Күз айы жарықтық жомарт мезгіл ғой. Соңғы аптада табиғат ананың мейірім нұры жерге мейлінше төгіліп, аспан мен жер кіндіктесіп өзара келісіп алғандай жайма-шуақ. Қыркүйектің басында аздап салқындық кіріп, төгіліп жаңбыр жауды. Жаз бойғы апталап ыстықтан әбден шөліркеп қалған дала дүр көтеріліп жер ана пүлішке малынып көктей жөнелді. Енді міне қазан айы босағадан аттап, құс қайтар мезгілде келді.

Халықаралық қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қазан айы, елімізде айрықша тойланып, ерекше реңмен атап өтіледі. Щучинск қаласындағы Жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар АХАТ бөлімінің ғимаратының мәжіліс залында сағат 10:00-де баяу сыңғырлап музыка ойнады. Өткен ХХ ғасырда балалық кезеңдерімен, беймарал балғын шақтары өткен балалар, қазіргі күні аға буын ретінде жастарға үлгі, барлық қариялар, ақ жаулықты әжелер жиналған мәжіліс залының іші гулей жөнелді. Бір-бірін көптен көрмеген көзітаныстар әңгіме дүкен құрып бір жасап қалысты.

Аудан әкімі Арай Садықов, аудандық мәслихат төрағасы Малика Нұрпанова, аудан әкімінің орынбасары Жангелді Төлегеновтер қатысқан салтанатты жиында, аудан әкімі Арай Серікбайұлы ауданымыздағы қарттарымызды Халықаралық қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған айлықтың ашылуы салтанатымен құттықтады.

  • Сонау қиын кезеңдерде, елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп барлық қиындықтарды еңсеріп, бел жазбастан қызмет қылдыңыздар, қарты бардың қазынасы бар демекші, сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында, бүгінгі шат-шадыман заманға жетіп, тәуелсіз ел болып, іргемізді кеңейтіп, қабырғамызды бүтіндеп, өшкенімізді жағып, сіздердің бойларыңыздағы асыл мінездеріңіз арқылы, бүгінгі ұрпақ тәлім — тәрбие алып, бақытты кезеңде өмір сүріп жатыр. Қариясын құрметтеген елдің азаматтары, сіздердің алдарыңызда біз басымызды иіп, айрықша құрмет қыламыз,-деді аудан басшысы.

Салтанатты жиында бір топ зейнеткерлерді аудан әкімінің атынан «Алғыс хатпен» марапаттады. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Қариялар ауданымыздың өнерпаздары шырқаған әннің қайырмасы қосылып, әнді нақышына келтіріп бірге айтып қошеметтерін аямады.

 «Бурабай-ақпарат»

Похожие записи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA