Елде бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының отырысында осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз «бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды» дейміз. Әрине, бұл – дұрыс пайым. Бірақ бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі.

Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуныша, бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек.

«Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!», — деді Президент.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өтіп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA