Бурабай ауданына қарасты, Мәдениет ауылының 320 балаға арналған мектеп 1980 жылы салынған. Екі қабатты, жалпы көлемі 2159 м. 2006 жылы 31 мамыр күні мектепке профессор Есмағамбет Ысмайыловтың аты берілді.
Бір дем әрі, бір дем бері уақыттан бері, өзінің қазақи қалпын сақтап қалған ауылдың бірі Мәдениет ауылы. Бурабайдың күншығыс жағынан орын тепкен ауылдың тарихы да тым тереңде. Жарықтық айналасы ну орманға сыңсып толған, шалқар көлі, бұлымды белесі, бұрымды қарағайға бай ауылдан талай-талай мықтылар мен тектілер шыққан, дегдар ауыл десек те болады.
Мәдениет ауылының мектебіне жүз жыл толып жатыр деген соң, асыға жеттік. Мектептің айналасы толған көлік. Абыр-сабыр халық. Мәдениеттіктер білім ордасына қарай асығып келе жатыр. Ұлан-асыр той. Тойдың болғанынан да, болады дегені қызық демекші, бәрінің көңілі көтеріңкі. Табиғат ана да сол күні айрықша маужырап, өзінің әдемі реңінен айрылғысы келмегендей аспан алабұлттанып, шығыстан ақырын салқын жел соғып, қасиетті Көкшенің ұшар басы ақ шәлі жамылған келіншектей, мұнартып тұр.
Мектеп ішіне бас сұқтық. Ауылдың кимешек киген әжелері қонақтарды шашу шашып, әнмен қарсы алып жатыр. Тойдың сәні мен салтанаты ән мен күй, ат жарыс, балуан күресі ғой. Әрине, ат жарысы болмаса да, боз кілемде белдесіп жататын балуандардың дайындығы да ерекше, ауданымызға қарасты біраз ауылдардан аудан, облыс, республикаға барып, боз кілемде күш сынасып бағы мен бабы келіп, жұлдызы жанған жас балуандар ерекше шабытты екен. Ауыл ақсақалы Сатыбалды атамыз, балуандарға ақ батасын берсе, осы ауылдан түлеп ұшқан Ғалымжан Әбдіқалықов ауыл мектебінің тарихы жайлы қысқаша баяндап, жас балуандарға сәттілік тіледі.
Жоғарғы қабатқа көтерілдік. Бір ғажабы Мәдениет ауылының мұражайы ауданымыздағы ең бай мұражай деуге болады. Атам заманнан бергі көне жәдігерлермен толықтырылған мұражайдың ішінде, осы ауылдан түлеп ұшып, қазіргі күні кең-байтақ еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүрген жастардан бастап, аға буынның барлығының суреттері мен қысқаша өмірбаяны орналасқан. Иә, кезінде қазақ әдебиетінің дамуына, оның жандануына ат салысқан белгілі ғалым Е. Ысмайылов атындағы мектеп екендігін көпшіліктің есіне сала кетейік. Жарықтық Есмағамбет Ысмайылов көзі тірісінде жоғары қызметтерде істеп, қазақтан шыққан классиктармен иық тіресіп, еңбек еткен халқымыздың біртуар мақтанышы, әрі біртуар ұлы екендігін баршаңыз айтпаса да білесіздер!..
Мәдениет ауылынан түлеп ұшқан, білім ордасының шәкірттері мен ауыл тұрғындары, жиналғандардың назары сахнаға ауды. «Ғасырлық тарихы бар қара шаңырақ» деген атаумен мерекелік тойдың сахнасы ашылды. Біржан Хамзин С. Сейфуллиннің әнімен той түндігін ашып берген соң, Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовқа сөз берілді.
— Білім ордасының ғасырлық тойы құтты болсын!.. Ел боламын десең бесігіңді түзе демекші, ауданымызға қарасты ауылдардың ішінде қазақи қалпын сақтап, өзінің мәдени түсінік-танымына селкеу түсірмеген жері шұрайлы, табиғаты бай ауылдың мектебіне — 100 жыл толып отыр. Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа демекші, қасиетті білім ордасы ғасыр жасына толып отыр. Жүз жыл бойы мыңдаған шәкіртке білім беріп, мыңдаған шәкірт қанат қаққан киелі білім ордасының ұлы тойы құтты болсын!.. Қасиетті қара шаңырақтарыңыз одан әрі жайнап, жайқала берсін,-деп тілегімен бөлісіп, Е. Ысмайылов атындағы мектепке робототехника сыныбын ашуға, оның ішін толыққанды жабдықтауға арналған сертификат ұсынды.
«Мектеп рухани өркениеттің ошағы» атты мазмұнды баяндамамен Е.Ысмайылов атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Үмітжан Игубаева арғы-бергі тарихқа шолу жасап, жиналғандардың көңілін ұтты.
Мектеп директоры Дина Қалиева жүз жылдық тарихы бар мектептен түлеп ұшқан шәкірттердің, бұның ішінде елге танымал азаматтардың шыққандығын, қазіргі ауыл мектебінің жаңа уақытқа сай білім беру бағдарламасы жайлы кеңінен толғанып «Мектебім — алтын ұям» атты баяндамасымен бөлісті.
«Қалдырған ізің мәңгілік» деген атаумен қонақтардың құттықтау тілектерін арнайы экраннан көрсетіп, баяндалды.
1974-1980 жылдары осы мектепте басшылық қызмет атқарған Сансызбай Балтабеков сол жылдары Мәдениет ауылы мектебінің дамып, қалыптасуы жайында қызықты баяндамасымен бөлісіп, өзімен бірге еңбек еткен білім бағбандары жайлы терең толғанып, өткен шақты еске алды.
1980-1982 жылдары мектеп директоры болған Майра Кельдиярова сонау кеңестік уақытта өзінің әдеп-ғұрпынан, салты мен санасынан, рухани болмысынан ажырап қалмай ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып келе жатқан, қасиетті қара шаңырақтың бүгінгі күнге, тәуелсіздігін алып, жеке ел болып, мемлекет болып отырған дербес елімізге жетіп, одан әрі талай-талай сайдың тасындай шәкірттерді тәрбиелеп жатқандығына ризашылық білдіріп, ұлы мерейтойымен құттықтады.
1982-1993 жылдары Е. Ысмайылов атындағы мектепті басқарып, жылымық уақыттан тәуелсіздіктің айрықша таңын өзінің шәкірттерімен бірге қарсы алған Мағауия Нұғыманов ақсақалға салтанатты түрде сөз берілді.
— Елдің бірлігі, бидің білігі депті данышпан аталарымыз, не болмаса елдің сәні ұстазына қарап өскен шәкірті деген де сөз бар. Осы ауылда еңбек етіп жүрген кезімде, біздің алдымыздан талай-талай мықты оқушылар шықты. Олардың болмысы, олардың білімі, кісілігі мен кішілігі бір төбе еді. Міне, өзім бір жылдары еңбек еткен қасиетті білім ордасына — 100 жыл толып отыр. Жарықтық Е. Ысмайыловтың рухы шат болсын!.. Есағаң, менің әкеме ұстаз болған екен. Осы мектепке директор болып келерде, әкем марқұм «ол менің ұстазым болған, атына кір келтірмей, елмен ел болып, мектептің өсуіне, өркендеуіне бар күш-жігеріңді сал!-деп еді. Иә, он бір жыл осы жерде қызмет атқардым. Кіндігімнің қаны тамған ауылым болмаса да, мәдениеттіктердің адамгершіліктерінің, кішіпейілділігінің арқасында осы ауылдың тумасындай болдым. Қызық пен қуанышын тең бөлісіп, тектілердің табанының ізі қалған, жазушыға шабыт, ақынға сезім сыйлаған көзтартар көркем ауылдың табиғаты қандай реңді болса, адамдары да сондай тату-тәтті, бірлікте тұрған ауыл,-деді қарт ұстаз.
Иә, осы тойдың өтуіне демеуші болған бір топ мәдениеттік азаматтарға мектеп әкімшілігі «Алғыс хат» табыс етсе, осы мектепте кезінде еңбек еткен зейнеткер-ұстаз Әлия Нұғымановаға Қазақстан Республикасы Білім Министрінің атынан «Алғыс хат» табысталып, ауылдың демеуші азаматтары қарт ұстаздарға сыйлық пен қазақтың сонау заманнан келе жатқан ізгі жолымен шапан жапты.
Бурабай ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алтынай Ахмеджанова мектептің ғасырлық тойымен құттықтап, бағалы сыйлығын табыс етті.
Қазіргі күні мектепте мұражай, жаңа үлгідегі физика кабинеті, «Әкелер клубы», «Әжелер клубы», «Асыл әжелер» тобы, түрлі үйірмесі жұмыс істеп тұр, этно-ауыл, кітапхана, спортзал, асхана, сонымен қатар мектеп жанындағы «Айналайын» толық күнді шағын орталығы да жұмыс істеуде.
Балуандар күресі қызу жүріп жатыр. Ауданымыз бойынша келген балуандар боз кілемде белдесіп, бас бәйгені қалай да жеңіп аламыз деп ақ тер, көк тер болып жатыр. Қиқулап шабыт берушілер де қызықтап, көрермен болушылар да көп. Жеңімпаздарға сый-құрмет көрсетіліп, марапатқа ие болды.
Жан-жақтан ауылдық мектептің 100 жылдық мерейтойына арнайы келген мәдениеттіктер көтеріңкі көңілмен тарқасты.
Ауыл дәмханасында арнайы ақ дастархан жайылып, меймандарға ас берілді.
Ж. Оспанов