Айжан Есмағамбетова референдум күніндегі қауіпсіздік іс-шараларын атады

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова референдум күнінде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қандай іс-шараларды сақтау қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Тәулігіне 10 жағдайға дейін тіркелуде. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, 3 наурыздан бастап республика және барлық өңірлер жасыл аймақта. Елдегі тұрақты эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, барлық карантиндік шектеулер алынды», — деді вице-министр Орталық сайлау комиссиясының отырысы барысында. Сонымен қатар ол референдум өткізу кезінде қандай алдын алу іс-шараларын қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды. «Оның ішінде: адамдардың көп жиналуына жол бермей, әлеуметтік қашықтықты сақтап, референдумға қатысушылардың тобын реттеу; бөлмелерде желдеткіш немесе ауа баптау жүйелерінің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету; ауаны жасанды желдету жүйесі болмағанда бөлмелерді жүйелі желдету; дауыс беру алдында және күні бойы қажеттілігіне қарай бөлмелерді желдету және дезинфекция жүргізу. Көрсетілген іс-шараларды іске асыру елдегі тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді. Аталған алдын алу іс-шаралары Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің бүгін осы отырыста келісуге шығарылатын қаулысының жобасында жазылған», — деді Айжан Есмағамбетова. Отырыс барысында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің арнаулы қаулысы бірауыздан қабылданды.