Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейтуде көрнекі ақпарат тілінің алатын орны ерекше. ҚР «Тіл туралы» Заңның 21-бабында көрнекі ақпаратты қазақ тілінде қатесіз жазуға міндеттейді. Яғни, көрнекі ақпарат мәтіндерінің түпнұсқа мағынасын сақтап аудару талабы қатаң ескерілуі тиіс.
ҚР-ның «Тіл туралы» Заңының 21-ші бабына сәйкес бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар және өзге де көрнекі ақпарат мемлекеттік және орыс тілінде жазылады.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын орындау барысында көрнекі ақпарат және деректемелерге қатысты Ақмола облысы бойынша 2023 жылы жүргізілетін жұмыс жоспарының 3-тармағына сәйкес сауда және қызмет көрсету саласында түсіндіру, насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізіліп жүр.
Осы ретте «Бурабай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ осындай өрескел заң бұзушылықтарға жол берген кәсіпкерлермен кездесіп, жадынама таратуда. Кез-келген көрнекі ақпаратты жарнама агенттіктері орындайды. Қателіктер дәл осы ұйымдардан кетіп жатады.
Сауда нүктелері мен дүкендердің атауларында кемшіліктер көп. Маңдайшалардағы жазулар сүреңсіз, өңіп кеткен, тұтынушыны тартпайды. Қазақша атаулар басқа тілдің ыңғайына қарай бұрмаланып жазылады. Ал, сөрелердегі тауарлардың бағасы орыс тілінде ғана көрсетіледі.
Көрнекі ақпарат және деректемелерге қатысты жұмыс жоспарына сәйкес, «Астана Нұры», «Wyndham Garden Burabay» мейрамханалары, «Жұмбақтас» пансионаты, «Жеке батыр», «Архей», «Достық» сауда үйлері және т.б. орындарға мониторинг жасалды. Ас мәзірі, жарнама мәтіндерінде қателіктер табылған болатын. Қателіктерді жоюға 1 ай уақыт берілді. Ескертуден соң, кейбір кәсіпкерлер бірден түзету жұмыстарын жүргізеді, ал кейбіреулері бірнеше ескерту алғаннан кейін бірақ жұмыстарын бастайды. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыс әлі де қыруар.
Кәсіпкерлер назарына! Ілінетін жарнамаларды басып шығару алдында мәтіндерді алдын-ала тексерту үшін «Бурабай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің» тіл мамандарына хабарласуға болады. Call-орталық телефоны: 8(71636)22526.
А.Наушенова,
«Бурабай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің» бас маманы