СЕҢКІБАЙ БИ

Сеңкібай би Оразғұлұлы 1709 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туып, 1786 жылы Жезқазған облысы Шет ауданының Қызылту жайлауында қайтыс болған.
Сеңкібайдың шыққан тегі жөнінде қазақ шежіресінде былай таратылады.
Арғын Болатқожадан (Қаракесек) Ақша, Түйте ұрпақтары тарайды. Түйтеден Майқы, Танас, Майқыдан Әлтеке, Сарым, Танастан – Тымырысқы сары, Садақты сары. Тымырысқыдан Бәтшор, Қара, Шор, Ақшор шығады. Садақты сарыдан Түмен, одан Қожас, одан Бекбас туады. Бекбастан Манақ, Бәркөз, Оразғұл. Оразгұлдың бірінші әйелінен Сеңкібай, Ақкісі, Желтеу, Найза, Қылыш, Ақжол тарайды, Екінші әйелінен Шой, Тайсары, Қойсары, осы тоғыз ұлдың ең үлкені «Биата» аталып кеткен Сеңкібай баба екен. Сеңкібайдың Сарыбай батыр, одан Қырыңқай, Шондыбай, Ұрынқайдан Қосбабай. Одан Мұқыш, одан Адай. Ал, Шондыбайдан Иса қажы. Исадан Ормамбет би. Одан Зәкіш.
Тобықтының атақты биі Әнет баба (1626-1723) қожастың батырлығына, ел қорғаудағы зор еңбегіне риза болып, өзінің Тоқта деген кіші қызын оған қосады. Қожастың Кұлбас, Бекбас деген батыр ұлдары Тоқта анадан туған еді. Бекбастан туған Мойнақ, Бәркөз, Оразғұлдар сондай ел қамын ойлайтын қамқор батыр, би боп өткен. Әсіресе қарашаңырақ иесі Оразғұл ағайын арасында қайырымды, адамгершілігі мол, дәулетті кісі болыпты. Ел оны «Ожаң» дейді екен. Осы күні «Ожаң балалары» аталатын ауыл, сол Ожаң атадан тараған ұрпақтар. Ел арасында мынадай бір аңыз айтылады.
Бір жылы қыс қатты болып, ел қиыншылыққа ұшырайды. Ел ағасы Ожаң жылқыларын оңтүстік жаққа қыстатып шығуды ойластырады. Сөйтіп үйір-үйір жылқысын сол жаққа қарай айдайды.
Оразгүл жайылымға жылқыларын жайғастырып болған соң сол маңдағы ел-жұртпен танысайын деген ниетпен бір-екі адамды ертіп келе жатса, алдынан бірі атты, бірі жаяу екі адам шығады. Олар жақындаған сайын әлде неге келісе алмай, керісе дауласқан дауыстары естіледі. Аттылы кісі жаяу адамды алдына салып, салпақтатып еріксіз айдап әкеле жатқан тәрізді.
Жолаушыларға таяп келген Оразғұл сәлемдескеннен кейін олардың оғаш жүріс жайларын сұрайды.
Аттылы адам:
— Мына кісіде қарызға берген бір серкем бар еді. Енді соны сұарасам, қара басымнан басқа ештеңем жоқ деп бергісі келмейді. Сондықтан биге жүгініп, кесімін естуге әкеле жатыр едім, — деп жауап береді.
Оразғұл жаяу адамға көз салса киімі өте жұпыны, өңі тым жүдеу екен. Жұрттан қашық, елден жырақ шығып кетсе де, оған жаны ашыған Оразгүл ат үстінде үзенгіге шіреніп тұрған адамға қарап, үстіндегі түйе шекпенін көрсетіп:
— Мына шекпен ана кісідегі серкешіңнің құнына тұра ма? – деп сұрайды.
Ол:
— Егер шынымен беретін болсаңыз, шекпеніңіз, серкештің құнына артығымен татиды, — деп жауап береді.
Сонда Ожан атынан түсіп, серкеш даулаған адамға шекпенін шешіп беріп жатып:
-Осымен егес бітсін. Жоққа жүйрік жетпейді деген ғой. Енді би іздеп әуре болмаңыздар, — деп қош айтысып жүріп кетеді.
Серкешке борыштар жаяу адам: «Тым болса мына бейтаныс қайырымды адамның кім екенін біліп қалмағаным ұят шығар» деп ойлайды да Оразғұлдың артынан айқайлап:
-Мыңның түсін танығанша, бірдің атын біл деген. Аты-жөніңізді айта кетші, бауырым? – дейді.
Аттың тізгінін тартып, артына бұрылған Ожаң:
-Мен Қаракесек Оразғұл боламын, — депті де ілгері жүріп кетіпті. Жаяу адам оған алғысын айтып қала беріпті.
Ол кезде жесір дауы, жер дауы үзіліп көрмеген ғой. Оның ақыры барымтаға дейін ушығып, елдің береке бірлігіне, жұрттың тыныштығына кесірін тигізіп, сүттей ұйыған ағайынды алакөздікке дейін жеткізген. Осындай дүрбелеңі үлкен бір даушарға бітім айтуға ел Мойнақты шақырады. Жасы келіп қалған, әрі сырқаттанып жатқан би Сеңкібайды шақырып алып: «бұл жолғы егесті шешуге сен барасың. Ал, сөз реті, дауласушылардың іс-әрекеттеріне қарай мынаны айт, ананы істе», — деп бұрынғыша тағы да тапсырмалар береді.
Сеңкібай ол кезде он бес жаста екен. Ол билік айтуға аттанарда есік алдына жете беріп, Мойнекеңе бұрылып, тымағын қолына алып, екі қолын қусырып тұрып:
— Жақсы ата, сауға! Сізге бір сөз айтуға рұқсат па? – дейді.
Мойнекең табиғатында түсі суық, ызбарлы адам болған. Ол Сеңкібайға тесіле қарап:
— Айт тілегіңді! – депті.
Сонда Сеңкібай:
— Жақсы ата, сіз маған дау-шарды шешеріңде «олай де, бұлай істе» деп тапсырма беріп жатырсыз. Солай үйреткендеріңізді сөздің реті келсе айтайын ба, жоқ болмаса, «Жақсы атам пәлен деп еді, түген деп еді деген оймен бопсалай берейін бе? – дейді.
Атасы оған жалт қарайды да сұсты пішінмен:
— Боқ, шіркін, бара ғой; бара бер енді, — деп төмен қараған бетінше үнсіз қалады.
Сеңкібай «Жақсы атасына» ізет көрсетіп, тағзым етеді де жөнеп береді…
Осыдан былай атқа Мойнақ би орнына Сеңкібай мінеді. Ол ел арасына іріткі салатын қандай да бір шиеленіскен, ушыққан істердің шешімін «Жақсы атасынан» кем таппайтын, әділ қазылығына екі жақ та риза болатын дуалы ауыз би атанады.
Одан кейін біраз жылдар өтеді. Ел-жұртына сыйлы болып, Ожан атанған оның орта жастан асқан шағы екен. Бұл Абылай ханның қалың жасағымен бірге болып, жоңғар басқыншыларына қарсы жойқын шайқасқа қатысқан оның үлкен баласы Сеңкібай өз жеріне жеңіспен оралып, отау көтеріп, меншік алған кез болса керек. Он үш жыл – бір мүшелде табиғат құбылысы өзгеріп тұратындай Арқада тағы бір қатты қыс қайталанады. Енді әкесінің ақылымен Сыр бойына жылқы қыстатуға Сеңкібай өзі бас болып атанады.
Әлгі елге «Оразгұл деген байдың қалың жылқысы келе жатыр» деген хабар лезде тарайды. Бұл сөзді баяғыда қарыз серкештің құны үшін Ожан шекпенін шешіп берген адам да естиді. Ол сол кезде дәулет құрап, балалы-шағалы болған бір ауылдың ақсақалы атанған екен.Сеңкібайлар ауылға жақындап келіп қоныпты деген хабарды құлағы шалған жаңағы кісі жылқышылар қосын әдейі іздеп келіп, амандық-саулық айтысқаннан кейін:
— Сіздің елде сенің әкеңнен басқа Оразғұл бар ма! – деп Сеңкібайдан сөз тартады.
Сеңкібай оған өз төңірегінде әкесінен басқа Оразғұл деген есімді адамның жоқ екенін айтады.
— Олай болса осы бет алып келіп, қос көтерген аймақ менің мекенім. Қыстай жылқыларың осы жердегі кең жайылымда жайылып жата берсін. Оған ақы сұрамаймын. Тек көктем шыға еліңе қайтар шағында маған жолыға кет, — деп жаңағы кісі Сеңкібайға қатты тапсырады.
Жылқы қыстан күйлі  шығып, биенің алды құлындай бастаған кезде Сеңкібай ауыл иесімен сәлемдесіп, қош айтысуға соғыпты. Ақсақалдар оны құшақ жая қарсы алып, қонақ етіп, сый-құрмет көрсетеді. Жайғаса отырып, дәм-әңгіме үстінде ол:
— Біз осы өңірге ертеден мекендеген ел екенбіз. Әкеңнің таршылықта маған жасаған естен кетпес адамгершілік қарызы бар еді. Тағдыр сол Оразғұлмен бір кедездірсе деп армандаушы едім. Міне, бүгін Алла жазып сол тілегім орындалып, тұңғышы сенімен кез болдым, — деп сонау бір жоқшылық арқаға батқан кедей кездегі уақиғаны еске түсіреді.
Содан кейін әлденеге жан сезімі толқып кеткен ақсақал бойжеткен бір қызын шақырып алып:
— Ең жақын көрген досына қыз беріп, қыз алысқан еліміздің ертеден қалыптасқан ата дәстүр-салты бар. Мына баламды сенімен бірге аттандырғалы отырмын. Әкеңе апарып қос. Ел сыйлаған Ожанның аяғында жатса да қор бола қоймас, — деп көзіне жас іркеді.
Сеңкібай ертеңінде қасындағы досын жылқыға шаптырып, құйрық-жалы сүзілген бір үйірлі кілең қарагер жылқыларды алдырып, қыздың «қарғы бауы» ретінде ақсақалға ұсынады. Сөйтіп, төрт аяғынан тең жорға ақбоз атқа қызды мінгізіп, еліне бет түзейді.
 
(«Даланың дара ділмарлары»