Құрметті қазақстандықтар!

Жуық арада біздің алдымызда мемлекет үшін өмірлік маңызы бар мәселе – Қазақстанда алғашқы атом энергетикалық станциясын (АЭС) салу бойынша шешім қабылдау міндеті тұр. Біз – Қазақстан Халық партиясы, сіздерді еліміздің болашағына, оның дамуы мен әл-ауқатына тікелей ықпал ететін бұл шешімді ақылға қонымды түрде әрі жан-жақты саралай отырып қабылдауға шақырамыз.

Бүгінде елімізде ЖЭО-дағы апаттар жиілеп, жылу станциялары жабдықтарының әбден тозығы жеткен, оған қоса бірнеше өңірдің электр энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отырғаны бәрімізге мәлім. Біздің континенттік климатымыз күн және жел қондырғылары арқылы қажетті энергияны өндіруге қолайсыз. Сәйкесінше, Республика электр қуатын көршілес елдерден сатып алуға, яғни, импорттауға мәжбүр болып отыр.

Бізге мұра болып қалған еліміздің энергетикалық ресурсы қазіргі таңда физикалық тұрғыдан сарқылып келеді. Осы ретте мынадай маңызды сұрақтар туындайды: Біз өскелең ұрпаққа нені мұра етіп қалдырамыз? Ескірген қазандық қондырғыларын ба? Күл үйінділері мен ластанған ауаны ма? Әлде, көршілес елдердің алдындағы электр энергиясының өтелмеген қарыздарын ба?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өте маңызды әрі ұтымды шешім қабылдай отырып, АЭС салу мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынды. Енді халқымыз өз тағдыры мен болашағы үшін өзі таңдау жасауы тиіс. Біз қандай ел боламыз? Электр энергиясы үшін көршісіне тәуелді ел боламыз ба? Әлде өзін-өзі қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологияларды тиімді қолданатын, энергетикалық тұрғыда тәуелсіз мемлекетке айналамыз ба?

АЭС салу бойынша Референдум өткізу маңызды экономикалық ғана емес, сонымен қатар ауқымды саяси қадам болып та саналады. Жаңа Қазақстанның қағидаттары мен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» стратегиясы билік пен халықты біріктіруге бағытталған. Демек, аталған мәселе бойынша соңғы шешімді бірге қабылдаймыз.

Ал Қазақстан Халық партиясы осындай ауқымды шараға өз үлесін қосып, қазақстандықтардың ел болашағы үшін ұтымды әрі оңтайлы таңдау жасауына бағытталған қажетті ұйымдастырушылық, ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын.

АЭС құрылысы Қазақстанды халықаралық деңгейге шығарады. Былтыр Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) сарапшылар миссиясы мен ҚР Үкіметі арасында 2023-2028 жылдарға арналған елдік негіздемелік бағдарламаға (Country Programme framework) қол қойылды. Қазақстанның өзінің алғашқы атом электр станциясын салуды жоспарлап отырған ел ретіндегі мәртебесін ескере отырып, жоба МАГАТЭ және атом электр станцияларын пайдаланатын ұйымдардың Дүниежүзілік қауымдастығы (АЭС ДҚ) тарапынан қатаң халықаралық бақылауда болады.

Алдағы уақытта Қазақстан атом энергетикасы бойынша өз мамандарының мектебін құруы тиіс. Бұл жолда бізге Батыс Еуропа, Қытай, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея және Жапония елдерінің табысты тәжірибесі негіз бола алады. Ал Қазақстанда уран шикізатының өзіндік қоры және оны отынға қайта өңдеу технологиясының бар екенін ескерсек, бейбіт атомның біздің елімізде болашағы зор.

Алдымен, біздің қоғам радиофобиядан арылуы керек! Тұтас бір өңір тұрғындары қатты зардап шеккен Семей полигонының қасіретін ешкім жоққа шығармайды. Алайда, әскери қару-жарақ эксперименттері мен дәлелденген технологияларды бейбіт мақсатта пайдаланудың арасындағы айырмашылық жер мен көктей! Чернобыль және Фукусима атом электр станцияларының тағдырын меңзеп, АЭС-ті қауіпті деп тану да орынсыз. Қазір әлемде 200-ге жуық атом станциясы жұмыс істейді, оның құрамына 400-ден астам энергоблок кіреді. Жарты ғасырға жуық уақыт бұрын құрылған екі станцияда үлкен апат болғаны рас. Бірақ оған негізінен ескірген технология мен адами фактор себеп болды. Ал біз әлі де қорқамыз!

Бүгінде әлемнің әртүрлі елінде елуден астам атом энергоблоктар салынуда. Егер шынымен де қолайсыз әрі қауіпті болса, оларды ешкім салмас еді. Қазақстандықтар осы фактіге де мән беруі тиіс!

Соңғы шешім күзде, ұлттық референдумда қабылданады. Шешімді біз бәріміз, тұтас Қазақстан халқы қабылдайды. Оған және оның алдағы салдарына біз және біздің балаларымыз жауапты боламыз. Осы ретте халқымыз өзінің ең асыл қасиеттерін – патриотизм, азаматтық сана, рационализм және объективтілік танытуы тиіс.

Өткен шақты ойлап, қорқынышпен өмір сүруді доғаруымыз керек! Саяси инфантилизмнен арылатын уақыты келді! Біз келешек ұрпаққа энергетикалық егемендік пен тәуелсіздікке кепілдік беріп, оларды жылумен және жарықпен қамтамасыз ете отырып, лайықты мұра қалдыруға тиіспіз! АЭС Қазақстанға қажет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA


Вы пропустили

Выставки декоративно-прикладного искусства организовали на участках Аршалынского района

Выставки декоративно-прикладного искусства организовали на участках Аршалынского района