Жаны саудың — тәні сау

Күн демейді, түн демейді, таң демейді, әйтеуір ауырған жанға алғашқы көмек қолын созып, жәрдем беретін ол — жедел жәрдем бөлімі. Бұл салада қызмет атқаратындардың қызметі қашанда ат үсті. «Ат үстінде қалғыдым» деп қазақ айтады, иә қалғуды білмейді, ауырған-сырқаған жандар болса қоңырау түссе, бірден барып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жәрдемші болып жатады.

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының Щучинск қаласындағы Жедел жәрдем бөлімшесінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуға бардық. Өткен екі жыл бойы, пандемия тұсында тұмшаланып, ел ішіне кірген дертпен алғашқылардың бірі болып күрескен аталмыш бөлімше осы бір қиын сәтте қоғамның денсаулығы үшін арпалысып, күресіп, жеңуге күш салды. Осы жылдары бұл бөлімшенің жүргізушісінен бастап, дәрігеріне дейін дамыл таппады. Дәрі иісі аңқыған, кезекшісі ауысып жатқан мейірімділік пен жылулықтың нышаны айқын көрініп тұрған Щучинск қаласындағы жедел жәрдем бөлімшесінің ішіне кіріп, басшысы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Шынар Сайлаубайқызы Қазыбаевамен сұхбаттастық.

Шынар Қазыбаева 1968 жылы қазіргі Абылайхан ауылында 29 шілде күні дүниеге келген. Сегізінші сыныпты аяқтап, Целиноград қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі. Әрбір адам денсаулығына алдымен өзі жауапты. «Жаны саудың — дені сау» деген атамыз қазақ.

— Шынар Сайлаубайқызы, өзіңіз басқарып отырған бұл орталық көбіне ауру-сырқаулардың алғашқы жәрдемшісі екенін білеміз, былтырғы жылы пандемия кезінде дамыл таппаған әріптестеріңіздің арасында әр өңірде коронавируспен күресеміз деп дүние салғандары да бар, сіздерде қорқыныш болды ма?

— Әрине болды. Ел ішін жаппай жаулаған көзге көрінбейтін тылсым аурумен күресу оңайға түскен жоқ, қыз-жігіттердің барлығы жігерлері жасымай, қауіпті дертпен күресу жолында жан аяған жоқ. Әрдайым ауырған, жол апатына ұшыраған адамға, төтенше жағдай, оқыс оқиғалар болғанда алғашқы медициналық жәрдем беруші менің әріптестерім. Ел іші болған соң мұндай жағдайлар болып тұрады, оның үстіне өзіңіз білесіз, пандемия тұсында жастыққа қисайып демалу, шынымызды айтсақ болған жоқ, түнде де, күндіз де қоңыраулар жиі болды, ауруханаға науқастар лық толды. Иә әріптестеріміз де ауырды, бірақ шыдамдылық танытты.

— Адам бала кезінен бір мамандықты армандап таңдайды, ашығын айтайық, медицина саласының өзіндік қиындығы мен қызығы бар. Кейде қоғам тарапынан өздеріңіз туралы әр түрлі кереғар пікірлерді естіп жатамыз. Бірақ бұған түсінікпен қарағанымыз да жөн бе деймін. Өйткені, біріншіден жауапты жұмыс, екіншіден ажалсызға себеп боласыздар, әу бастан армандаған мамандық шығар?

— Иә, әркімнің арманы бала кезінде әр түрлі. Менің арманы ақ халатты абзал жан болу еді. Бұл мамандық әркімнің маңдайына жазыла бермейтін қызмет қой. Медициналық училищені аяқтағаннан кейін Жамбыл облысы, Шу қаласына жолдама алып, сол жерде тәжірибеден өтіп, көзімді қанықтырдым. Теориялық тұрғыда жұмыс істегеннен гөрі, практикалық жұмыста кез-келген маман пісіп жетіледі. Осы жерде жұмыс істеп үш жылдан соң, Семейдегі мемлекеттік медициналық институтқа түсіп, дәрігерлік білім алдым. Өзімнің армандаған мамандығыма қол жеткізіп, осы салада біраз жетістіктерге жетіп, үзбей қызмет атқарып келе жатырмын.

— Қазіргі таңда ұжымда қанша адам қызмет атқарып жатыр?

  • Елу бір адам қызмет атқарады. Барлығы бір үйдің адамындай кез-келген қиындықты жеңуге жұмылып, жауапкершілікпен жүреді. Бірлігі бекем жерге, жамандық жоламайды дейді. Жаңағы елу бір адамның үшеуі дәрігер, жиырма алтысы фельдшер, он жеті жүргізуші, үш санитар, бөлімшенің ішінің тазалығына жауапты бір адам бар. Барлығымыз ұжым болып, әрдайым бірлесіп, қызмет атқарамыз. Өзіме келетін болсам, көрші Бұланды ауданына қарасты ауылдық амбулаторияның бас дәрігері болып, жоғары оқуды бітіріп келген соң қызметімді бастадым. 2004 жылы Щучинск қаласына келіп, №2 Болашақ отбасылық амбулаториясының дәрігері, одан кейін 2005 жылы алғашқы жәрдем беру бөлімінің дәрігері, қазіргі таңда осы бөлімшені басқарып отырмын.

— Қазіргі оқу бітіріп келген жастардың жұмысқа деген ынтасы қалай?

  • Қашанда аға буынның ынта-пейілі дұрыс болса, өсіп келе жатқан жастар сол алдыңғы буыннан үлгі алады. Үлгі алған жастардың бойына адамгершіліктің рухын сіңіру — біздің міндетіміз. Өмірден көргенімізді үйретіп, тәжірибемізді бөлісіп, бағытын түзеп жіберсе, кез-келген жас қанаттанып, шабыттанып шыға келмей ме, оның үстіне біздің бөлімшенің міндеті — ауырған адамға алғашқы медициналық көмек көрсету. Ауырған адамды білесіз, сіркесі су көтермей отырады. Тіпті бесінші қабаттан талай адамды өзіміз көтеріп төмен түсіріп жүрміз. Кейбір адамдар бұл кісілердің міндеті дей ме, қасымыздан көрсе де көрмеген болып өте шығады. Шіркін-ай адамзаттың бәрі бір-біріне бауырым деп қараса ғой дейміз сол кезде. Жалпы бізді де түсініп, қоғам ауырған адамды көтеріп төмен түсіріп келе жатқанда тым құрығанда көмектесіп жіберсе, біз үшін де, ертеңгі болашақ үшін де, үлкен сабақ емес пе, оны көрген жастар осы үрдісті жалғастырып әкетер еді.

— Құрметті Шынар Сайлаубайқызы, еңбектеріңізді ел біледі, қоғамның негізін реттеушісі халық, ал сол халық ауырса, сырқаса алдымен сіздердің бөлімшелеріңізге қоңырау шалып, жәрдем тілейді. Қазақ «саусақ бірікпей-ине ілікпейді» деп айтады. Жұмыстарыңызға әрдайым табыс тілеймін, жұлдыздарыңыз жоғары болсын. Халықтың денсаулығына алаңдап отырасыздар, алда келе жатқан төл мерекелеріңіз құтты болсын!

  — Рахмет, сіздердің басылымдарыңыз арқылы барлық әріптестерімізді төл мерекелерімен құттықтаймын. Отбастарыңа амандық, дендеріне саулық тілеймін! Жанымыз да, тәніміз де сау болып, халқымыз бай-қуатты болсын, дүниедегі зор байлық ол — денсаулық дегім келеді. 

Сұхбатты жүргізген: Ж. Оспанов