Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта ахуал әлі де өте күрделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бес аймақта, яғни Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін. Қалған алты облыста, атап айтқанда, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Абай, Павлодар, Ұлытауда жағдай тұрақтала бастаған.

Мемлекет басшысы адамдарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек беру қазіргі басты міндет екеніне назар аударды.

Президент өзінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік материалдық резервтен арнаулы техника және басқа да жабдықтар алуға рұқсат етілгенін айтты.

— Мен шығынды өтеу үшін тиімді тәсілдер қарастыру туралы нақты тапсырма бердім. Бұл мақсатқа бюджет қаражатымен қатар «Қазақстан халқына» қоры мен ірі бизнес өкілдері бөлген қаржы жұмсалады. Сондай-ақ тағы бір өте маңызды мәселе. Бұл — су басқан аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал. Жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажет. Көктемгі егіс науқанына да дайындалу керек. Су астында қалған елді мекендерде ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеу қажет. Менің тапсырмаммен Үкімет басшысы және оның орынбасарлары қазір аймақтарда жүр. Олар жағдай тұрақталғанша барлық жұмысты үйлестіреді, елмен бірге болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы табиғи апаттан зардап шеккен аймақтардағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін айрықша бақылауда ұстау және бағаның өсуіне жол бермеу қажет екеніне тағы да назар аударды. Сондай-ақ азаматтар үшін әуе және темір жол көліктеріне билеттің қымбаттауына жол беруге болмайтынын ескертті.

— Үкімет пен әкімдіктер зардап шеккен адамдарды орналастыру, оларға қажетті көмек беру мәселелерін тез арада шешуге тиіс. Қазір бұл жұмыстар атқарылып жатыр. Эвакуациялық пункттердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау керек. Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету пункттерін жедел ұйымдастыру қажет. Айтпақшы, жоғалған құжаттар да проблема болады. Адамдар үйлерін асығыс тастап кетті. Құжаттарын қалпына келтіруге көмектесу керек. Жағдай өте күрделі аудандарда қоғамдық штабтар орналастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілсін, — деді Президент.

Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтіп, тәулік бойы мониторинг жүргізу, сондай-ақ көппәтерлі үйлерге, әлеуметтік және басқа да нысандарға дезинфекция жасау жөнінде тапсырма берілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA