Құрметті оқырмандар! Жасы үлкен қарияларымыз! Сіздерді осы қуанышқа толы мерекелі де берекелі аймен құттықтаймын. Осыдан 32 жыл бұрын елімізде қазан айы «Халықаралық қарттар айы» деп бекіткен болатын. Биылғы қазан айы еліміз үшін, ең ұлық мерекеміз Республика күнімен сәйкес келіп отыр. Қос мерекені қариялар яғни аға буын айрықша қылып тойлап жатыр. Өткен ғасырда халқымыз өзінің атаулы мерекесі болмай, тәуелсіздігі жайлы жай аңсап, күрсініп қана қоятын-ды. Аллаға тәубе! Енді міне еркіндікке қол жеткізіп, тәуелсіздіктің нұрлы таңымен, шуағын, берекесін қатар көріп, отырмыз. Әсіресе ХХ ғасырдың шыжығы мен қызығын қатар көрген аға буын қазан айында өздерінің күш-қуаттары артып, мерекені тойлап, ерекше шабытта жүр.
Биылғы жылы 1 қазан күні Бурабай ауданы жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар АХАТ бөлімі ғимаратында еңбек ардагерлерімен, жасы сексеннен асқан қарияларға арнап арнайы сый-құрмет көрсетті. Осы керемет кеште аудан әкімі Арай Садықов қатысып, бурабайлық қарияларды төл мерекелерімен құттықтап, жүрек жарды лебізімен бөлісті. Аудан әкімін бірінше рет көріп, білімі мен парасаттылығына риза болдық. Ақ батамызды бердік. «Жас келсе, іске» демекші, жас әкім ауданымызды көтеріп, экономикасын жоғарылатып, өзінің ісімен, біліктілігімен курорттық аймақты одан әрі дамыта түседі деген ойдаймыз. Аудан әкімі Арай Серікбайұлы, бірқатар қарияларды «Алғыс хатпен» марапаттап, жиналған қарияларды мерекелерімен құттықтады. Ел басқару оңай шаруа емес. Ақжол тілеп, алғысымды айтайын деп отыр едім. Енді сол тілегімді газет бетіне жазып отырмын.
Сіз келдіңіз ауданға басшы болып,
Жақсарсыншы ауданым ортам толып.
«Жас келсе, іске» деген атам қазақ,
Бас бәйгеде, қашанда атың озып.
Жасқартып ауданымды, қаламды да,
Гүлденсін, елім, жерім далам мына.
Абылайға қоныс болған Бурабайдың,
Нұр жаусын, шуақтанып аспанында!
Осы аналық ақ тілегімді аудан басшысы қабыл алар деп ойлаймын.
Ойды-ой қозғайды деген рас. Қазан айында ауданымыздың орталығынан басталған тамаша үрдіс, жалғасын тауып жатыр. Әсіресе, елді-мекендерде. Елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, болашақтың кем жеріне кірпіш қалаған, аға буынның еңбегін бүгінгі ұрпақ қайтып ұмытсын?! Жыл сайын осы қазан айында Наурызбай батыр ауылының іскер азаматтары мен Зеленобор округінің әкімдікі естен шығармай атап өтеді. Биыл тағы сол салып кеткен игілікті ізбен Наурызбай батыр ауылында 60 пен 90 жас аралығындағы қарияларымызға арнап арнайы ас беріліп, ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Қазан айының 12 жұлдызы күні мектепте аталып өткен мерекеге, ауыл мектебінің оқушылары ән айтып, би билеп, кештің көрігін қыздыра түсті. Округ әкімі Мади Баженов қазыналы қарттарымызды төл мерекелерімен құттықтап, аға буынның еңбегін ескеріп, осындай бейбітке жеткізуге ат салысқандықтарына алғысын айтып, өзінің атынан «Алғыс хат» гүл шоқтарын сыйлап, барлық зейнеткерлерге сыйлықтар табыс етті. Осы мерекенің әсерлі өтуіне ат салысып, жүгіріп жүрген ардагерлер төрайымы Хұсни Мұхамедина мен әкімдік қызметкері,жас болса да, өз ісінің білгір маманы Мақпал Батыроваға алғысымызды айтамыз.
Ақ дастархан басына жиналған наурызбайлық қариялар өткен шақтарын еске алып, бір жасап қалды. Осындай мерекелік шараны ұйымдастыруына ат салысқан Д. Есімов, С. Қасымов, К. Боговик, А. Есімов, Қ. Есімовтерге де мың да бір рахмет! Тағы да бір айта кететін айрықша жан, К. Боговик биылғы жылы жергілікті қариялардың отын-көмірін түсіртіп беріп көмек көрсетті. Мен өз басым, Наурызбай батыр ауылында зейнеткерлікке шыққаннан кейін, қол қусырып отырмай, күні бүгінге дейін қамқоршы, тілеуқор болып, ақыл-кеңесімді беріп, қолымнан келгенше жәрдемдесіп жатамын. Ауылымның тұрғындары «апа-тәте» деп сыйлап құрметтейді. Көптен-көп рахмет! Мерекеден-мереке жетіп аман болайық. Келе жатқан айтулы мереке, басты тұғырымыз Республика күні құтты болсын!
Президентіміз Қ. Тоқаевтың саясатын қолдап, әрқашан тілекші болып отырамын. Ауданымызда шығатын «Бурабай» газетін үзбей оқып, қолымыннан тастамаймын. Қашанда қазақы танымдағы, парасатты жақсы тұшымды дүниелерді жариялап жатады. «Бурабай» газеті жарық көрген күннен бастап шығармашылық ұжыммен бір үйдің баласындай болып араласып, өзімнің ауылым туралы, ардагерлеріміз жайлы жиі жазып, құттықтап отырамын. «Бурабай» басылымы жасай берсін! Жазылым саны арта берсін!

Күлкаш Шағатова,
Еңбек ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA