Гүлденсе ауыл-гүлденеміз бәріміз

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Бекахмет Махметовтың төрағалық етуімен, ауыл әкімдері, жергілікті шаруа қожалық иелерінің қатысуымен кеңейтілген отырыс болып өтті.

Көтерілген мәселе-шаруаларды былтырғы жылы біраз әуре-сарсаңға салып, қол жеткізе алмаған субсидия жайында өрбіді.

Өткен жылы,  ауданымызда ауылшаруашылығын ұстап, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа қожалықтары өздерінің алатын субсидиясын ала -алмағандығы жайлы үлкен мәселе көтеріліп, республикалық көлемде біраз дау-дамай болған-ды, тіпті қыруар қаржыны үптеп кеткен жауапты басшылар ұсталып, ауылшаруашылығына бөлінген қаражатты кері қайтару жолы қарастырылып-шаруа қожалықтары қол жеткізе  алмаған қаражат жайлы жиында кеңінен талқыланып айтылды.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Ақмола облысы Департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин, «Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарамасы» ММ-нің Егіншілік және астық нарығын реттеу бөлімінің басшысы Медет Досжанов, Ақмола облысы бойынша «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Гүлден Хаметовалар қатысып, жергілікті шаруа қауымының мәселесін білетіндігін, алдағы уақытта біржақты шешім шығарып, күні бүгінге дейін болған күрделі мәселелерді  ұзатпай шешімін табатындығын айтып көпшілікке жеткізді. 

Шаруалар тарапынан қойылған сауалдарға, тұщымды жауаптар қайтарылды.             

Шолушы назарынан