Қазақстанда дін және мемлекет қатынасы мен дін және құқық байланысы, зайырлылық төңірегіндегі мәселелер талқыланғанда екі түрлі қателікті байқауға болады. Біріншісі, бұрынғы кеңестік жүйе шеңберінде қалыптасқан түсініктен шыға алмай, зайырлылықты дінсіздік (атеизм) ұғымына балама түрде қолдану қателігі, екіншісі зайырлылық дегеніміз дінсіздік емес деп түсінетін, алайда оның қалай қолданыс табуынан, оның қағидаттарынан бейхабар, өзі ұстанатын діни мүддеге қарай бейімдеуге тырысу қателігі.

Бірінші мәселе бойынша қателік, негізінен, дін құбылысының қоғамдағы орны мен рөліне шынайы баға берілмеуінен, сабақтастықты дәстүрлі діни тәжірибеге сүйенген діни таным мен сенім түсінігінің негіздері мен ерекшеліктеріне мән бермеушіліктен, қоғамдағы діни ұстаным динамикасының артуы мәселесін назарға алмаудан, не болмаса халықтың діни жаңғыруы мен діндар азаматтардың санының күннен күнге артуынан қауіптену үрейінен туындап отыр. Ал екінші мәселеге қатысты, мемлекеттің діни плюрализм мен сенім бостандығына берген мүмкіншіліктерін бұрмалай отырып, басқа да мұсылман елдерімен салыстырмалы түрде діни ұстанымға қолайлы жағдай қалыптастыру, тіпті жекелеген топтар мен көзқарас өкілдерінің мемлекеттік, құқықтық қағидаттарды зайырлылық қағидаттарына қайшы деп санау арқылы толық өз діни қызығушылықтарына талпыныс жасау. Соңғы кездерде айтылып жүрген «Қазақстан, мұсылман мемлекеті болуы тиіс. Оны заңда көрсетуіміз керек» деген сынды пікірлердің астарында осындай талпыныс жатыр деуге болады.

Біздің елімізде дін, саясат, құқықтық негіз және зайырлылық ұстанымы қағидаттарының нақты анықтамасы жасалынбаған. Сол үшін де осы ұғымды адамдардың ішіндегі дүниетанымы айқындап келеді. Ал қоғамда көпшілік адамдар естіген ақпараттарына қарай ой айтады және солай қабылдайды. Олай болса, әлі де болса осы ұғымның қағидаттық қырын айқындау міндеті тұр. Бұл жалпы қоғамның әрбір саласындағы мемлекеттік талаптарды айқындауға көмектеседі.

Қазіргі Қазақстан қоғамының басынан кешіріп отырған кезеңін зайырлылық қағидаттардың орнығу кезеңі деп бағалауға болатын шығар. Олай болатыны, дін мен мемлекет қатынастарында әлі де айқындауды қажет ететін талаптар мен қағидаттар жетіп артылады. Тіпті кейбір кездері діннің қағидалары мен талаптарын мемлекеттің саясаты мен қағидаларына қарсы қою, болмаса діни үкім мен мемлекеттің ұстанымының арасында қалу сияқты ыңғайсыздықтар баршылық.

Зайырлы мемлекет ұғымының түп-тамыры діни құқық тұрғысынан адамсүйгіштік құқығын басшылыққа алуда жатыр. Адам және адамның өмірінің құндылығы ғасырлар тереңінен зайырлы және құқықтық мемлекет құруға деген талпынысты туындатты. Зайырлы мемлекет — діни наным-сенімді адам болмысына тән қажеттіліктердің бірі ретінде қарастырып, құқықтық нормаларды басшылыққа алады. Зайырлы мемлекетте діни құқық емес, адамның дінге деген құқығы әлеуметтік заңдылықтар шеңберінде қарастырылады. Мемлекеттің зайырлы немесе теократиялық үлгілерінің қайсысы дұрыс екендігі жайлы пікірталас туындағанда кейбір азаматтар зайырлы мемлекетте адам құқықтары басты орынға қойылатындығына көңіл аудармай жатады.

Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекеттік тіректерінің бірі — рухани тірегі болып қала бермек. Бүгінгі таңда еліміздің ішінде оңды-солды тіркеліп, діни үгіт-насихат жұмыстарын екпіндете жүргізіп жатқан әртүрлі діни бағыттағы бірлестіктер мен көптеген жат миссионерлердің істері — халқымыздың, ұлтымыздың келешек болмысына, ата дініміздің бекіп өркендеуіне деген алаңдатушылығын туғызып отыр. Еліміздегі бүгінгі діни ахуал жағдайында бұрынғы өлшеммен жұмыс істеуге болмайтыны белгілі ақиқат.

Зайырлы дегеніміз бұл — озық, толерантты, ашық қоғам. Зайырлы мемлекет дегеніміз — діни тап өкілдерінің мемлекет билігін тартып алуына жол берілмеуі. Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін заң шеңберінде реттеп отыратындықтан, ол дін субъектілерінен заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін заң шеңберінде жүзеге асыруын талап етеді.

Қорытындылай келе, зайырлы мемлекет ұғымының түп-тамыры діни құқық тұрғысынан адамсүйгіштік құқығын басшылыққа алуда жатыр. Адам және адамның өмірінің құндылығы ғасырлар тереңінен зайырлы және құқықтық мемлекет құруға деген талпынысты туындатты. Зайырлы мемлекет — діни наным-сенімді адам болмысына тән қажеттіліктердің бірі ретінде қарастырып, құқықтық нормаларды басшылыққа алады. Зайырлы мемлекетте діни құқық емес, адамның дінге деген құқығы әлеуметтік заңдылықтар шеңберінде қарастырылады. Мемлекеттің зайырлы немесе теократиялық үлгілерінің қайсысы дұрыс екендігі жайлы пікірталас туындағанда, кейбір азаматтар зайырлы мемлекетте адам құқықтары басты орынға қойылатындығына көңіл аудармай жатады. Құқықтық мемлекет құрудың маңыздылығы еліміздің барлық азаматтарының діни сеніміне қарамастан заң алдындағы теңдігінен көрінеді.

Сонымен қатар, мемлекет өз құрушыларының сенімі, мәдениеті мен болмыстық құндылықтарын әлеуметтік өмірдің жүйеленуінде негіз ретінде алуы тиіс. Олай болмаған жағдайда мемлекет құрушы элементтер әлеуметтік жүйеден таба алмаған құрылымды аңсаумен, мемлекетке қарсы топ құруға бет алады. Бұл — мемлекет, құндылық және саясат теорияларында бар тұжырым. Осы психология ескерілмесе, оның орнын мемлекеттен тыс сыртқы күштер алып қоюы ықтимал. Десе де келер күндерде кемшіліктер түзеліп, әлемдік деңгейдегі танымдық өлшемдердің барлығы жүзеге асады деп сенеді. Біз  де үміттенейік!

Хабзат ҚАСЕНҰЛЫАқмола облысы Дін істері басқармасының «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» КММ АНБ теолог

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA