Жарқын болашақ үшін дауыс бердік

Әділдіктің атасы өлген күні-ақиқат ауылына аттап баса алмайсың дейді атам қазақ. Шындығы керек, ақиқатты айтып отыру керек, шын сөздің маңдайы қасқа екендігін көрсетіп жеткізу — бүгінгі сіз бен біздің басты парызымыз! Отыз жылғы еңбекті, жеткен жетістікті, бар мен жоқты, таразы басына салып, ой елегінен өткізу әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз. Президент Жаңа Қазақстан құрамыз деп бастама бастады. Жаңа Республика. Реформалар өзгеріп, бір кездері бармақ басымен кетіп қалған олқылықтардың түзеп, қайтадан жандандыру халықтың әл-қуатын арттыру, жемқорлықты жою, мемлекеттік қызметтегі командалық жүйені ыдыратып халықтық нағыз жүйе құру жұмысын бастап жатыр. Өзі төрде болғанмен, сөзі төрде болмай жатқандардың бар екендігін күнделікті саясат шеңберінде көріп жүрміз. Ендігі бағаны құдайдан бір жас кіші халық береді.

Жарықтық Шаһкәрім «Дүние қу — бір ағын су» деген. Аз ғана тіршілікте болмашы бақ пен атаққа малданбай елді ойлауды, оның ішіндегі мемлекетті реттеуші функционалдық рөлі бар халықты ойлап, алға жоспар құрып, бұқара жұртпен бірлесіп шешуді мемлекет басшысы нықтап қолға алды. Ендігі мақсатымыз қандай? Байбалам өсек сөзден, желөкпе мінезден арылып, бай-байды қоя тұрып, нақты іске кірісіп, мемлекетімізді жандандыру әрбір саналы қазақстандықтардың басты міндеті.

Тіршіліктің негізгі көзі, шындығы керек, жер. Жер кез-келген халықтың қандай ұлт болса да басты құндылығы, құндылықты таразы басына салып әрі-сәрі қылып қоюға болмайды. Қазіргі таңда ауылшаруашылық саласының біраз жері пайдаланбай халық игілігін көре алмай отыр. Ұзын арқан, кең тұсаумен жүрген кейбір үлкен ірі фирмалардың жетекшілері иелік етіп отырған жерлердің көпшілігі жабайы жусан басып, қазіргі күні тозып бара жатқандығын байқап отырмыз. Бұдан яғни референдумнан кейін өзгеріс болып, билік басындағылар жерді пайдалану тәсілдерін тек қана халықпен бірлесе отырып шешетіндігін айтып жатыр.

Атам қазақ «қисынсызға сенбе» дейді ғой. Осы Референдумда бір байқағанымыз көпшілік қазіргі қолайлы сәтті пайдаланып, ұлтараздық мәселесіне май құйған. Мұндайға жол жоқ екендігін түсіндіріп, қисынсыз әңгіме, құйрығы шолақ, құлағы шұнақ деп жалған ақпарат екендігін жеткіздік.

Кезінде «Елбасы» статусы жайлы әр түрлі алып-қашпа әңгіме болды. Әрине ЭксПрезиденттің еңбегін жоғалтып жіберуге болмас, ұлан-байтақ жері бар қазақ елін басқарып, елдегі тұрақтылықты ұстап, алыс-жақын елмен бірге етене араласып, бейбітшілікті ұстап тұрды. 30 жылғы еңбекті жуып-шайып өшіре салуымыз, әрине есі бар адамға ұят нәрсе! Осы жолы Конституцияға кіріп кеткен бірқатар олқылықтарды түзету мақсатында халықтың пікірімен санасқан билік, алдымен — осы мәселені шешіп алу үшін арнайы дауыс арқылы таразы басына салды. Бір байқағанымыз Референдумға дауыс берушілер лек-легімен келіп, алдағы уақытта зор үміт күтетіндіктерін айтып жеткізіп жатты. Бұл болатын өзгерістер жай өзгеріс емес — саясат пен экономикада, монополияға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған түбегейлі өзгерістер. Халық қолдаса, Мемлекет басшысының өкілеттілігі қысқарып, Парламент ел саясатына әсер етуде күшке ие болады. Қазақстанның ерікті демократиялық қоғамда өмір сүретінінің нақты кепілі болмақ.

Жұдырықтай жұмылып, кең байтақ отанымыздың бұдан әрі өсіп-өркендеуіне ат салысуымыз керек. Қалыпты қоғам қалыптастырып, жаңаша сипаттағы мемлекетімізді нығайтып, ордасы биік, керегесі кең мемлекетіміздің дамуына пәлен-пәштуән әңгімеден аулақ болғанымыз дұрыс па деймін. Өйткені, соңғы кездері көршілес елдердегі ахуалды бәріміз көріп отырмыз. Отқа май құйғаннан алатын үлесіміз шамалы, қайта зардабын тартып, мехнатын көреміз. Ертедегі есті кісілер «ел тыныш болсын!» деп тілеуқор болып отырушы еді. Елдің іргесі тыныш болса… тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк емес пе?

Басты байлығымыз тұтастығымызға сызат түспей саясат сахнасы жақсарып, елдің әл-ауқаты артып, халқымыз бай-қуатты болса бұдан артық бақыт бар ма? Басты-бақыт ол елдегі бейбітшілік қой!

Жеңіс Оспанов