АЙДОС  АБАЙДЫҢ НЕМЕНЕСІ…

Талғар тауларын баурайлап келе жатқанбыз. Дархан дейтін кәсіпкер інім кенеттен «Абай атамыздың Айдос дейтін ұрпағынан хабарыңыз бар ма?» дегені…

Кезінде Данияр есімді шөпшегінің сұхбатын оқығанмын, Айдос деген ұрпағынан хабарым жоқ екен. Ойланып қалдым. Сосын «Абай Құнанбайұлының Ақылбаев Айдос деген тікелей ұрпағы бар, осы Алматыда тұрады…» деді.

«Мүмкін болса барып сәлем берсек қалай болар екен?..» дедім. Телефонына хабарласып еді, жұмыс орнында екен. Рұқсат сұрадық. Қарсы болмады. Бардық. Жұпынылау киінген дембелше кісі аулаға шықты. Кеңірек таныстық. Әңгімелестік. Қазақшаға шорқақтау екен. Болмысынан тектілік, зиялылық аңқып тұр. Көзінің оты бар. Ұлы бабасына келбеті де келетіндей. Бойын жаман әдеттерден мүлде аулақ ұстайтынын айтты.

«Абай атамның тұқымы екенімді көп адамға айтпаймын, мына мейрамханадағылар да білмейді. 2020 жылы бабамның 175 жылдығында Семейге бардым. «Абай балаларымен» деген ескерткіштің ашылуы болды. Ақылбай атам мен Тұрағұл атамды екі қапталына алған бабамның ескерткіші керемет шығыпты. Осыны арнайы тапсырып, жастақаны үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұрпақтары атынан ерекше ризамын!» — деді Айдос ағамыз. Алматының «Арбатындағы» мәлім мейрамханалардың бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істейді екен. Еңбекақысы — 150 мың теңге. Осыны естігенде жанымыз жүдеп, көңіліміз алай-дүлей болып кетті…

1967 жылы Алматы қаласында дүниеге келіпті. Украинаның әйгілі Кривой рог қаласындағы Авиациялық училищеде оқыған екен. Оқу бітіргенде кеңестер одағы күйреген, сосын бұйырған жұмыстармен айналысыпты. Жалғыз қызы

— Александра осы күндері Саратов қаласының тұрады.

Шежіре бойынша: Абай Ақылбай Әлімқұл Бағфұр Эрнест Айдос.

Яғни, Айдос ағамыз — Абай атамыздың неменесі болады. Һакім Абайдың сақталып қалған бейнесінің бірі — Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай және Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұлмен түскен тарихи фотосы. Сол Ақылбай Абайұлы (1861-1904) — Айдостың тікелей атасы, фамилиясы да — Ақылбаев. Ақылбай — Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның қолында өскен. Он жасқа толған кезінде Ғабитхан деген татар молдаға оқуға барған, онда 4-5 жыл білім алған.

Жалпы, Ақылбай да талантты адам болған. Домбырамен ән айтып, өлең жазған. Ақылбайдың 1895 жылы Әбдірахман өліміне, кейін 1904 жылы інісі Мағауия қайтыс болғанда шығарған жоқтауы да бар. Ақылбайды шығармашылық тұлға ретінде танытқан «Зұлыс» және «Дағыстан»  («Қисса-Жүсіп») поэмалары. Ақылбай 1904 жылы Семей қаласында қайтыс болады, бейіті бүгінгі Абай облысы, Абай ауданындағы өзінің қыстауы — Тышқан бұлағының басында.

P.S.

Айдос ағамыздың жұмысы сағат 16.00-де аяқталады екен. «Үйіңізге дейін шығарып салайық» деп едік, қарсы болмады. Аз уақыт күттік. Шағындау дорбасын көтеріп шықты. Тиісті мекен-жайға алып келдік. Бес қабатты үйдің бесінші қабатында бір бөлмелі үйде зайыбымен тұратынын айтты…

Ұлы Абайдың соңғы тұяғы ғой. Данияр деген немере бауыры барын айтты, көп жылдардан бері байланыстары жоқ секілді. Еркек атаулыдан қалған осы екеуі ғана екен.

Адамзаттың ойшылы атанған ұлы бабамыздың ұрпағы осындай әлеуметтік тауқыметте жүргені ұлттығымызға, елдігімізге сын емес пе?!.

Жанарбек Әшімжан

Похожие записи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA


Вы пропустили

Су тасқыны бақылауда: Ақмола облысында дамбылар күшейтіліп, өзен арналары тазартылуда
Есіл су шаруашылығы бассейнінің аумағында көктемгі қар суының қауіпсіз өтуін және елді мекендерді су басудан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Гидротехникалық нысандарды жөндеу, қайта жаңғырту және салу, сонымен қатар елді мекендер маңындағы өзен арналарының санитарлық тазалығы басты назарда тұр. Бұл туралы «Қазcушаруашылығы» РМК Ақмола филиалының бас инженері Олжас Тұржанов брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Бурабай ауданындағы республикалық меншікке жататын Щучинск қаласының саяжайларындағы су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Ал гидротехникалық нысандары қанағаттанарлықсыз күйде тұрған аудандарда кең көлемді реконструкция жұмыстары басталды.
Мәселен, Аршалы ауданындағы Анар станциясы маңында су өткізу құрылғылары бар қорғаныс дамбасы қайта жаңғыртылуда – жұмыс 70 пайызға орындалған. Бұланды және Жақсы аудандарында «Прохоровско-Колоколовская» және «Чапаевская-1» плотиналарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғысы 73 пайызға дайын.
«Шортанды ауданындағы «Дама» су бөгеті жаңа шлюздер салынып, бұрынғы су өткізу құрылысы консервациялануда. Бұл жұмыстар 39 пайызға орындалды, құрылыс мерзімі – 5 ай. Сонымен қатар Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы сегізінші шағын ауданда қорғаныс дамбасы салынып жатыр. Қазіргі таңда нысан 74,5 пайызға аяқталған, мерзімі – 6 ай. Бұл жобалардың барлығы 2025 жылы аяқталады», – деді Олжас Тұржанов.
Су тасқыны қаупі жоғары өзен арналарының санациясына да ерекше көңіл бөлінуде. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025–2027 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жоспар аясында Ақмола облысында 8 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның жетеуі Есіл өзені бассейнінде орналасқан. Қазіргі таңда оның төртеуі белсенді іске асырылуда.
Атап айтқанда, Атбасар қаласы маңындағы Жабай өзенінде арнаны тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы – 5,2 шақырым. Жұмыс 13 ақпанда басталды, 37 бірлік техника тартылған. Қазірге дейін 80% жұмыс орындалған. Сандықтау ауданының Балкашино ауылында арнаны бекіту және тереңдету жұмыстары 67% деңгейінде. Астрахан ауданының Старый Колутон ауылы маңындағы Колутон өзеніндегі тазарту жұмыстары 93%, ал Зеренді ауданындағы Шағалалы өзенінде – 98% аяқталған.
Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қажымұқан ауылы мен айналма автожол аралығындағы Есіл өзенінің арнасын тереңдету, түзеу және кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы ұзындығы – 18 шақырым. Жоба 2021 жылы басталып, 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, жеке сектор да өз үлесін қосып отыр. 2024 жылы «Казцинк» компаниясы Көкшетау қаласы аумағындағы Кылшақты өзенінің 4,3 шақырымын өз қаражаты есебінен тазартқан.
Су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қорғау мақсатында 43 елді мекенде жалпы ұзындығы 24,3 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері тұрғызылып, нығайтылған. Барлық нысандар қанағаттанарлық жағдайда және тасқын кезеңіне дайын.
Олжас Тұржанов алдағы вегетациялық кезеңге де тоқталып, барлық су пайдаланушыларды заңнама талаптарына сәйкес арнайы су пайдалану рұқсатын алдын ала алуға шақырды. Бұл қызмет тегін көрсетіледі, бірақ міндетті түрде рұқсат арқылы жүргізілуі тиіс.
2024 жылғы деректер бойынша Есіл бассейнінде суару үшін алынған судың нақты көлемі – 7,313 млн текше метр, суарылған жер көлемі – 11 675 гектар. Ал республикалық желі бойынша лимит – 38,7 млн текше метр және 18,4 мың гектар.
«Бұл көрсеткіштер суды ұтымды пайдалану, әсіресе климаттық өзгерістер жағдайында, қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», – деп түйіндеді бас инженер.