Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» — деген болатын.
Тіл — дүниедегі жаратылыс құбылыстарының ең күрделісі, адамзат болмысының ең жұмбақ көрсеткіші, әлемдегі ең құнды рухани байлықтың көзі. Ол адамның ойлау, қабылдау, пайымдау, сөйлеу қасиеттерінің тұтастығымен ерекшеленеді. Тіл мен сөз — жер бетіндегі табиғат құбылыстарымен қатар жаратылған, тіршілікпен, адаммен егіз қаланған дүние кереметінің бірі.
Алаш қайраткерлерінің тіл туралы пікірлеріне зер салсақ, алаш зиялыларының бірі: «Тіл — ұлттық рух», — десе, екіншісі: «Көшбасшы болудың тірегі — тіл», енді бірі: «Тілсіз ұлт жоқ» немесе: «Тілді сақтау — рухани парыз», «Тіл — адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» — дейді. Осының бәрі тілдік руханияттың ұлт пен ел тәуелсіздігі жолындағы маңызын, алатын орнын айшықтайды.
Тілдік руханият — ұлттың, адамның ой-санасына, ішкі жан-дүниесіне, тәлім-танымына, әдет-әдебіне, білім-білігіне, мәдениетіне байланысты тіл арқылы көрініс табатын рухани байлықтар жиынтығы. Тілдік руханиятқа негізделген Алаш арыстарының концепциялары бүгінгі күннің көкейтесті мәселелерін қозғайды. Мәселен, «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды», — дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Көшбасшы болу қазақ тарихында хандар мен билердің халықты ұйыта білер шешендігімен, әділетті шешім шығара алар ой-парасатымен, қара қылды қақ жарар әділдігімен, батылдығымен өлшенген. Шешен болу үшін қазақтың тілін жетік білу керек. Әділетті болу үшін халықтың жай-күйін, тұрмыс-тіршілігін, сыртқы-ішкі жағдайын, сұранысын толық зерделеу қажет. Ұлттың, халықтың психологиясын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, өмір сүру ұстанымын ескере отырып, әрекет ету, шешім қабылдау — елдікті сақтау мен адамды қорғаудың кепілі болған. Осы критерийлердің барлығы тілдік руханияттың негізін қалайды.
ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері тіл мәселесін ұлт болашағымен, ұрпақ тәрбиесімен байланыстырып, ана тілінің дамуына ерекше көңіл бөлген. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Егер біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек» — дейді.
Мемлекеттік тіл де — елтаңба, әнұран, мемлекеттік ту секілді Қазақ мемлекетінің символы, елдігіміздің нышаны.
ҚР Конституциясының 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп бекітілген.
Ұқсас норма Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 4-бабында да көзделген. Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып бекітілді.
Тәуелсіздік алғалы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан нормативтік-құқықтық актілер, оны кешенді іске асыруға бағытталған бағдарламалар қабылданып, түрлі іс-шаралар атқарылуда. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, тіл мәдинетін одан әрі арттыру үшін жасалған қадамдар екені шүбәсіз.
Қолданыстағы мұндай құжаттардың бірі — 2019 жылғы 31 желтоқсанда бекітілген «Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы». Бағдарламаның мақсаты қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, жаңа латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.
Нәтижесінде қазақ тілінің ұлттық, мемлекеттік және этносаралық коммуникация тілі ретінде толыққанды қолданылуын қамтамасыз ететін іс-шаралар жүйесі жүзеге асырылады деп күтілуде.
Әрине, сот билігі — биліктің бір тармағы ретінде мемлекеттік тілді дамытуға мүдделі. Дегенмен, процестік заңнама талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі талап қою берілген тілде іске асырылады.
Сот саласында сот ісін жүргізу тілін белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабында, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабында, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 738-бабында нақты көрсетілген.
Жоғарыда айтылған заң нормаларына сай мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдiк және атқарушы органдар мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасауға міндетті. Осы жерде Ахмет Байтұрсынұлының «нәрсенің атын алмай, затын алып оқыту керек» деген қағидасы басшылыққа алынуы заңды.
«Ешкімге бағынбаған, тірі жанға жалынбаған, еркі өзінде, ерке жауынгер. Ержүрек, жігерлі, өзі көсем, серке еді. Ақкөңіл, ақжарқын, уағдашыл, айтқан сертке берік еді. «Бұл — кім?» — десеңіз, — Қазақ еді! Ендеше, өз жерімізде, өз елімізде ана тілімізді төрге шығарайық. Ол — бүгінгі аға буын, жастардың және келер ұрпақтың парызы.
Ж.Уәли,
Бурабай аудандық соты әкімшісінің бас маманы