Балалар мерекесі

1 маусым күні Щучинск қаласының орталық алаңында Халықаралық балалар күніне орай, мереке айрықша аталып тойланып өтті.

Қазіргі таңда жас жеткіншектер үшін, ауқымды шаралар атқарылып, оқуда озат, мектепте белсенді, қоғамдық өмірге кеңінен араласып жүретін балаларға мол мүмкіндіктер ашылған.

Балалар күніне орай, Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев орталық алаңға мерекеге жиналған ата-аналарды, балаларды құттықтап,  отбастарына амандық тілеп, балаларға арналған болашақ жоспарымен бөлісті.

Сонымен қатар ауданымызда өткен «Өз жұлдызыңды жақ» көпжанрлы балалар шығармашылық конкурс-фестиваліне қатысқан ауданымыздағы жүздеген бүлдіршінді, Әсет Мұздыбаев «Алғыс хатпен» марапаттап, қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыс етті.

Аталмыш  сайыстың сәтті өтуіне, жас өскелең ұрпақтың өнер мен білімге  құштарлығын оятуға ат салысқан демеушілерге де аудан басшысы алғысын айтып жеткізді.

 Сонымен қатар, балалар парады өтіп, түрлі спорттық іс-шаралар жалғасын тауып,  жиын айрықша көтеріңкі көңілде өтіп жатты.

 Бұл игілікті іс-шаралар биылғы Балалар жылының аясында өтіп жатыр.

Мерекелеріңіз құтты болсын, бүлдіршіндер!

                  Ж. Оспанов