Елу жылда ел жаңа демекші, тарихы жүз жылдан асып кеткен Щучинск қаласындағы Жоғары орманшаруашылығы және туризм колледжіне -125 жыл толып отыр. Алғаш Омбы қаласынан келіп жиырма жігіт орманшы кәсібін оқып бастайды. Патшаның жарлығымен ашылған оқу орнының директоры Василий Шингарёв тағайындалады. 1906 жылы ашылған техникумның сол кездегі бастап,қаншама түлек қанат қақты. Мыңдаған түлектің білім алуына мұрындық болған оқу орталығы жыл өткен сайын, кәсіби мамандарды дайындап жатыр. Жалпы бағыты ауылшаруашылық саласы бойынша. Өткен аптада аталмыш колледж өзінің жүз жиырма бес жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Алдымен ішіне түрлі көне жәдігерлермен толықтырылған мұражайдың ашылуы салтанатынан басталды. Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин, Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов қатысып, тарихы тереңде жатқан колледждің мерейтойымен құттықтады. Шоқан Оразалин Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың атынан колледж басшысына 4 миллион теңге сертификат табыс етті. Колледж директоры Азамат Қожақовпен сұхбаттастық.

— Азамат Маратұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған колледждің аты барлық елімізге мәлім. Бұл жерден ауылшаруашылық саласының бесаспап мамандарын даярлап оқытасыздар, негізгі бағыт орманшаруашылығы ғана ма?

— Жалғыз орманшаруашылығы ғана емес, бұл жерде ауылшаруашылығына ғана емес, кәсіптік білім береміз ағаш шебері, ғимараттар мен құрылыстарды салу, техник-құрылысшы, ауылшаруашылығын механикаландыру, өндіріс саласының мамандары, орман шебері, қолданбалы экология және табиғатты қорғау мамандарын әзірлеп шығарамыз. Әу баста патшалық империяның тұсында іргетасы қаланған оқу ордасы ғой. Содан бері қос ғасырды артқа тастап, жаһандану кезеңіне өттік. Уақыт алға жүрген сайын, қандай ғылым болса да, өзінің бір қырынан танылып, жаңаша бағытпен өзінің қадамына болашағына көңіл дүрбісін салып, бағдарлай бастайды.

— Азамат Маратұлы, жалпы қазіргі уақытта ауылшаруашылық саласының жай-күйі өзімізге белгілі, баяғыда білікті механизаторларды әзірлеп шығарып, оларды ауылдық жерлерге жіберіп жататын оқу ордасы ғой, қазіргі таңда бұл жағы қалай?

— Әрине, аграрлық саланы бірден дәрежесін төмендетуге болмас. Әлі де ірі шаруашылық орталықтары бар. Ауылшаруашылығына арналған техникалардың тілі біз бен сіз көргендей емес өзгерген. Кәсіби мамандарды дайындағанда, біздің студенттеріміз сол техниканың тілін біліп барады.

— Енді әңгімемізге қайта оралайық, мұражай ашылып жатыр. Құтты болсын! Сонау 1895 жылы ашылған оқу ордасының алғашқы ғимараты осы жерде болған. Табиғаты сұлу, көз тартатын көркемділігі басым, тоғыз жолдың торабында тұрған қаламыздағы ең көне білім ордасынан қалған жәдігер, ол бүгін тұсауы кесіліп ашылып отырған мұражай, сол кезден қалған жалғыз көз десекте болады. Осыншама ұлағатты ой, пікір қалай басталды?

— Себепсіз дүние бола ма? Мұражай ашу оңай болған жоқ. Сонау ХХ ғасырдың басынан бастап, үйдегі ескі дүниелерді осы жерде қызмет атқарған, білім берген ұстаздардың үйлерінен және өзіміздің қолда бар дүниеден жинақтап аштық. Бірер айдың шамасында ішіне күрделі жөндеу жүргізіп, уақыт талабына сай жасақтап, әзірледік. Міне… іздене білгенге қандай қиындық болса да, тосқауыл болмайды екен. Сол тосқауылдан өтіп, мұражайымызға алғашқы студенттер мен басшыларын, ХХ ғасырдың ортасында басшылардың қолжазбаларын, архивтік мұрағаттарды толтырып аштық. Сізге бір қызық айтайын 1933 жылы латын әлібиімен жазылған ғылыми қалың кітаптар қойылды. Негізгі бағыты сол кезде орманшы мамандықтарын оқытатын болғандықтан ара, балта, тіпті самауырға дейін қойып ішін безендірдік.

— Мұражай болған соң келіп, ішін аралап, қараймын дегендер болады ғой, оларға көрсетесіздер ме?

— Әрине, қазірдің өзінде осы қаламыздағы мектеп басшылары хабарласып, оқушыларымызды жіберейік деп жатыр. Бұл бастамасы ғой. Ақырындап мұражайымыздың ішін толықтыра түсеміз. Бір айта кететініміз жалпы республикамыз бойынша тарихы әріде жатқан, іргелі оқу ордасының бірі біздің колледжіміз екендігін көпшіліктің есіне салайын.

— Қазіргі күні қанша студент білім алып жатыр?

— 651 студент білім алып жатыр. 34 мұғалім, төрт шеберіміз бар. Барлық ұстаздарымыз жоғары білімді, өз істерінің кәсіби мамандардары. Сонымен қатар, біздің өңір орманды алқап болған соң, облысымыз бойынша және басқа облыстардан бар, балалар орта білімін алған соң, біздің колледжден түрлі бағытта білім алып, еліміздің әр өңірінде қызмет атқарып жатқандығын мақтанышпен айтқым келеді.

— Азамат Маратұлы, өзіңіз басқарып отырған атаулы білім ордасының айтулы мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Шығармашылық табыс тілейміз.

— Рақмет!..

Сұхбаттан кейін арнайы мұражай ішіне бас сұқтық. «Уақытты байланыстыратын асыл мұра» деген жазудың өзінде үлкен мән жатыр. Расында да, мұражайдың ішінде түрлі көне жәдігерлер, архивтік құжаттар сақталған екен. Қысқаша тарихы 1895 жылы патшаның жарлығымен негізгі құжаты дайындалып арнайы шешімі шығып, Щучинск қаласынан ашылған оқу ордасында тек орманшыларды оқытып, әзірлейтін білім ордасы болады. Арнайы орманшының киіміне дейін дайындалып, алғашқы қарлығаштары Омбы қаласынан келіп білім алады. Әр жылдары еңбек еткен басшылардың суреттерімен толықтырылған мұражайды аралап сүйсіндік.

Ғасырдан астам уақыт тұрса да, қарағайдан салынған мұражайды тіпті сонау ертеде ашылған деп айта алмайсың, уақыт ешбір жеріне сызат түсірмегендей, іші жарқырап, жайнап тұр.

Өткен шаққа оралып, әсерлі кино көргендей болып аттандық. Ғасырдан асқан, ең айтулы мерекелі де, берекелі тойларыңыз құтты болсын! Жоғары орманшаруашылығы және туризм колледжі!

 Ж. Оспанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA