Курорттық аймақтың қазіргі дамуы

 «2021 жылы Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға Щучинск қаласына 4 миллиард 569 миллион теңге бөлінді. Бұл курорттық аймақты дамыту бойынша бөлінген қаражат»

Қала әкімі Ерлан Қаппасовтың

халық алдындағы есебінен

Тоқсан жолдың торабында орналасқан Щучинск қаласында 73 мың тұрғын бар. Жылдан-жылға қаламыз өсіп-өркендеп, жетіліп инфрақұрылымдық тұрғыдан даму үстінде. Жалпы былтырғы жылы тоғыз көшенің жолдары жөнделіп, ой-шұңқыры тегістеліп, әлеуметтің әлеуетін көтеруге барынша назар аудардық,-деп бастады қала әкімі Ерлан Қаппасов. Тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз қылу, көшелерді жарықтандырып, қоғамдық көліктердің мәселесін біржақты қылып шешу, тысқа қар шығарып, көктемдегі су тасқынын болдырмау т.б. күн тәртібінен түспейтін мәселелерді күн оздырмай шешудің жолдарын қолға алып жатырмыз. Биылғы жылы Торғай, Октябрь, І Заречный ықшамауданын жарықтандыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жергілікті халықтан түскен ұсыныс. Сонымен қатар, курорттық аймақты дамытуға барынша мемлекет тарапынан қаржы бөлініп жатыр,-дейді қала әкімі.
Аудан әкімі Әсет Мұздыбаев қала тұрғындарымен кездесу барысында өз ойын ортаға салды. Өткен жылдарға қарағанда экономикалық серпіліс бар. Алдымен денсаулық саласы. Биылғы жылы ауданымызға төрт дәрігер, бір хирург жас мамандар қызметке тұрды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көпқабатты үйлер салынып жатыр. Жалпы ауданымызда 39 көше (ауылмен қосқанда) жарықтандырылып, көшелеріне асфальт төселді. 12 миллиард 700 миллион соманың жобасы іске асып, инвестициялық жобалар қолға алынып жатыр. Қатаркөл ауылы, Бурабай кентінің мектептері күрделі жөндеуден өтті. Мәдениет саласы бойынша заман талабына сай Бурабай кентінде кітапхана жөнделіп, ел игілігіне берілді. Ұрымқай, Веденов, Жасыл ауылдарына биылғы жылы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз қылу жоспары әзір тұр. Щучинск қаласында үш қабатты, көпсалалы спорт сарайының құрылысы 2023 жылы аяқталмақшы, осы жылы қала орталығындағы Мәдениет үйінің құрылысы басталмақшы. Өткен жылмен салыстырғанда ілгерілеу бар,-деді аудан басшысы.
Аудан әкімі мен қала әкіміне жергілікті тұрғындардың атынан сұрақтар қойылды. Карьер ықшамауданынан № 7 мектеп-лицейіне баратын автобустың жоқтығы; азық-түліктің күнделікті тұрақсызданып өсіп жатқандығы; қоғамдық көліктің уақытынан бұрын кеш келетіндігі айтылып, сауалдар жолданды. Барлық сұрақтарға нақты жауаптар қайтарылып, алдағы уақытта шешімін біржақты етіп шығарып береміз деп сендірді аудан билігі.
Сонымен қатар Ломоносов көшесінде №22 көпқабатты пәтердің жай-күйін экрандағы суреттер арқылы кеңінен баяндап, аудан әкіміне осы үйдің тұрғыны сұрақ қойды. Расында да тұрғын үйдің төбесінен аққан су, төменге барып үйдің қабырғасы іріп, іргесі толыққанды бүлініп жатыр екен. Бұл сауалға аудан басшысы:
— Біз бұл жағдайды білеміз. Қазіргі таңда бұл үй жеке меншік. Мәселені одан әрі күрделендірмей шешу жолдарын қарастырамыз деп жауапты адамдарға тапсырмалар жүктеді.
Жиында қойылған сұрақтардың тұщымды жауабы табылатындығына, ауданымыздың өсіп өркендеуіне біз кәміл сенеміз. Іске сәт!
 Ж. Оспанов