Соғыс жайлы әңгіме айтпаушы еді

Әбділманов Қамаш Әбділманұлы 1925 жылы Бурабай ауданына қарасты Жаңажол ауылында дүниеге келген. 1943-1947 жылдар аралығында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Қызыл әскер қатарында болып, ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды. Аман-есен өзінің туған ауылына келіп еңбек етіп, соғыстан кейінгі экономикасы әлсіреп қалған елді көтеріп, гүлдендіруге ат салысты. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Үйленіп, әжеміз Күміс Қапанқызы екеуі 10 бала тәрбиелеп-өсірді. Қашанда өзінің ісіне адал, сөзіне берік, көп сөйлемейтін, биязы, парасатты адам болған. Соғыс адамзат баласына бақыт пен шаттық сыйламайды, тек қасірет пен қайғы ғана сыйлайды. Фашистік пиғылдағы ниеті бұзық Гитлер әскерімен соғысқанда адамзат баласын езіп-жаншымасын, елде шуағы басым, нұры сәулеленіп төгілген тыныштық болсын деп соғыстық. Соғыстың не екенін көрдік, қаншама адам опат болды, жоғалып кетті, хабарсыз кетті. Біреу баласынан, біреу әкесінен айрылып ащы мұңы мен зары ғасырдан-ғасырға жететіндей болды. Елде тек бейбітшілік болсын, тұрақтылық пен бейбіт заманға жететін байлық бар ма, -деп соғыс жайлы әңгіме сұрасақ ашылып айта қоймайтын. Сендер бақытты болыңдар, сол үшін Гитлердің әскерімен соғыстық қой дейтін. Өзі ауылшаруашылық саласына еңбек етіп жүріп дүние салды. Біз ардагер атамызды мақтан тұтамыз!

 Айгүл Тұяққызы