде әйелге айналғанын, нан жауып, сиыр сауып, бір шаңырақтың отымен кіріп, күлімен шыққанын…

Басында тоң қабақпен қарсы алған енесі де қулық-сұмдықты білмейтін адалдығы мен елпілдеген елгезектігіне еріді ме, бірте-бірте Толқынды бауырға тарта бастады. Еті тірі, намысқой келіншек те: “Осының не оқу-тоқуы бар, өзімдей мың-миллион әйелдің қолынан келгенді мен істей алмаймын ба?!”-деп, хал-хадерінше, ел қатарлы үй болуға ұмтылды. Өзін-өзі қамшылады.

Туралап айтпағанымен, атасы жарықтық кей-кейде: “Кісі есігі тоң тезек, ерітуге ер керек” деп, мақал-мәтелмен тұспалдай сөйлеп отыратын. Сірә, табиғатынан ұғымтал да сезімтал келінінің құлағында қала берсін дегені ме, жоқ әлде оның тиянақты іс-қимылына көңілі толғаны ма, кім білсін… Соғыс зардабынан тапқан ескі сырқаты аяқ астынан алып ұрып, жалған дүниеден татар дәмі таусылар сәтінде жарықтық, кірпік ілмей, таңдай жібітер сусынын ұсынып, жастығын түзеп, қасында күндіз-түні енесімен бірге отырған келінінің дидарына қимастыққа қарап жатып: “Дүние-ай, шаңыраққа ие болар немеремді көргенімде ғой!»-деп иек қаққан. Тып-тың сары бәйбішесі де, көп ұзамай, қатпа қара шалының қырқына қабаттасып, келместің кемесімен, фәниден бақиға сапар шекті. Арманы ішінде кеткен ата-енесі алдында Толқын өзін керемет айыпты сезінген…

Кейін Тоқтарбегі, әр ненің басын бір шалып, орағытып, қипақтай отырып, күйеуінен ажырасып, төркініне келген бір балалы біреумен, ойда жоқта, көңіл жарастырғанын, оның бұдан жүкті екенін жеткізгенде, күндесінің кім екенін, қашаннан байланысы барын сұраған да жоқ. Сұрағанда, келіп-кетер не бар?!. Бір кезде өліп-өшіп, ғашық болган адамының қау етіп, тез жанып кеткен қағаз сезімі енді мұны жылыта алмасы ақиқат.

Мұндайда “шашы ұзын, ақылы қысқа” әйел затына тән мінез көрсетер деп Тоқтарбек Толқыннан қатты қауіптенген. Жылап-еңіреп, шу шығарып, екі аяғын бір етікке тығарына да күмәнсіз еді. Не болса да, “қолымен істегенді мойнымен көтеруге” бел буып, тәуекелі тас түйін боп, іштей айтар уәжін жұптап, неше күннен бері бәріне дайындалған ол, он тоғыз жыл отасқан әйелінің ың-шыңсыз тындап, тіпті елеусіз, мән бермей қоя салғанына сенер-сенбесін білмеді. Аң-таң. Таң қалмақ түгілі, барар жер басар тауы жоқ, менің арқамда ғана халық қатарында жүр деп есептейтін әйелінің аса салдынқандылық танытуы көңілінде күдік туғызды. Қанша жыл бірге тұрған жан-жары өзінен гөрі ауқаттылау біреуге арқа сүйеп, көптен көзіне шөп салып жүргендей пұшайман халге түсті.

Соның ғана кінәсінен сүттей ұйыған, тату-тәтті шаңырағы ортасына түскелі тұрғандай сезінді. Қызғаныштың қызыл көз мысығы іші-бауырын улы да өткір тырнағымен бүріп, жанын азапқа салсын кеп. Бұрын-соңды Толқынның киім киісіне, жүріс-тұрысына мән бермей келген ол, бәріне сын көзбен қарап, ұрынарға сылтау таба алмай, дымы құрыды. Бір жолдасы үнемі мас кезінде айтатын: “Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатынға сенбе” деген мақалға қазықсыз байланып қалмасы бар ма… Әшейінде қалада өсіп, орысша оқығанын іштей дәреже көріп, қазақшасы ақсап жатқанына онша бас ауыртпайтын жігіттің миына “Еркекке сенгенше екі босағаңа сен” деп ерін әйеліне қарсы қойған да қазекеңнің ғажап мақалы бары кіріп-шыққан жоқ…

Сол күннен бастап, Толқын түпкі бөлменің есігін қымтай жауып ап, бері қарай шығуды ұмытты. Тек баяу күй ғана естіледі. Өмірдің өзіндей бір сарынды әуен. Тоқтарбек бір күн шыдады, екі күн шыдады, үшінші күні есікті теуіп ашып, кіріп барды. Оқыс дыбыстан қолындағы қылқаламын жерге түсіріп ап, керулі кенептен шошына кері шегінген Толқын: “Міне, міне…енді кішкене қалды,” -деді ерні дір-дір етіп.

Оның бала күнінен ешкімге ұқсамайтын бір әдеті — қамығып мұңайса, жабығып жалғызсыраса, ішкі сезім, көңіл-күйін бояулар тіліне көшіруге асығатыны. Әрі онысын қашан толық аяқтағанша, тірі жанға көрсеткісі келмейтін. Жетімдер үйінің ақ қыраулы терезесін демімен ерітіп, дөп-дөңгелек саңылауынан, кешкі тымық ауада көгілдір түтіні көкке қол созған төңіректегі үйлерге, алма беттері албырай қызарып, омбы қарда шанамен алаңсыз ойнап жүрген балаларға телміре қарап тұратын.

Сосын, нәп-нәзік саусағын көз жасына шылап, аяз өрнектеген аппақ әлемнен туған үйіне апаратын тұп-тура жолды сала бастайтын. Әуесқойлығы ұлғая келе, оны суретшілер үйірмесіне жетеледі. Мың құбылған бояулар дүниесіне еніп кетіп, өз қиялымен өзі оңаша қалудан өткен рахатты білмейтін. Ешқашан адам аяғы тимеген, тып-тыныш, жанға жайлы жасыл аралдың жалғыз иесіне айналғандай, тілмен айтып жеткізгісіз ғажап сәтті бастан кешетін…Кей-кейде той-думан, дулы орталарда, көптің ішінде отырып жаны жалғызсырайды, көңілі құлазиды. Өзгелердің таң-тамаша қалып, тамсана айтатындары: кімнің қандай алтын, гауһар таққаны, кімнің қандай қымбат тон кигені, кімнің кіммен құда болып, тойды қалай өткізгені бұны қызықтырмайтын…

“Кісікиік қандай жансың!”-деп ренжитін Тоқтарбегі. Алайда, әу баста Құдай солай жаратқан соң мінезін қайдан өзгертсін. “Салатының ылғи жаңбырлы түн, сарғайған жапырақ, жатқан бір мұң… Өмір бойы менен қорлық көріп жүрген жан сияқтысың,”-деп күйеуі бұрқан-талқан ренжіген соң, көптен бері суретке жолауды қойған. Енді міне…

Сурет атаулыны баланың ермегі деп түсінетін Тоқтарбектің жүрек тұсы шым етті. Жанары бұлдырап, көз алды тұманданып сала берді. Қыздай қосылған қосағының қимастық сезімі де, кіршіксіз ниеті де осынау суреттен шүпілдей төгіліп тұрғаны айқын… Ашық та қанық түсті майлы бояумен салынған, таңғы шықтай таза, көз жасындай мөлдір, жүрегіне ерекше жақын дүниенің ағаш жақтауы тым жұпыны, тіпті көзге қораш көрінетінін Толқын алғаш рет бүгін аңғарды.

Тоқтарбек айтпақшы, ылғи бір мұңлы да тұнжыр суреттер салатын жанның өмірінде тұңғыш рет жан дүниесін жарқырата көрсеткен шуақты шығармасы еді. Бұл суреті бір көргеннен Бугинасқа да ұнаған. Бугинас Қарсақбаев… Аты-жөні де, өзі де жұмбақ сол бір жанмен күйеуінен ажырасқан соң, дәл осы үйге көшкен күні танысқан.

Жұмыстас әйелдер: “Азын-аулақ жүгіңді таситын біреу керек болса, базар төңірегіндегі бомждармен, бір шыны араққа, не болар-болмас тиын-тебенге келісуге болады,”-деген соң, әрі-бері жүріп, шеттеу тұрған біреуге көңіл аударған. Бет-ауызы көлкілдей іскен, жас-кәрісі аралас өзгелеріне қарағанда, имантаразылау екен. Өңі қара торы болғанымен, бет-әлпеті қазақтан гөрі, еуропалықтарға келіңкірейді. Ол да саудаласып жатпай, үн-түнсіз мұның соңына ере берді. Көп мүлкі жоқ дегеннің өзінде, қыш құмыраларға өсірген сан алуан гүлдерін, бума-бума картиналарын, кітаптарын, қағаз қораптарға салған ыдыс-аяқтарын, азын-шоғын киім-кешек, көрпе-төсегін реттеп, орналастырудың өзі аз жұмыс болған жоқ. Заттарды кіргізер-кіргізбестен, берген ақшаны алып тайып тұрмай, жеңін түріне, еркек қолын керек ететін жұмыстарға құлшына кірісіп кеткен адамға қалай кет десін.

Сыр иісі аңқыған, есік-терезелері аппақ, шағын пәтердің іші бос болған соң ба, аяқ басқан дыбыстың өзі зорая жаңғырығып естіледі. Толқынның көптен бері көңілін торлаған қара бұлт қуаныш лебінен ығыса бастағандай. Жанында мүлде жат біреудің барын ұмыта, ыңылдай әндетіп жүр. Босағаға елеусіз сүйей салған картинасының орауын шешкені сол еді, бейтаныс “көмекшісі” көз алмай, қадала қарап қалды. Сақал-мұрты өсіп кеткен, жүдеу өңді жанның лезде құбылған бет-әлпеті ішкі әлемінде болып жатқан алсапыран өзгерістен хабар бергендей. “Менің жұмысым…” Айтуын айтып қалғанымен, ұялғанынан беті дуылдап кетті. Ол бұған таңдана жалт қарады. Адамға тіке, жасқанбай, тура қарайды екен. Толқын оның тұнжыр қара көздеріндегі тұнып тұрған тұңғиық қайғы мен терең мұңға тұншыға батып бара жатқандай сезінді…

Бейтаныс еркек дереу құрал-сайман сұрады. Ойы — картина ілетін шеге қағу екен. Толқында ненің сайманы болсын, қысыла-қысыла көршілерінің есігін қақты. Бетон қабырғаға шеге оңайлықпен кіре қоймай, бұның “көмекшісі” көп әуреленді. Тігісі сөгілген көнетоз көйлектің жауырын тұсы терден шылқыды. Оның бар жан-тәнін сала кіріскен іс-қимылына іштей риза болған Толқын, бәлкім аштықтан әлі келмей тұр ма деп ойлады. Күні бойы өзінің де нәр татпағаны енді ғана есіне түсті. Бәрін тастай салып, жақын маңайдағы базарға жүгірді. Тыпырлап жүріп, қалай байқамаған: әп-сәтте күн ұясына қоныпты.

Жайма базардағылар да буынып-түйініп, үйлеріне қайтуға дайындалып, абыр-сабыр екен. Жанталаса жүгіріп жүріп, керегін алғанымен, бірдеңе ұмытқандай, көңілі алаңдай берді. Тақтай сөреден орын тимегендей, жол жиегінде арзанқол киім-кешек, көр-жер сатып отырған арық әйел жалынышты үнмен: “Қарағым, кешкі сауда ғой, арзанға берейін, бірдеңе алшы. Күні бойы ештеңем өткен жок, ең болмаса үйдегі балаларыма тамақ апарайын” дегенде барып, үйде қалған бейтаныс жанның жұлым-жұлымы шыққан ескі киімі есіне түсті. Көз мөлшерімен шамалап, жылы күртеше, спорт костюмінен бастап, ұсақ-түйек, керек-жарағының бәрін түгел алды. Тіпті сақал қырғышты да ұмытқан жоқ. Сатушы әйелде ес жоқ. Аяқ астынан, екі кештің арасында осыншама заты сатылар деп күтпесе керек, қуана-қуана орап беріп, үсті-үстіне рахметін жаудыруда.

Толқынның жұмыстастары кеше: “Көшіп-қонып жатсың ғой, көмектескеніміз болсын,”-деп, алмасына қоймай, жинап берген бар ақшаны танымайтын біреуді қуантамын деп, бір тиынын қалдырмастан жұмсап жібергеніне түк те өкінген жоқ. Қайта, шама келсе, адамға жақсылық жасағанға не жетсін деп ойлады… Сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ танымайтын бөтен біреу іске асар дүниемді алып, тайып тұрар-ау деген ой басына кірсейші.

Артынып-тартынып үйге кіргенде, бейтаныс адам бұның картинасын төрдегі көрнекі жерге іліп қойыпты. Қадала қараған қалпы, үн-түнсіз, тапжылмай тұр екен. Өз ісіне көңілі көншігені ме, жоқ әлде жаны нәзік қарапайым қазақ әйелінің тебіренісі мен толғанысынан шыққан суретке сүйсінгені ме… Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейтіні ақиқат. Қанша уақыт бітеу жарадай жанын сыздатып барып, бір-ақ күнде жарқ ете қалған туындысына Толқын өзінің бар тағдыр-талайын арқау еткен. Өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, дулы дүние дүрмегінен қағажу қалып, үйсіз-күйсіз, соқа басы сандалып жүрген осы бір адам өз ғұмырымен үндестік аңғарды ма… Әйтеуір көз алмастан қарағаны таң қаларлық жәйт.

Толқын ыңылдай әндете жүріп, ваннаға жылы су толтырып, таза сүлгі іліп, хош иісті сабындарын қойды. Осы табалдырықтан аттағалы бері, гүлді айнала ұшқан әдемі көбелектей, көңілін әлдилей, тіл ұшына орала беретін көңілді әуен. Күні бойы жүрегін беймәлім қуанышқа толтырған түсініксіз сезімнен арыла алар емес. Тап бір алыс жолдан арып-ашып, ет жақын туысы жолаушылап келгендей.

Бейтаныс жан ваннаға кіріп рахаттана, ұзақ жуынды. Әзір шыға қоятын түрі жоқ. Тамақ суып кете ме деп, ыдыстың сыртын тұмшалай орап тастап, баяу оттың табына қойды. Толқынның күте-күте шыдамы таусылғанда шықты-ау. Танымай қала жаздады. “Адам көркі шүберек” деген осы-ау!.. Сақал-мұртын бастырған соң, түрі де жасарып кеткен. Жертөлелерді паналап, қаңғып жүрген ел кезбе біреуге мүлде ұқсамайды.

— Жазда көлге шомылатын едім, қазір күз түсіп, мұз қатқалы жуыну қиын болып кетті,-деді ол, дастарханға отырып жатып. Толқын ораулы ыдыстың қақпағын ашып еді, бөлмені тәбет шақырар ас иісі алып кетті.

— Сіз осы шаңырақтағы алғашқы қонағымсыз. Қысылмай тамақ алыңыз,-деп терезесі тең адамша күле сөйлеген Толқын, тамақты оның алдына ысырыңқырап қойды.

— Қазақстанға келгелі, неше жылдан бері бірінші рет қонақжай адам көріп тұрғаным осы,-деді ол. Екеуінің де қарны ашып қалған екен, үн-түнсіз тамаққа бас қойды. Дегенмен, Толқынның бір байқағаны, оның қасық, шанышқы ұстауында, төменшіктемей, еңсесін көтеріп тік отырысында зиялылықтың ізі бар.

— “Қазақстанға келгелі…” деп қалдыңыз ғой. Құпия болмаса, өзіңіз қай жақтан келіп едіңіз?-деді Толқын үнсіз отырғанша, әңгіме болсын деген оймен.

— Балтық жағалауынан. Аты-жөнім Бугинас Жездібекұлы Қарсақбаев. Қазаққа онша ұқсамағасын, сенбей отырсыз ба?-деді оның жүзіндегі болар-болмас таңданысты аңғарып қалып, — әкем — қазақ. Соғыс кезінде басынан ауыр жарадар болып, әскери госпитальда ұзақ уақыт жатқан. Қаншама жыл контузияның әсерінен, туыс-туғандарының аты-жөнін, атамекені қай жақта екенін дұрыстап есіне түсіре алмады… Анам латыш қызы еді, мамандығы дәрігер болатын. Екеуі госпитальде танысыпты.

Бугинас үшкір де биік шатырын мүк басқан, күйдірілген қызыл кірпіштен өрілген көне үйлерге толы, тар орамды, тас көшелі Ригада өткен балалық шағына ойша саяхат жасағандай үнсіз отырып қалды. Әлде жат жерден топырақ бұйырған жарымжан әкесін есіне алды ма… Толқын оның ойын бұзуға батпады. Біраздан соң ол сөзін одан әрі жалғастырды:

— Әкемнен жөндеп ештеңе сұрап-біле алмаған соң, бала күнімнен қазақ деген қандай халық деген әуестікпен, қазақтарға қатысты там-тұм деректерді іздеп жүріп оқитынмын. Соның бәрінде де “қазақтар ер мінезді, қонақжай, мәрт, дархан халық” деп суреттелетін,-деді бейтаныс қонақ суып қалған шайын ұрттап қойып. Толқынның көкейінде тұрған жалғыз сұрақ: ол бұңдай күйге қалай түсті болғанымен, туралап қоюға көңіліне келер деп,

— Бұнда қалай келдіңіз?-деп сұрады. Айтпаса да түпкі ойын сұңғыла жігіт сезіп қойыпты:

— Қалай бомж болдыңыз?-демексіз ғой… Оп-оңай. Ұшқыштар дайындайтын оқу орнын бітіргем. Ойда ештеңе жоқ, қызмет істеп жүрген жерімнен әскери комиссариат шақырды да Ауғанстанға баратынымды хабарлады. Мүгедек әкем әл үстінде жатқанына, жалғыз шешем барына кім қарасын… Байғұс әке-шешеммен қимай-қимай қоштасып кете бардым. Соңғы рет көруім екен…

Бірге барғандардың бәрі, жерге түсер-түспестен, оққа ұшты. Айта берсем, ұзақ әңгіме. Қансырап жатқан жерімнен тұтқынға түсіппін. Ұзын сөздің қысқасы… қанша жылдан соң, амалын тауып қашып шықтым. Көрмегенді көріп, арып-ашып туған үйіме жетсем, үйімізде мүлде бөтен адамдар тұрып жатыр екен. Менің “интернационалдық борышымды адал атқарып, ерлікпен қаза тапқан” хабарымнан соң, көп ұзамай, әке-шешем бірінің артынан бірі көз жұмыпты.

Не үй жоқ, не жеке басымды куәлендіретін төлқұжат жоқ, сандалып далада қалдым… Бармаған мекемем, тоздырмаған табалдырығым қалмады. СССР тарап жатқан тұста менің ешкімге керегім болған жоқ. Жұрттың жүгін тасып, күндік тамағымды табатынмын. Бірақ, жұмыс болмай, аш қалатын кездерім де аз емес еді… Қайыр сұрауға намыс жібермейді. Тоңып, вокзалға кіріп, милициядан қашып-пысып жүріп, бой жылытқан боламын.

Сондай күндердің бірінде кездейсоқ бір жолаушымен таныстым. Геолог екен. Экспедициямен Қазақстанда талай рет болыпты. Ататегім Қарсақбаев дегенге қарап, “Ерте кезде қазақтар жаңа туған сәбиіне есімді көбінесе өзінің атақонысындағы жер-су атауына сәйкес қойған. Сенің әкең Жезқазған өңірінің тумасы шығар. Қазақстандағы мыс өндіретін тұңғыш зауыт сол жақта, Қарсақбай деген жерде болған”,-деген сөзі көкейімнен кетпеді.

Ойдан ой туып, бір күні әкемнің туған жері қайдасың деп тайып тұрдым… Кім біледі, бәлкім осы жақта оның бірге туған іні-қарындастары бар шығар?!. Билетсіз жолаушыны кім ұнатсын, талай рет пойыздан түсіріп те тастады. Сонда да алған бетімнен қайтпадым. Міне, сары аязды Сарыарқаға солай кеп қалдым,-деді ол, жанары жасқа тола үнсіз тыңдап отырған Толқынға таңдана қарап қойып.

— “Бомждардың” бәрі бірдей маскүнемдер, өткені күмәнді қаңғыбастар емес. Кезінде ғылыммен айналысқан, тым жақсы лауазымды қызмет істеген адамдар да арасында жеткілікті. Тауға көтерілу — қиын да, таудан төмен қарай құлдилау — ең оңай нәрсе екен ғой. Адамдар тағдырдың жазуы деп жатады ғой. Бәлкім қоғамның кінәсі шығар?!. Осындай кезбе тірлікке тап боламын деген менің де үш ұйықтасам түсіме кірмеген,-деді Бугинас айқыш-ұйқыш тыртыққа толы қос қолымен биік те жазық маңдайына түсе беретін қайратты қалың шашын уыстай ұстаған қалпы, күйзеле басын шайқап. Жүзі күреңіте, үнсіз ұзақ отырды. Толқын оның ойын бөлуге батпай, кесе түбіндегі шәйдің сарқытын баяу шайқаған қалпы, демін ішіне тарта, тына қалды.

— Адамгершіліктен жұрдай, қатыгез адамдар да көп екен ғой өмірде. Күндіз-түні бар шаруасын істетеді. Содан соң, ақы төлемек түгілі, тамағымыздың өзін жарытып бермейді. Тіпті, аузына келгенін айтып, жұдырығын ала жүгіретінін қайтерсің. Ондайлардың талайын көрдім,-деді Бугинас ешқандай ыза-кексіз. Толқын оның шегінің қырындысына дейін ақтарғанына ішінен таң қалды. Көптен танитын жақын адамындай.

— Жалба-жұлба киімімнен қорынып жүргем. Ертең Қарсақбай жағына кетемін. Туыстарымды іздеймін. Бәлкім біреу-міреудің малын бағармын. Өмірі істемеген кәсібім болса да… Қаражат тапсам, орталық архивтерге сұрау саламын. Құжаттарымды қалпына келтіруім керек. Сосын міндеті түрде сізге келемін. Жасаған жақсылығыңызға рахмет,-деді ол қоштасарында. Толқын оны есік аузына дейін шығарып салды.

— Сурет салудан қол үзбеңіз. Сіз қатардағы көп әйелдің бірі емессіз… Бойдағы талантыңызды жарқыратып көрсетуіңіз ке-ре-ек!-деп дауыстаған еді ол түнек түннің құшағына сіңіп бара жатып… Содан бері қытымыр қыс та өтті… Шуақты көктеммен бірге, өмірінде тұңғыш рет өзіне деген бір сенім пайда болды. Қапаста қамап ұстаған шабыт құсын енді еркіндікке жібермеуге болмасын ұққан ол төсегінен сергек тұрды да, балкон есігін серпи ашты. Қапырық бөлмеге лап еткен таңғы таза ауамен бірге Жаңа Күн жаңалық лебін ала кіргендей болды…

Заря ЖҰМАНОВА, жазушы