«Өрт қауіпсіздігі» апталығы

Бурабай ауданы «Ақбота» бөбекжайында ақпан айының 7-11 аралығында «Өрт қауіпсіздігі» апталығы болып өтті.  Сол іс-шара кезінде ІІ ортаңғы «Көбелек» тобында  «Жас өрт сөндірушілер» тақырыбында  тәрбие сағаты өтті. Тәрбие сағатының мақсаты:Оттың тілсіз жау екенін ұқтыру. Өрттен, оттан сақтану жолдарын үйрету. Өрт өшіретін құралды пайдалануды үйрету. Адам өміріне өрттің зиянды екенін біле отырып сіріңкені, тұрмыстық техникалық заттарды пайдалану және қауіпсіздік ережелері туралы біледі. Тәрбие сағаты тәрбиеленушілердің зейінін аудару, көңіл қойып тыңдауын  қадағалау мақсатында

«Шаттық шеңбері» әдісімен басталды.
Бықсып жанған от енді,
Алып — ұшып жөнелді.
Өшірем деп ұмтылған,
Балаларға көнбеді.

От өмірімізге қуат беріп, бойымызды жылытады. От — өмір сәні. Отсыз тіршілік жоқ. От жағылмаса, тамағымыз да піспейді, үйіміз де жылымайды. Ал тамақ ішпесек бойымызға қуат бітпейді. Бойымызда қуат болмаса өмірге деген қызығушылығымыз жоғалады. Біздің ата -бабаларымыз шөбі көп жерді отты жер деп бекер айтпаған. Отты жер — қуатты жер. Мал біткенге күш-қуат беретін жер. Үйді қазақ халқы отпен теңестіріп отырған.
Тұратын үйін отау, үй иесін — отағасы деп атаған. Отсыз тоңып, жаураған адам ешқандай еңбек те істей алмайды. Сонымен от — өміріміз десек те, оның әлемі жайлаған алапаттың бірі — өрт қаупін шығаратынын да естен шығармағанымыз жөн. Өзіміздің ұқыпсыздығымыздан немесе бейқамдығымыздан кейде өрттің қалай күш алып кеткенін де байқамай қаламыз.

Өз кезегінде бүлдіршіндер де өздері білетін өлең шумақтарымен бөлісті.

Мерей:
От жақпа күйерсің    
Өртеніп жүрерсің.

Альмансур:
Сіріңкені ұстасаң
Бәлеге сен түсерсің.

Қасым:
Оттың ісі қуырмақ
Желдің ісі суырмақ.

Анастасия:
Қазір жанған жалынды
Алып ұшып қуаламақ.

       Одан кейін тұрмысқа қажетті заттарды пайдалану, ережесімен таныстыру жұмыстары жасалды.
         Өрт сөндіру құралдарымен таныстыра отырып балалар қолдарына ұстап өртті сөндіруді көрсетті. Өрт сөндіру құралдары құм, су шашу құралы, өрт сөндіру машинасы, күрек, басына киетін каскалармен таныстырылды.     

          Өрт қауіпсіздігі туралы слайдтар көрсетіліп таныстыру жұмыстары жасалды.

Сонымен қатар өртке тап болған кездегі қауіпсіздік, алғашқы көмек көрсету жайында қосымша мәліметтер алды. Бүлдіршіндерге  көшедегі, үйдегі өмір қауіпсіздігіне үйретіп, үй ішінде адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлар болуы мүмкін екені айтылды. Үйде жалғыз қалғанда сіріңкемен ойнамау, тоқ көздеріне артық заттар салып ойнамау керегі ескертілді.

Тәрбие — отбасынан басталады дегендей үлкендердің рұқсатынсыз тоққа, отқа жақындамау керегі ескертілді.

Жұлдыз Қасқырбаева, «Ақбота» бөбекжайының ІІ ортаңғы «Көбелек» тобының тәрбиешісі