Ақын Қалия

Бауырындағы ел сұлу,

Гауһар түрлі көл сұлу.

Осыны көрген Қалия қарт,

Күн сайын жасай береді.

Иса Байзақов

Ауру болдым мынадай,

Жабысқан тасқа қынадай.

Тамағымнан ас жүрмейді,

Балталап қаққан сынадай.

Қ. Жұбандықов

Ауылыңа барып тұрасың ба? Иә, бармағалы көп болды дей алмаймын. Өткен аптада, аптаның аяғында барып қайтқанмын.

— Ім… ауыл деген жақсы ғой. Ауылды сағынамын. Шіркін балалық кезең, балғын шақ, алаңсыз уақыт қайтып келсе,-деп күрсінді Жарас.

— Иә,- деп басымды изедім.

Ауылыңа барғанда сөз білетін, әңгіме айтатын қарттардан Қалия ақын туралы дерек жинасайшы. Ол кісі туралы өткенде айтқан әңгімең тамаша.

Түні бойы ойланып шықтым. Расында да, ақын деген аруақты адуын болады ғой. Ақын деген уақыттың құлы емес-ұлы болғандықтан тарихта қалады. Кезінде өлең жазып әуестеніп көріп едім. Өлеңім өлең емес, көркемдік деңгейі төмен болғандықтан біржола қол үздім. Әңгіме осымен тәмам.

Әрі қарай күнделікті өмір. Күнделікті күйбең тіршілік төңірегінде өрбіді. Үйге келіп ойландым. Ойдан ой туындайды. Шіркін-ай, қазір ауылға барып я осы қаладан мектеп баласынан Қалия ақын кім деп сұрасам иығын қиқаң еткізіп білмеймін деп күңк ете түсер. Қалия дегенде естігенімді, баяғыда әр жерден теріп жазғанымды сүзіліп қопардым. Тұщымды дүние жазайын деп отырғалы қаншама уақыт. Өткен аптада қолым босамады. Оның үстіне соңғы кезде қан қысымым төмендеп, бірде көтеріліп «ойнамалы» болып тұр. Жасым қырыққа толмай жатып «қан қысымым» бар деп айтудың өзі ұят! Кейде бұл жалғанда ойлы адамға қызық жоқ па деймін.

Қалия ақын Жұбандықтегі. Руы Қаракесек. Арғы аталарының түбі Қарағанды. Жезғазған. Ұлытау маңайы болар. Ел солай дейді. Кім білсін. Арғы тарихты қойып, бергі тарихты жөндеп айта алмайтын басбілгілер бар. Оларға өкпе жоқ. Қайтып өкпелейсің, заманы солай, заңы сондай болды. Таңертеңнен кешке дейін қара жұмыстың соңында жүріп, кешке іңірбайлана келіп төсегіне құлап, таңертең сүйретіле тұрып жұмысына кеткен жандар тарихты, өткенді білетін тіпті кітап оқитын уақыттары болды дейсің бе? Әйтеуір Кеңес үкіметі құлағанша табандары жарылып, қолдары күстеніп, салпаң-салпаң ауыр жұмыста жүрді. Шіркін Совет Үкіметінің қасқабастары мұншалықты ақылды, ақылдылығынан бұрын айлакер, айлакерлігінен бұрын әккі болар ма? Жалғыз «Ел ішін коммунизм елесі кезіп жүр!» деген ұранмен көп қазақты мал соңына салып қойды. Коммунистер үкіметі аяғы аспаннан келгенде, сол елестің қалай өтіп кеткендігін өздері де білмей қалды. «Өтті дәурен осылай» деп ағалар кітап жазды. «Дін жоқ» деп жалғанға жалпақ ұран тастап жүргендер «шіркін қадірін білмеппіз» деп гөй-гөйледі.

Жарайды. Өтері өтті, кетері кетті. Тәуелсіздікті алып ел есін жиды. Баламыз. Жаз, маусым айы. Көрпетаудың етегіне қатар-қатар киіз үйлер тігілді. Жан-жақтан ағылған ел, сабылған жұрт. Ат бәйгесі. Балуан күрес. Айтыс. Әнші. Жыршы. Термеші. Күйші. Гу-гу… қарбалас. Сапырылыс. Ақын Қалияның ұмытпасам жүз жылдығы әлде жүз жиырма жылдығы тойланбақшы. Қазіргі балалар үлкендермен жағаласып атасы я әжесі, болмаса әкесімен еріп тойға барады. Ол кезде бізге тойға бару қайда? Жаз болса, күн ұзарса даладамыз.

Сол болған той жайлы артынан, жоқ артынан емес осы жуырда, тіпті осыдан бір апта бұрын естідік.. Қазбек деген ақын жігіт Омбының азаматы тамаша суреттеп айтып берді. Омбы болғанда Қайрат деген ауылдың тумасы екен. Нөмерімді тауып алып өзі қоңырау шалды. Омбыда былтырға дейін өмір сүріпті. Руханияттың адамы. Қазір Екібастұзда. Омбының бір басылымына шыққан әңгімемді оқыпты, сол жақтағы досы «рұқсатсыз әңгімесін бастым, сәлем айтшы менен» деп жіберіпті.

— Қай жақтың азаматысың?-дейді.

— Абылай ауылы.

— Иә Абылай-хан ауылы ғой. Баяғыда Қ. Жұбандықовтың тойына барып аяқ астынан жарықтық Көкен Шәкеев ағамыз «бабың келіп тұр, айтысатын бір жұп жоқ» деп дайындықсыз айтысқа мені салып жіберіп еді. «Тамаша той болды» деп тамсанды. Сөз барымтасынан жеңілген я жеңген сұраған жоқпын. Бір сағат әңгімелестік.

— Қалияның ұрпағы бар ма?-дейді Қазекең.

— Бар,-дедім. Ауылыңда мұражайы бар ма, бір барсам соғып кетейін. Тілімді тістедім. Бар я жоқ деп айтуға дәтім жетпеді.

— Мұражайда суреті, өлеңдері тұр. Кітабы жоқ,- деп қысқа қайырдым.

Қалия ақын зерттелмеген тұлға, әрі жабулы күйінде қалған адам. Ана жылы біреулер өлеңдерін алып Ленин мен Сталинді жырлаған, «Октябрь» жайлы екен деп қайтарып беріпті. Қайтіп Ленинді жырламасын, қайтіп Сталинді жырына қоспасын? Ол кезде заман талабы сол болды. Әр дәуірдің өз заңы, әр дәуірдің өз жемісі бар! Маған дейін де біраз адамдар Қалия ақын жайлы жазыпты. Шолып шықтым. Тұщымды дүние таппадым. Өмірбаяны, ақындығы, Шашубай, Исамен айтысқаны, Жамбылдан бата алғаны, халық ақыны болғандығы. Осы ғана. Ал нақтылап келгенде Қалекең жарықтық бір ауылды аштықтан алып қалғандығы жайлы қысқа ғана әңгіме ретінде кездеседі. Қалай болған? Қу шеке Голощекин ұйымдастырған аштықтан жалғыз бір ғана ауыл емес, тұтас, жаппай ел зардап шекті. Әлі күнге дейін 1931-32 жылғы аштықтан қырылған қазақ халқының саны жайлы дерек әр түрлі, ала-құла. Жай болжам. Осыншама болуы мүмкін деген дейді де, тарихшылар ар жағына бара бермейді. Қалай десек те халқымыздың қаншамасы жер құшты. Ажалынан бұрын дүние салды.

1931 жыл. Қолдағы малды шолақ белсенділер сыпырып-сиырып алып, халықты титықтатып барып аштан қырып жатқан кезеңі еді. Ақын қолына таяқ алып «қайдасың Көкшетау» деп аудан орталығына жаяу тартады. Үміті алда, артында талғажу таппай 180 адамы аштан өлген қаралы ауыл, қынадай қырылған ел. Түтіні түзу шықпай, ел ақтап көшкен босқын жұрт. Жүрек жалғайтын нәр таппай сенделген ағайын. Қиялына құрық бойлатпайтын, тарпаңдай жалына қол жуытпайтын ақын жаяулап Көкшетауға жетеді. Райкомға кіреді. Кіреді де ал келіп өлеңдетіп зарын төгеді. Зар емес іштегі мұң, мұң емес іштегі жалын. Жалын зар. Елдің ауыр ахуалы. Бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ.

Әйел менен баладан қашып келдім,

Көп дөңдерден ентігіп, асып келдім.

Алты адам ішетұғын түк тамақ жоқ,

Жаман қатты сіздерге сасып келдім.

Аяғымды баса алмай жаяу келдім,

 Өлмесем де, өлуге таяу келдім.

— деп есіктен кіре өлеңдетіпті. Хатшы да сөз түсінетін адам болса керек. Сол күні шұғыл жиын өткізіп, ауылдың малын өздеріне қайтарып беріпті. Ас — адамның арқауы. Қазақтың арқауы астау толы еті ғой. Жарықтық қолындағы малынан айрылып, арқасы күйіп, апшысы қуырылған қазақтың қаншама мәйіті далада қалды. Аштан өлді, Ақтабан болды. Антұрғандар басқарғанын, елдің қырылғанын Кеңес Үкіметін мақтайтындар, ақтайтындар қайдан білсін. Боздаған жұрттың зары тарих қойнауында қалды. Апыр-ай осы күні ойласам арқам мұздап, миыма сан мың құмырсқа кіргендей дір ете түсем.

Қалия ақын осындай ерлік істеген. Әйтеуір қай заманда да ақын мен батыр бір оқтық, атам десе атыңдар деген болар, көптен жаным артық емес деген шығар. Тағы бір оқиғаны дәптеріме жазып қойыппын. Оныншы сынып оқығанда, жоқ бертін, әйтеуір архивімнен тауып алдым. Қаншама дүнием қаншама уақыт, қаншама жыл бұрын жинап тізбектеп жүргем, жоғалып тынды, қалды. Іздеп таба алмадым. Тағдырдың теперіші. Қайта қоңырау шалып тауып бер деуге жиіркенішті адаммен сөйлесуге желкем жібермеді. Мейлі дедім. Одан басқа дүнием қалды ғой.. Сықиып тұрған шкафтың ішіндегі кітап пен қалың папкіме қарап, Алла осы дүниеме береке берсін дедім.

Қалия ақынның құрдасы Қалиды ел айтады. Екеуі де түйдей құрдас болған. Қалжыңдары бертінге дейін жарасып жүріпті. Отызыншы жылдардың аяқ кезінде ауылдың бес-алты адамы жоқшылықтан ғой, қиын заман, таршылық кезең, колхоздың бидайын рұқсатсыз үйлеріне әкеліп талғажу қылыпты. Бала-шағаның қамы. Оны біреулер арқылы естіп қалған қызыл үкіметтің ізкесушілері «тиісті жазасын беріп кел» деп ауылға ауданнан прокурор жолдасты жіберіпті. Заң қызметкері, оның үстіне прокурор, ауылда жан қала ма? Елде үрей. Шыбын жан мұрынның үстіне келіпті….

Прокурор жолдас Қалия ақынның үйіне түседі. Шай ішеді. Шай үстінде:

-«Қали құрдасыңыз қалай, бай-қуатты ма?»-деп сұрайды.

Ақын алдындағы шайын бабымен ішіп отырып:

— Қалиды кеше жерледік. Ажал дауасыз, ауру даусыз деген. Ойламаған жерде Қалекең дүние салды,-дейді Қалия.

Ауданнан келген прокурордың алыс жамағайыны екен. Түсі бұзылады.

— Маған хабар айтпаған ба, ә, қап ә!? Ас қайырып Қалия ақынға: — Бәйбішесіне көңіл айтып, Қали құрдасыңыздың үйіне барып шығайық,-дейді.

Бидай ұрлаған бесеудің үкімін күтіп ел жиналып отыр. Ауыл абыржулы. Елге соттан адам келді. Анау-мынау емес, прокурор.

Қалидың үйіне ақын мен прокурор кіріп барса, қақ төрінде терлеп-тепшіп Қалекең шай ішіп отыр. Прокурор аң-таң. Ақынға қарайды. Өлді деген адамға қарайды, тірі, сайрап отыр.

— Төрге шық. Шайға отыр. Уақытында келдіңдер,-деп тіпті жік-жапар. Шай үстінде прокурор:

— Апыр-ай, Қалеке, құрдасыңыз мың жасайды екен. Әлгінде өлді деп едіңіз, тірі ғой,-дейді. Сол кезде Қали.

— Қалия дұрыс айтады. Өлгенім шын. Кеше жамбасым жерге тиген, ана жаққа барып едім, кері қайтарды. Ертең анау бидай ұрлады деп бес бейбақты соттайды. Жер аударады. Соның сотына қатысып жердегі кіші құдайдан да, төбеде үлкен Құдайдың құзыреті күшті деп айт. Соның заңымен сотталады олар,-деп айт деп мені жіберді. Сот біткен соң қайта кетемін, сотына қатысып, оған дейін шайымды ішіп алайын деп бәйбішемнің екі аяғын бір етікке тықтым,-дейді жайбарақат.

Сірә прокурор да сөз түсінетін біреу болса керек. Бидай ұрлады деп жазықсыз «жаптым жаламен» кеткелі тұрған бесеуге жеңіл жаза кесіп босатыпты.

Иә, Қалия ақын әлі зерттелген жоқ. Т. Көбеновтың «Ауыл ажары азаматынан» деген кітабында «Халық ақыны Қалия Жұбандықов» деген мақаласында былай дейді: «1892 Әзібай бұлағы деген жерде ақын дүниеге келген. Ақынның өнері 1930 жылдардан басталады» деген деректер келтіреді (38-39 бет) 1939 жылы 17 тамызда Қазақстан Жазушылар одағының съезінде «Халық ақыны» атағы берілді. Бұл атақ еліміз бойынша сол жолы тоғыз ақынға берілген. Сол тоғыздың біреу Қалекең болса керек. Жалпы ел аузында Қалия Жұбандықовтың көп өлеңдерін (атын атамай-ақ қояйын марқұмның) қазақтың маңдай алды деген жазушысы ауылға келгенде, баспадан кітап қылып шығарып беремін деп өзімен алып кетіпті. Төте жазуымен жазылған өлеңдер. Шежіре, дастандар екен. Сол кеткеннен ақынның қолжазбасы ұшты-күйді жоғалса керек. Жалпы Қалия ақын туралы бертінгі ұрпақ жадынан да, жанынан да шығарып ұмытып барады. Өйткені, сөз түсінетіндердің саны да азайды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйетін есті жұрттың көбі дүние соңына түсті. Заман ағымы осы.

Дала мектебінен Жаратушы иесі дәріс беріп, сүбесіне зор талант құйған үлкен жүректі жайсаң ақынның бірі Қалия Жұбандықов жайлы алдағы уақытта тағы бір айналып соғармын. Бұл бастамасы ғана. Ә, ұмытып барады екенмін, шөбересінің қолында баспаға басылмаған бір бума өлеңдері жүр. Баяғы «абсолюттік еркіндікте» айтылатын ол кісі Ленин мен Сталинді жырлаған!-деген тұжырым сөз. Демек қазіргі кезеңге мазмұны сәйкес келмейді деп жылы жауып қойсақ, тарихтың күретамырына қайтып қан жүреді. Осы ой мені мазалаған.

Ақын Қалия Жұбандықов 1953 жылы 81 жасында дүние салды. Рухы шат болсын!

Р.S. Ғұмыр-біреу. Кезек-екеу деген атам қазақ. Ақынның өмірі жайлы білгенімді жазып, тергенімді сіздерге жолдап отырмын. Кісі-өлер, сөз-қалар демеуші ме еді. Өткен ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қиындығын бастан кешіріп, елдің мұңын жырлаған ақынды «ескінің ақыны» десек арымызға сын болар, ағайын!

Жеңіс Оспанов