Сенат референдумға қатысты заң жобасын түзетулермен Мәжіліске қайтарды

Сенаттың жалпы отырысында «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы қаралды. Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Сенаторлар «Референдум туралы» заңнан Елбасы туралы норманы алып тастады. Құжаттың бұрынғы нұсқасы бойынша Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты мәселелер республикалық референдумның нысанасы бола алмайды. Сенат депутаттары бұл норманы заң жобасынан алып тастауды ұсынды. Түзету қолданыстағы Заңның 3-бабының 2-тармағы туралы болып отыр. Сенаттың редакциясында бұл норма «мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі принциптерін өзгерту» мәселелері ғана референдумның нысанасы бола алмайтынын көздейді. Енді бұл заң жобасын Мәжіліс депутаттары қайта қарайды. Егер олар келіссе, құжат алдағы уақытта Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі. «Конституцияға енгізілетін 33 баптың барлығы Конституциялық Кеңестің қарауына ұсынылды. Кешегі алған ақпаратымызға сәйкес, реформалар жөніндегі комиссияның бірнеше мүшесі Тұңғыш Президенттің орны түсінікті, сондықтан оны арнайы Конституцияда белгілеу қажет емес деген ұсыныс берген екен. Осы орайда Конституциялық Кеңес қолдап, өзінің қорытындысын шығарды. «Республикалық референдум туралы» туралы Заңның үшінші бабында референдум өткізуге болмайтын мәселелердің тізбесі бар. Ол тізбеде азаматтардың құқығы мен бостандығын бұзуға алып келетін, Тәуелсіз мемлекеттік біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын өзгертуге байланысты мәселелер республикалық референдумға енгізілмеуі тиіс. Соның ішінде Тұңғыш Президентінің мәртебесіне байланысты да Заңда белгіленген. Сондықтан бүгін Сенат депутаттары Конституциялық Кеңестің ұсынысын ескере отырып, қайтадан бұл заң жобасын қарап, «мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі принциптерін өзгерту» деген редакцияда қабылдап, оны Мәжіліске жіберді», — деді сенатор Ләззат Сүлеймен. Атап айтқанда, қазіргі кезде республикалық референдум туралы заңның 3-бабында Республикалық референдумның талқысы бола алмайтын мәселелер жазылған. Осы орайда «Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының мәртебесін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту» талқылауға болмайтын мәселелердің қатарына жатқызылған. Бұл ретте сенаторлар осы бапты «мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі принциптерін өзгерту» деген мәтінде түзетті. Енді референдум талқысы бола алмайтын мәселелердің санатынан ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының мәртебесіне қатысты талап жойылмақ.