Ауданымыздың тағы да байрағы желбіреп тоғызқұмалақ ойынына қатысқан спортшылар жүлделі оралды. Әрине, тоғызқұмалақ ойыны қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Көненің көзіндей болған бұл ойынның 4 мың жылдық тарихы бар дейді зерттеушілер. Тоғызқұмалақ қазақтың ерте заманынан келе жатқан ұлттық спорт ойыны болғанымен, оны қырғыздар, қарақалпақтар, алтайлықтар да ойнайды екен. Алайда қазақтың тоғыз құмалақ ойыны тіпті кемелденген және дамыған.
Тоғызқұмалақ ойыны қазақ даласында, кең тараған. Өйткені, Қазақстанның бірнеше облысында табылған археологиялық қазбалар осындай ойға жетелейді. Бұл ойынды қазақтың ұлы ойшылдары А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, М. Әуезовтер ойнаған. Қазіргі таңда Бурабай ауданы бойынша тоғыз құмалақ ойыны аса қатты назарға алынып, оқушылардың қызығушылығы артып келеді. Өткенде 25-29 қаңтар аралығында Көкшетау қаласында тоғызқұмалақтан (классика, блиц) ересекте арасында облыс чемпионаты болып өтті. Біздің Бурабай ауданының ойыншылары 8 медальді оза шауып ұтып алды. Атап айтар болсақ: Мұрат Жансая – классикадан 1-орын, блиц – 2-орын, Мұрат Айдана классикадан 2-орын, блиц 3-орын, Башан Дариға блицтен 1-орын, Абиева Ханшайым классикадан 3-орын, блиц 3-орын, Нұрғалиев Нұрәмір классика 3-орынды жеңіп, ауданымыздың мерейін өсіріп қайтты. Салауатты өмір салтын насихаттау барысында Бурабай ауданы әрдайым алдыңғы орыннан табылып отырғандығын еске саламыз.
Жеңімпаз болып елге оралған спортшылардың жаттықтырушысы Жұматай Әбілқасов екендігін көпшіліктің есіне саламыз. «Жастарды спортқа бейімдеу, әрбір аға буынның басты парызы,-дейді Жұматай Әбілқасов. Өйткені, жаман әдеттерден аулақ болған жасөспірім өзінің бойындағы қасиеттерін келешек ұрпаққа жалғастырып, сабақтастырады. Білгенімізді жастарға үйретіп, талпындырып жатырмыз. Бұл болашақ үшін жасалып жатқан игілікті істің бастамасы екендігін ел түсінгені абзал,-деп ойын түйіндеді жаттықтырушы.
«Бурабай-ақпарат»